17.07.2025, 17:45
Оқылды: 91

Жергілікті кәсіпорындардың ұмтылысы қуантады

«Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС – өңірдегі темірбетон бұйымдарын өндіретін іргелі зауыт. Серіктестіктің бас директоры Юрий Никулицаның айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылармен әріптестік байланыс мығым. Жергілікті қамтудағы өндірістің үлесі де зор. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын дамытуға ықпалын тигізеді. «2021 жылдан бері «ҚПО б. в.» компаниясымен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз.

Жп Орал

Өткен жыл бедерінде 15000 бірлік өнім шығарып, өндірістік әлеуетіміздің жоғары қарқынын көрсеттік. Жер қойнауын пайдаланушымен әріптестік аясында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алдық. Өткен жылдың өзінде 30 жаңа жұмыс орны ұсынылды. Сонымен қатар технологиялық жабдықтар жаңартылды. Осының нәтижесінде кәсіпорынның өнім қуаттылығы 50%-ға өсті», – деді бас директор Қарашығанақ жобасындағы жергілікті қамту үлесін  дамытуды  талқылаған форумда.

Оралдағы «Азот зауыты» ЖШС еліміздегі мұнай-газ сервисі саласындағы көшбасшы компаниялардың бірі саналады. Оның жергілікті қамтудағы үлесі 100%-ды құрайды. Кәсіпорын қауіпсіз әрі сапалы технологиялардың арқасында мұнай-газ саласының жоғары талаптарына сай келетін жобаларды  табысты  жүзеге  асыруда.

– Біздің компания жобаларды техникалық сараптамадан өткізуден бастап, толықтай жүзеге асырғанға дейін қолдау көрсетеді. «ҚПО б. в.» компаниясымен арадағы әріптестік ұзақ жылға созылып келеді. Зауыт осы байланыс аясында түрлі қызмет көрсетеді. Соның ішінде өндіріске қажетті сұйық азот, оттегі баллондарын жеткіземіз. Жергілікті мамандардың күшімен Қарашығанақ кен орнындағы нысанда алғаш болып күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгенімізді үлкен жетістік деп білеміз. Өйткені мұның өзі біздің мамандарымыздың білім-біліктілігінің жоғары екенін көрсетті. Қашаған кен орнындағы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В.» (NCOC) компаниясының тапсырысымен күрделі жөндеу жүргізген алғашқы кәсіпорын болғанымызды ел-жұрт біледі. Осы жоба мұнай-газ саласындағы қазақстандық сараптаманың көш соңында қалмайтынын айқын аңғартты. Осының өзі жергілікті қамтуды дамытудағы маңызды қадам болды, – деді «Азот зауыты» ЖШС-ның директоры Максим  Ермолаев.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да мұнай мен газды, күрделі металл құрамаларын өндіру, өңдеу, тасымалдау және жоғары технологиялық жабдықтарды әзірлеу және өндіру ісін сәтімен жүзеге асыруда. Кәсіпорын «General Electric» компаниясының газ турбинасы, сорғы және компрессорлық технологиялар және құбыр арматурасы (клапандар, ысырмалар, фланецтер) өндірісі бойынша «Cameron» компаниясының стратегиялық серіктесі болып табылады.

– Зауыттың негізгі жұмыс бағытына келсек, мұнай-газ жабдықтары өндіріледі. Мұнай жылытатын пештер, сыйымдылықтар, түрлі сепараторлар, жылыту құрылғыларын шығарамыз. Мұндай жабдықтар құбырдағы мұнайдың қысты күндері қатып қалуының алдын алады. Сонымен қатар газ айдау агрегаттарына жөндеу жүргізіледі. Кәсіпорынның күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізуде тәжірибесі мол, білікті мамандары мен қажетті озық жабдықтары баршылық. Компаниямыз кезінде Оралдағы газтурбина стансасының жобасын жасақтап, құрылысын салып, нысанды іске қосты. Станса әлі күнге жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсетуде, – дейді аталған акционерлік қоғамның маркетинг бойынша директоры Эльвира  Петрушина.

Қазіргі кезде кәсіпорында Орта Азия бойынша ешбір өндіріс орнында пайдаланылмайтын технология енгізілген. Бұл – газтурбиналық қозғалтқыш бөлшектеріне керамикалық ыстыққа төзімді жабынды жағу технологиясы. Аталған үрдіс жоғары жылдамдықпен ұнтақты бүрку әдісімен жасалады.

Мұндай ыстыққа төзімді жабын бөлшектердің  тозуын қысқартып,  қызмет ету мерзімін ұзартады.

Жер қойнауын пайдаланушылармен әріптестік орнатқан оралдық компаниялардың өрге  ұмтылысы  жалғаса  бермек.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале