Оралдағы Абай алаңында Қала күніне орай «Әсем өлкем – Ақжайық» атты ән фестивалі өтті. Өнерпаздар жергілікті ақын-композиторлардың шығармаларын орындады.

Ән әуелеген кештің қонақтары ортаға ерекше сән-салтанатпен шақырылды. Көрермен қызыл кілеммен жүріп өткен ақындар мен композиторларға зор қошемет көрсетті. Ақ Жайық атырабын ән-жырға қосқандардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚКО БҚО филиалының төрағасы, әнші-композитор Донеділ Қажымов, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Айтқали Нәріков, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор Гүлбаршын Қасиетова және басқа 40-тан астам өнер иесі бар.

– «Әсем өлкем – Ақжайық» ән фестивалі – біздің өңірімізден шыққан талантты ақындар мен композиторлардың шығармашылығын дәріптейтін ерекше іс-шара. Олардың әндері мен жырлары Ақ Жайығымыздың табиғатын, тарихын, халқының рухын бейнелеп, әр жүрекке отансүйгіштік сезім ұялатады. Осындай шығармашылық кештер жас буынды өнерге, ұлттық құндылықтарға баулиды, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырады. Барша өнерпазға шабыт, шығармашылық табыс тілеймін. Әсем өлкеміз әрдайым ән мен жырға бөлене берсін! – деді Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов. Шаһар басшысы осы кеште шырқалатын әндердің ауторларына естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар Қала күніне және қалалық көрме залының 45 жылдығына арналған «Қылқаламшылар қиялы» суретшілер симпозиумына қатысқан суретшілерді алғысхатпен марапаттады.

Ән фестивалінде сахнаға Жастар мәдениет сарайының «Ғасыр жастары» театры, «Атамекен» халық би ансамблі, «Тұмарым» және «ККК» өнер орталықтарының би ансамбльдері, басқа да өнер ұжымдары шықты. «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, мәдениет саласының үздігі Майра Хайдарова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова және басқа өнерпаздар әннен шашу шашты.

– Жергілікті ақын-композиторлар туған жер, Ақ Жайық туралы әсем әндерді жарыққа шығаруда. Сол әндер киелі сахнада шырқалады. Орал шаһары жыл сайын өркендей берсін. Жас ақын-композиторлар көп болсын. Мұндай іс-шара жас буынға патриоттық сезім сыйлайды, ән өнерін насихаттайды.

Сондықтан ән фестивалі жалғасын таба берсін, – деді Ғарифола Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, көптеген халықаралық байқаудың жеңімпазы, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Марат Сарбөпеев.
Айна Имашева,
Орал қаласы
Фотолардың авторы Рүстем Бақытжанов