Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін сатып алуларда бюрократиялық кедергілерді жоюға екпін қойылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Президенттің айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін сатып алулар тәртібін жеңілдету маңызды қадамдардың бірі болмақ. Осының аясында бюрократиялық кедергілер мен формализмді жоюға екпін қойылады.
«Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесе аталған тапсырмаларды жүзеге асыру тетіктерін тыңғылықты пысықтап, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңды даярлау кезінде ескеруді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жергілікті өзін-өзі басқару туралы еуропалық хартияны ратификациялауы бойынша мәселені пысықтау керек екенін айтты. Бұл өз кезегінде осы салада базалық халықаралық құжат болып саналады.
Бұған дейін хабарланғандай, Президент нақты құзыреттерді орталықтан өңірлерге беру қадамдары жалғасатынын айтты.
Мұнымен қоса, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тетігін енгізу керек екені атап өтілді.