25.02.2025, 16:15
Оқылды: 141

Жеті гидробекет орнатылды  

 

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық  төтенше  жағдайлар  департаменті  төтенше  жағдайлардың  алдын  алу  басқармасы  басшысының  міндетін  уақытша  атқарушы  Азамат  Исмаил су тасқынының алдын алу жұмысы жөнінде  баяндама  жасады. 

WhatsApp Image 2025-02-25 at 17.15.58

Бүгіндері облыста су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары күшейтілуде. Қазіргі уақытта қардың биіктігі облыстың солтүстігінде 5-15 сантиметрді құраса, ал оңтүстігінде қар жоқ. Топырақтың қату тереңдігі 22-ден 75 см-ге дейін жетіп, оның ылғалдануы 65%-ға төмен. Сонымен қатар топырақ бетінде 20 милиметр мұз жамылғысы байқалуда.

– Биылғы ақпанда су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғау мақсатында 143 шақырым қорғаныс бөгеті орнатылды. Сондай-ақ 9 шақырым су бұру каналы, 93 шақырым арық және 74 шақырым магистральдық канал тазартылды. Ал екі өзенде (Көшім және Быковка) тазалау және тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығы – су тасқынын алдын алудағы маңызды қадам. Бұған қоса, Орал қаласында 103,4 мың м³, Тасқалада 940 м³, Бөрліде 49,2 мың м³ қар шығарылды. Мұз жару жұмыстары үшін 5 бригаданың жұмысын көздейтін келісімшарт жасалуда. Облыс аумағында су тасқынының алдын алу үшін 22 гидробекетке қосымша жеті жаңа гидробекет орнатылды. Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінде су тасқыны қаупін алдын ала анықтауға арналған үш аутоматтандырылған кешенді орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл кешендер Орал қаласында Деркөл өзенінің шойын көпірінде, Жайық өзенінде Меловые горки ауылының жаңа көпірінде және Шаған өзенінде «Динамо» спорт базасы аумағында орналасады, – дейді Азамат Салауатұлы.

Спикердің сөзінше, аймақтық деңгейде су тасқыны кезеңіне 1817 бірлік техника, 123 жүзу құралы, 455 мотопомпа және 4 126 адамы бар жеке құрам дайындалған. 2162 тонна инертті материал, 510 мың дана қапшық, 423 тонна жанар-жағармай және 655 тонна азық-түлікке 195 келісімшарт дайын. Топырақ салынған 62 мыңнан астам қап та әзірленген. Бұған қоса, өңірде 32 мың адамды қабылдай алатын 317 уақытша орналастыру пункті және 195 үй жануарын қауіпсіз аймаққа көшіру орындары дайындалған.

– Ақпан айының басында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Шара аясында су өткізу құрылыстары тазаланды. Облыстық азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі жоғары дайындық режіміне көшірілді. Су тасқынына дайындық жұмыстары облыстың барлық аумағында үздіксіз жүргізілуде. Дайындық аясында қажетті инфрақұрылымдық және техникалық шаралар қабылдануда, бұл облыс халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Алдағы уақытта қолға алынған шаралар тұрақты бақылауда болады. «Қазгидромет» және «Росгидромет» қызметтері 5 наурызда нақты болжамдарын ұсынбақ, – деді А. Исмаил.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале