3 тамыз – Теміржол көлігі қызметкерлерінің күні
Ұзақ жолға шығатын жолаушылар үшін қауіпсіз де қолайлы көліктердің бірі пойыз екені даусыз. Ал теміржол қозғалысының қауіпсіздігін осы саланың мамандары қадағалайды. Солардың қатарында жүргендердің бірі – Орал вагон пайдалану депосының вагон паркінің қауіпсіздігі жөніндегі инспекторы Жанболат Аманов.

Теміржол көлігі қызметкерлерінің күні қарсаңында Жанболат Сайлыбайұлымен жұмысындағы үзілісте ғана кездесудің сәті түсті. Кейіпкеріміз 1993 жылы Өзбекстанның Ташкент теміржолшылар институтын бітірген екен. Ташкент облысының Сырдария қаласындағы рефрижератор депосында 10 жыл механик болып жұмыс істеген. 2003 жылы отбасымен Орал қаласына қоныс аударыпты. Сол жылдан бері табан аудармастан, Орал вагон пайдалану депосында әртүрлі лауазымда еңбек етіп келеді. Вагон қараушы, вагон жөндейтін цехта шебер, жөндеуден шыққан вагондарды қабылдаушы да болған. Қазір вагон паркінің қауіпсіздігі жөніндегі инспекторы болғандықтан, вагондардың бүтіндігін, релстен шығып кетпеуін қадағалайды. «Бұл салада еңбек етіп жүргеніме отыз жылдан асты. Ыстығы мен суығын көріп, қызықты сәттерге де куә болдым. Өзге жұмысқа ауысу жөнінде мүлде ойламаппын. Жұмыстан кейін бау-бақшаны ермек етемін. Жер үйде тұратындықтан, бақша егеміз. Бау-бақшамызда бананнан басқаның бәрі бар. Алма, алмұрт, грек жаңғағы, қияр-қызанақ, болгар бұрышы, асқабақ секілді жеміс ағаштары мен көкөністер өсіреміз. Шыны керек, бос уақыт деген болмайды. Кейде тамыр-таныстың сұрауы бойынша шөп шауып, бау-бақша қазып беремін», – деп ағынан жарылған Жанболат ағай жұмысына асыға жөнелді. Ағайдың еселі еңбегі елеусіз қалған емес. Ол «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның «Кәсібі бойынша үздік» атағын алып, «Теміржол саласында 30 жыл қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Жалпы, Амановтар әулетіндегілердің басым көпшілігі теміржолда жұмыс істейді. Жанболат Сайлыбайұлының жұбайы Гүлжан Аманкелдіқызы да осы салада қызмет етеді. Ол – «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Орал стансасы кадр бөлімінің менеджері. Ташкент теміржол көлігі инженерлерінің институтында оқып жүргенде болашақ жұбайымен танысып, кейін отау құрған.
– Мен 2008 жылдан бері кадр бөлімінің қызметкері болып қызмет істеймін. Бұл қызмет өзіме бірден ұнады. Мұнда жұмысқа келген мамандарды біліктілігіне және тиісті талаптарға сай таңдап, қабылдаймын. Бүгінде осында қызметке қабылданған әрбір қызметкер компанияның өркендеуіне үлесін қосып жүр. Кадр қызметкері немесе HR маманы – басшы мен қызметкерлер арасын байланыстыратын адам. Ол бүкіл ұжымның қызметіне жауап береді. HR менеджерінің бойында коммуникативті дағдылар, өзін өзі бақылау, өзіне деген сенімділік секілді қасиеттер болу керек. Белсенді өмірлік ұстаным, күйзеліске төзімділік, аналитикалық және стратегиялық ойлау, креативтілік, этиканы сақтау және ұйымдастырушылық дағдылар да қажет. Ал ол үшін үнемі білім жетілдіріп, біліктілікті арттырып, заман көшіне ілескен жөн, – деді Гүлжан Аманова. Теміржолшылардың қадір-қасиетіне қанық маман қызметтегі жетістігі үшін 2018 жылы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алғысхатын, 2022 жылы Қазақстан теміржолының «Кәсібі бойынша үздік» атағын иеленген.
Жоғарыда айтып өткендей, Амановтар әулетінің үлкен қыздары Динара мен Дамира Алматыдағы ALT UNIVERSITY-ді бітірген. Екеуі де осы саланың мамандары. Үлкен және кіші күйеу балалары да Орал теміржол бекетінде жұмыс істейді. Кіші ұл-қыздың бірі медицина қызметкері болса, екіншісі азаматтық қорғаныс саласында қызмет етеді.
– Жұмыс сұрап келген адаммен әңгімелесу барысында оның жеке қасиеттерін бағалаймыз, күшті және әлсіз жақтарын талдаймыз. Әсіресе денсаулық жағдайына мән беріледі. Мысалы, жолаушылар пойыз стансаға келіп тоқтағанда вагондардың дөңгелегін тықылдатып, тексеріп жүрген адамдарды жиі көреді. Алайда олардың бұл әрекеті не үшін қажет екенін ойлай бермейді. Ал бұл қауіпсіздік үшін керек.
Себебі дөңгелекті соққанда шығатын дыбыстан дөңгелектің ақауы бар-жоғын анықтайды. Яғни олар ерекше есту қабілетінің арқасында пойыздың «аман-сау» екенін бірден ажыратады. Егер дөңгелек сынған не ішіндегі болттары шашылған болса, дыбысы өзгеше болады. Сондықтан құлақ жақсы естуі керек. Қырағылық та қажет. Қызыл, көк және сары түстерді ажырата білу қажет. Алыста тұрған белгілерді көруі тиіс. Сонымен қатар жұмысқа келген маманның жеке шығармашылық қасиеттерін, ән-биге, спортқа жақындығын да назардан тыс қалдырмаймыз. Себебі бізде небір өнерлі жандар бар. ҚТЖ-ның құрама командасының қатарында түрлі спорттық жарысқа қатысуға болады. Мен бала кезден шахмат ойнаймын. Бүгінде компания командасының мүшесімін. Тамыздың 8-10 күндері аралығында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Х спартакиадасына қатысамын. Былтыр осындай жарыста 1-орын алған едім. Биыл да осы жетістікті қайталауым керек, – деді кадр маманы.
Гүлжан Аманкелдіқызы «Қазақстан теміржолы – Жүк тасымалы» ЖШС ұжымының берекелі бірлігін ерекше атап өтті. Серіктестік пен еңбек ұжымы арасында құрылған ұжымдық шарт бәрін ұйыстырып отыр дейді. Қызметкерлерді жан-жақты қолдау шаралары жолға қойылған. Наурыз мейрамына, Теміржол көлігі қызметкерлерінің күніне, Республика күніне және Тәуелсіздік күніне орай ең төменгі жалақы мөлшерінде сыйақы беріледі. Сала ардагерлеріне де қаржылай қолдау көрсетіледі. Осы ұжымда еңбек етіп, бүгінде зейнетке шыққан 300 еңбек ардагеріне ыстық ықыластарын көрсетіп отырады. Теміржол көлігі қызметкерлерінің күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, сала мамандары марапатталмақ. Кадр маманы теміржолшыларды даярлауға, жалпы маман тапшылығына қатысты да ой бөлісті.
– Қазір балалар мектеп бітіргенде ҰБТ тапсырады. Алайда кейбір ата-ана балаларына мамандық таңдауда бағыт-бағдар бермейді. Яғни «грантқа түссе, тегін оқыса болды» деп ойлайтындардың бар екені рас. Сондықтан балалар да жинаған бал бойынша оқу орнын таңдайды. Мысалы, машина жасау немесе өзге де техникаға немесе шаруашылыққа қатысты мамандық алған қыз балалар жұмыс таба алмай, бос жүріп қалады. Балаларды, ең болмаса, теміржол мамандарын даярлайтын колледждерде оқытуға кеңес беремін. Кейін жоғары білім алуға болады. Осы ретте мына бір мәселені баса айтқым келеді. Облыста Жәңгір атындағы БҚАТУ-да аутомобиль көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару факультеті бар. Бірақ онда теміржол саласы жоқ. Мен университеттің декандарына «Осы факультетті сәл кеңейтіп, теміржол мамандарын да даярлау жағын қарастырсаңыздар» деген ұсынысымды жиі айтып жүрмін. Себебі ҚТЖ-да еңбек етіп жүрген кез келген маман дәріс оқуға дайын. Облыста тәжірибеден өтетін жер де бар. Осылайша, жергілікті жерде мамандар даярлауға болар еді. Мысалы, Ақтөбедегі бірнеше оқу орнында осындай факультеттерде теміржол саласының мамандарын оқытады. Ал қазір бізде мамандар тапшы. Ұжымдағы қызметкерлердің орташа жасы – 40 жас. Еліміздегі бұл саладағы ең жоғары оқу орны – Алматыдағы бұрынғы логистика және көлік академиясы, қазір ALT UNIVERSITY деп аталады. Мамандар даярлайтын бірнеше колледж бар. Алайда басқа қалаға оқуға кеткен жастар Оралға қайтып келмейді. Ал жергілікті жерде оқыса, туған жерінде қызметке қалар еді деп ойлаймын, – деп ағынан жарылды Гүлжан Аманова.
Кадр қызметі маманының айтуынша, теміржол – отбасылық типтегі кәсіпорын. Себебі мұнда бірге жұмыс істейтін ерлі-зайыптылар бар.
Осы саладағы еңбек өтілі 300 жыл болған теміржолшылар отбасы да бар екен. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Орал стансасында еңбек етіп жүрген 250 адамның 170-і – қыз-келіншектер. «Біз әріптестерімізді балаларын теміржол саласының мамандығына оқытуға үгіттейміз. Өйткені бала ата-анасының қасында, өзі үйренген жерінде жұмысқа орналасар еді. Өздерінің қалауымен-ақ осы саланың мамандығына оқытатындар да бар. Мысалы, біз ұжымда қашан және неше адамның зейнетке шығатынын, қандай мамандар қажет екенін білеміз. Соған сәйкес мамандар даярлауға күш саламыз. Жалпы, Қазақстан теміржолында істейтін қызметкерлердің балаларының жазғы-қысқы каникулдарын тиімді өткізуі үшін түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Өзге қалалардағы лагерьлерге жіберіледі. Ол үшін жолдамалар
жеңілдетілген бағамен беріледі. Балалар осылайша әкесінің немесе анасының арқасында талай қызыққа кенеліп, ел-жер көреді. Ал осындай игілікті істерге куә болып өскен бала теміржол маманы болады деп ойлаймын», – деді Гүлжан Аманкелдіқызы. Ширек ғасырдай бір салада қызмет етіп келе жатқан маман «Теміржол саласында 10, 20, 30 жыл қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Әр тоғыз жыл сайын берілетін бұл марапаттың қасында ақшалай сыйақы да бар. Ал бұл – мамандарды тұрақтандыруға бағытталған игі істің бірі ғана.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»