14.03.2023, 11:45
Оқылды: 55

Жергілікті құрама жемге сұраныс артуда

Ақ Жайық өңіріндегі мал және құс өсіретін ағайын бұрын Ақсай қаласындағы құрама жем зауытынан өнім алатын. Өкінішке қарай, кәсіпорын жабылып қалып, көпшілік азықтық жемді Ресейден тасымалдауға көшті.

Білдей бір облыста жем өндірісінің жоқтығы нарықтағы өнім бағасын аспандатып жіберетіні түсінікті. Өңір нарығын зерттеп, құнарлы мал азығына сұраныстың әзірге азаймайтынын елеп-ескерген кәсіпкер Хамзат Исаев облыс орталығынан құрама жем цехын салды. Бұл жобаға 100 млн теңге инвестиция жұмсады. Жаңа өндіріс ошағында технолог болып қызмет ететін Омар Шираловтың айтуынша, цехты ресми түрде ашу үшін тиісті құжаттары реттелуде. Қазір онда технологиялық желілер сынақтан өткізіліп, төрт маман жабдықтарды басқаруды үйреніп, оқып жүр. Ресейдің Орынбор облысындағы бір компанияның технолог маманы арнайы шақыртумен келіп, мамандарға бағыт-бағдар беруде. Дәнді дақылдарды өңдеу үрдісіне 9 адам жұмысқа тартылған. Жалпы «Комбикорма Приуралья» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бухгалтер, екі технологты қосқанда барлығы 12 адам нәпақа тауып жүр.

Кәсіпорында төрт түлік малға, құс пен шошқаға, малдың төліне түйіршіктелген және ұнтақталған құнарлы азық дайындайтын екі технологиялық желі, сонымен қатар азық экструдері (технологиялық жабдық) бар. Жабдықтардың екеуі Ресейден, біреуі Қазақстанда сатып алынды. Өндіріс қуаты айына орта есеппен 1,5 мың тонна өнім шығаруға жетеді. Бастамада айына 300-400 тонна құрама жем өндіру жолға қойылмақ.
– Азық экструдері жабдығы балапандарға, бұзауларға арнайы дәруменді құрама жем өндіреді. Мұндай жабдық өңірде әзірге бізде ғана бар. Түйіршіктелген құрама жем құрамына қосылатын дәрумендер мен минералды қоспаларды Ресей арқылы Финляндиядағы өндірісшіден аламыз. Ал құрама жем өндірісіне 90% отандық шикізат пайдаланылады. Соның ішінде жергілікті «Пойма май зауытынан» сапалы әрі балғын күйінде күнбағыс майы, шрот, күнжара, Қостанай облысынан соя дақылы, Қарағандыдан бор, Атырау облысының Индерінен тұз тасымалданады. Тек жүгері ғана Ресейден әкелінеді. Жергілікті борды жемге қосу үшін оны алдымен өңдеу керек. Әзірге кәсіпорында бор өңдейтін жабдық (шредер) жоқ, оны болашақта сатып алу жоспарланды. Экструдер жабдығында балық пен жүгері араластырылып, жоғары температура мен қысымның күшімен өңделіп, түйіршіктелген ақуыз азығы алынады. Ақуыз азығы құрама жемнің түріне қарай (мысалға, бұзауға берілетін жемге – 50%) белгілі көлемде қосылып, құнарлы мал азығы ретінде тұтынушыларға ұсынылады. Құрама жем құрамында малға қажет барлық қоректік зат бар дайын азық рационы ретінде шығарылады, – деді жем өндірісі саласындағы тәжірибелі маман Омар Ширалов (суретте).

InShot_20230314_080325238
Өткен жылы өңірде егін бітік шығып, мол өнім алынды. Табиғат-ананың өзі мейірленіп, дәнді дақылдарды өңдеушілерге өндірісті дамытуға серпін бергендей сезіледі. Ғалымдардың пайымына сүйенсек, жергілікті дәнді дақылдардың құрамында ақуыз мол. Сондықтан біздің өңірімізде өндірілетін мал азығы құнарлы әрі сіңімді болып келеді. Оралдың жем цехында құрама жемнің 18 түрі шығарылады. Мысалға, етті бағытта өсірілетін ірі қараға, соның ішінде төлінің жас ерекшеліктеріне қарай берілетін азықтың 4 түрі дайындалады. Бордақыға қойылған малға басқа түрі өндіріледі. Сүтті сиырға арналған құрама жемнің 5 түрі бар. Сүтті ешкіге, балыққа да арналған құрама жем түрлерін алушылар аз емес. «Бройлерге, түйетауыққа, жалпы үй құстарына дәруменді жем шығарамыз. Құрама жемнің бір түрінің құрамында 12 түрлі дақыл және дәрумен болады. Ұнтақталған жем құрамында тек бір дән болады», – деп түсіндірді технолог.
Өндіріс орнының тұтынушылары әлден қалыптаса бастаған. Негізінен аулада мал,
құс өсіретін тұрғындар мен шаруашылықтар жем түрлерін қапшықтап сатып алады. Еуропада фермерлерге мал азығының шығыны мемлекет есебінен субсидияланады. Біздің елімізде малдың азығы үшін емес, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнім сапасын арттыруға субсидия беріледі. Содан да шығар, төрт түлік малды мыңғыртып өсіріп, алайда оны жаятын жайылымы мен азықтық жем-шөп қоры жоқ деп байбалам салып жүргендер жеткілікті.
– Қазіргі кезде 100 сиырдан орташа есеппен 76 бұзау аламыз делік. Кеңес заманында да осындай меже болатын. Дамыған Еуропа елдерінде 100 аналықтан 92 бұзау алынады. Мал өсіретін ағайынның малдың өнімділігін арттыруға аса көп мән бермейтіні жасырын емес. Екінің бірі құрама жемді қымбатсынып, сатып ала бермейді. Малды бұрынғыдай кебекпен, қолға түскен ұнтақталған жеммен қоректендіреді. Мысалға, кебектің сіңімділігі 30%-ды, ұнтақталған арпаның сіңімділігі 48%-ды, құрама жемнің мұндай көрсеткіші малдың бағылу жағдайына қарай 72-98%-ды құрайды, – деді О. Ширалов.
«Комбикорма Приуралья» ЖШС-ның басшылығы құрама жем түрлерін экспортқа шығаруды жоспарлаған. Ресейдің шекаралас облыстарынан балық жеміне, Өзбекстаннан құрама жем түрлеріне сұраныстар түсуде. Атырау, Маңғыстау өңірлерінде де мұндай өндіріс дамымаған. Елімізде, өңірлерде сүт белдеуіне айналуға ұмтылыс барында жергілікті құрама жемге сұраныс азаймасы хақ. Оның үстіне етті мал өсіретін өңірге дәнді өңдеп, мал азығын шығаратын кәсіпорындар қажеттігі айқын сезіледі.

Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»
Суретті түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале