12.02.2021, 14:57
Оқылды: 14

Жеті мәселеге жіті назар аударылды

Өткен апта соңында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен Орал қаласы және аудан әкімдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша селекторлық кеңес өтті.

IMG-20210211-WA0044 (1)

Аталған саланың өзекті мәселерін талқыға салған кеңесте мал қыстағының өту барысы, көктемгі далалық жұмыстарына әзірлік, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін (АӨК) құру, мақсатты пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жайы сөз болды. Сондай-ақ мал санағының өту барысы, бұралқы иттер мен мысықтарды зарарсыздандыру, биологиялық қалдықтарды жоюда инсинираторларды пайдалану бағытындағы жұмыстар да жиынның күн тәртібіне енді.

Өңір үшін маңызы зор саланың түйткілдерін қаузаған кеңеске қатысқан сала басшылары жиында айтылған жеті мәселенің төңірегіндегі атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Қыстақта қысылыс жоқ

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің мәлімдеуінше, биылғы мал қыстағына өңір бойынша 865 мыңға жуық шартты мал басы кірген. Оның 650 мыңнан астамы ірі қара, 1188,8 мыңы қой мен ешкі, 223 мыңға жуығы жылқы, 2,4 мыңы түйе малы. Былтырғы жылы қыстаққа қажетті мал азығы артығымен дайындалыпты.

IMG-20210211-WA0042 (1)

– Өңіріміздің Ақжайық, Жаңақала, Казталов секілді оңтүстік аудандарындағы шөп шығымдылығының төмендігіне байланысты өзге аудандардан мал азығы тасымалданды. Мәселен, Казталов ауданына 124,8 мың бума, Ақжайық ауданына 41,6 мың бума шөп және Жаңақала ауданына 26,9 мың бума мал азығы жеткізілді. Мал қыстату науқанының өту барысы бойынша аудандардан жедел түрде күнделікті ақпарат алынып отыр, қыстақ бірқалыпты өтуде. Мал азығы жетпей қалу қаупі бар. Жаңақаладағы шаруашылықтар жем-шөпті өз көлігімен тасымалдаған жағдайда жол шығындары өтелуде. Ал жеке қосалқы шаруашылықтарға ауданнан бөлінген көліктермен шөп пен жем тасымалданып, сатып алынған бағамен жеткізіп беру жұмыстары ұйымдастырылуда. Бүгінге дейін мал азығының жетіспеушілігі салдарынан мал шығыны тіркелген жоқ. Мал қыстату науқанының өту барысы басқарманың және аудан әкімдіктерінің жіті бақылауында, - деді басқарма басшысы.

Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин мал қыстағының қалыпты өтіп жатқандығын баяндап, «Жем-шөптің жетіспеуі салдарынан аудан шаруалары малдарын етке тапсыруда» деген мәтінде әлеуметтік желіге тараған ақпаратты теріске шығарды.

Егіс алқаптары ұлғаймақ

Облыс бойынша биылғы жылы ауыл шаруашылығы алқаптарының әртараптандыру бойынша жасақталған меморандумға сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 515,0 мың гектарды құрауы тиіс. Яғни дәнді дақылдар алқабы 232 мың гектар болса, майлы дақылдар алқабын 80 мың гектарға, оның ішінде күнбағысты 55 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ картоп 4400, ал көкөніс-бақша дақылдарын 5500 гектар алқапқа егу жоспарлануда. Бүгінгі таңда жаздық дәнді және майлы дақылдардың егісіне қажетті тұқым 100% дайын. Сондай-ақ мал азықтық дақылдар тұқымының 86%-ы, картоп тұқымының 90%-ы әзірленген.

Кеңес отырысында осындай деректерді келтірген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин көктемгі егіс жұмыстарының қаржыландырылуы, оған қатысатын техниканың дайындығы, қажетті тыңайтқыштар мен пестицидтер құнын субсидиялау мәселеріне де тоқталып өтті.

АӨК етті және сүтті бағытта дамымақ

Күні бүгінге дейін облысымызда 205 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып,  оларда өткен жылдың 9 айындағы статистикалық деректерге сәйкес 4 112 мүше, 76 922 ауыл шаруашылығы малдары тіркеліп, 3 817 тонна сүт, 437 тонна ет және 21 тонна жүн өндірілген. Сондай-ақ 64 ауыл шаруашылық кооперативі меншігіне 69 437,3 га жері тіркелген. Өткен жылы мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысқан 96 кооператив 375,6 млн теңге субсидияға қол жеткізген. Тіркелген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің алтауы модульді мал сою, төртеуі модульді сүт қабылдау, екеуі рефрижератормен және біреуі қой қырқу пунктімен жабдықталған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес аудандарымыздың географиялық табиғи орналасу жағдайына байланысты әр өңірдің өз ерекшелігін ескере отырып, етті, сүтті мал шаруашылығын және өсімдік шаруашылығы дамытуға болады. Облыс орталығына жақын сүт белдеуінде орналасқан Бәйтерек, Теректі, Тасқала және Бөрлі аудандарында сүтті бағыттағы кооперативтерді, ал қалған аудандарда ет өндіруге бағытталған кооперативтерді дамыту жоспарлануда, - деді Жасұлан Халиуллин

Аталған бастаманы жіктеп түсіндірген басқарма басшысы сүтті бағытта құрылған кооперативтер тауарлы ірі қара малдарына селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін әр аналық мал басына 10 мың теңге субсидия төленетіндігін атап өтті. Сонымен қатар сатып алынған сүтті бағыттағы асыл тұқымды аналықтың әр басына 200 мың теңге, инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша 25-50%-ға дейін демеу қарастырылған.

Бос жатқан жерлер жаңа иелерін табуда

 Кеңеске қатысқан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, соңғы екі жылда пайдаланылмай жатқан 922 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталса, оның ішінен 140 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Сондай-ақ 52,3 мың гектар алқап қайта ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген болса, қалған 88,2 мың гектарды құрайтын жер телімдері алдағы уақытта конкурстар өткізу арқылы ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарлануда. Ал 542 мың гектарды құрайтын жер телімдерінің иелері жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жерлерін мақсатына сай игеруге кіріскен.

– Ресми сайттармен қоса 2020 жылы өткізілген кеңестерде жалпы көлемі 340 мың га құрайтын жер учаскелерін пайдаланбай отырған 177 субъектілердің тізімін БАҚ-та жариялаған болатын. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың нәтижесінде жалпы көлемі 28 мың га құрайтын 22 пайдаланушы жер учаскелерін өз еркімен мемлекет меншігіне тапсырса, 146 мың га құрайтын 63 жер пайдаланушы мақсатына сай игеруге кірісті, ал қалған 166 мың га құрайтын жерлердің 92 пайдаланушысы бойынша жергілікті атқарушы құрылымдармен түсіндіру жүргізіліп, хаттамалар толтырылуда. Биылғы жылдың өзінде 61 мың гектарды құрайтын жерлер анықталып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді М.Өмірәлиев.

Айта кетейік, 2019 жылы облыс көлемінде ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін қайта табыстау мақсатында 43 конкурс өткізіліп, 391 мың га құрайтын 527 жер учаскесі табысталса, өткен жылы 51 конкурс өткізіліп, нәтижесінде 548 мың құрайтын 674 жер учаскесіне жалдау құқығы берілген.

Қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан егістік жерлерді геопорталдан әр мезгілде жасалған ғарыштық түсірілімдерге талдау жұмыстарын жүргізу арқылы көру мүмкіндігі пайда болғандығын да айта кеткен жөн шығар.

Мал саны нақты емес

Селекторлық кеңеске қатысқан БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқор мен ресми статистикалық ақпарат арасындағы айырмашылық жылма жыл кездесетін мәселелердің бірі екендігіне тоқталды.

– Екі ақпарат арасындағы айырмашылық ветеринарлық профилактикалық және диагностикалық іс-шараларды жоспарлау кезінде облыстың толық мал басын қамтуда өз кеселін тигізіп отырады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына, Орал қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып ағымдағы жылдың қаңтар айының аяғына дейін дерекқор мен ресми статистикалық мәліметті сәйкестендіру бағытында мал санағын ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілген болатын. Осы мақсатта БҚО ветеринария басқармасының мамандарымен ағымдағы жылдың 14-22 қаңтары күндері аралығында Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Сырым, Тасқала, Теректі аудандарының ішінара ауылдық округінде мал санағы жүргізілді. Санақ барысында барлығы 26 ауылдық округтің 64 елді мекені қамтылды. Қазіргі таңда облысымыздың Орал қаласы мен аудандар аумағында әкімдіктер жанынан комиссия құрылып, мал санағын жүргізу жалғасуда. Аталған жұмыстар ақпан айының соңында толығымен аяқталады, - деді басқарма басшысы.

Статистикалық деректер мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында тіркелген мәліметтің аралығында айырмашылық та жоқ емес. Мәселен, бірдейлендіру дерекқорында облыс көлеміндегі ірі қара малының саны 641 074 деп көрсетілсе, статистика бойынша 650 429 бас тіркелген. Дәл осындай айырмашылықтар қой-ешкі, жылқы, түйе санында да көрініс тауып жатқан көрінеді.

Иесіз ит, мысық көбейген

Өткен жыл қорытындысымен облыс аумағындағы бұралқы иттер мен мысықтарды аулау және биозарарсыздандырудан өткізу шаралары аясында 3 756 бұралқы иттер мен мысықтар ауланып, олардың 2060 басы биозарарсыздандырудан өтіп, мекендеу ортасына қайта жіберілген. Соның ішінде Орал қаласы бойынша 1 415 бұралқы иттер мен мысықтар ауланып, оның 946-сы биозарарсыздандырудан өткізілген. Аталған жұмыстарға жергілікті бюджеттен 21 млн 515 мың теңге қаражат жұмсалыпты.

– Ағымдағы жылға бұралқы иттер мен мысықтарды аулау және биозарарсыздандыру жұмыстары Орал қаласы  мен 9 аудан бойынша ветеринарлық стансалармен келісімшарт жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Ал Бөрлі және Шыңғырлау аудандары бойынша «Карачаганак ПромСервис» ЖШС-мен 2020-2022 жылдарға келісімшарт жасалды. Биыл елді мекендерде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және зарарсыздандыру қызметтері бойынша бөлінген қаржы көлемі  63,079 млн теңгені құрап отыр, - деді БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов.

Спикердің айтуынша, аталған жұмысты жүргізуді биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестікке  беру жоспарланған. Бұл жобаның басты мақсаты – қаңғыбас иттер мен  мысықтарды жоюдың гуманистік әдісіне көшу, стерилизацияға жататын бұралқы иттердің саны жылдан жылға кеміту болып табылады. Жылма жыл стерилизациядан өткен бұралқы иттер санының артуына байланысты, жергілікті бюджеттен бұралқы иттермен күрес үшін бөлінетін қаражатты азая түседі деп күтілуде.

Мал қорымының орнына – инсинератор

Кеңес отырысында сондай-ақ мал өлекселерін жоюдың тиімді жолын табу жайы да талқыланды. БҚО ветеринария басқармасы келтірген деректер бойынша биылғы жылдың 1 қаңтарына облыс аумағының елді мекендерінде 260 мал қорымдары тіркелген. Оның 63-і типтік жобада биотермиялық шұңқыр болса, 197-сі қазылған қарапайым шұңқырлар. Мал қорымдарының басым көпшілігі өлексемен толып, тозып, пайдалануға жарамсыз күйге жеткен.

– Жалпы, типтік үлгіде 1 мал қорымының құрылысына орта есеппен 12 млн теңге қаражат жұмсалады. Облысты толық типтік жобадағы мал қорымдарымен қамтамасыз ету үшін қосымша 121 мал қорымын салу қажет. Оған шамамен 1 млрд 452 млн теңге қаражат қажет болады. Алайда мал қорымдарының 5-6 жылда толып қалады. Осыған орай мәселені тиімді шешу және жұмсалатын қаражатты үнемдеу үшін аудан аумағындағы мал қорымдарының орнына әр ауданға бір жылжымалы инсинераторды (мал өлексесін жоятын құрылғы) пайдалану жоспарлануда. Бір инсинераторды сатып алу үшін орта есеппен 60-70 млн теңге қаражат жұмсалмақ. Ал 12 жылжымалы инсинераторға шамамен 780 млн теңге қажет болады. Бұл жағдайда 672 млн теңге қаражат үнемделмек, - деді С.Нұрмағанбетов.

Елімізде алғаш рет қолға алынған жобаны жүзеге асыру үшін «Орал агрореммаш» зауытымен келіссөздер жүргізілген. Аталған зауыт бүгінгі таңда бір жылжымалы инсинератордың жобасын жасау үстінде. Аталған құрылғы дайын болған кезде құны, жұмыс жасау тәртібі нақтыланатын  болады. Егерде тың бастама тәжірибе барысында тиімділігін көрсеткен жағдайда, барлық аудан бір-бірден жылжымалы инсинератормен қамтамасыз етілетін болады.

Әр мәселе қатаң бақылауда

Селекторлық кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев күн тәртібіндегі әр мәселені қатаң бақылауда ұстау қажеттігіне тоқталды.

ман

– Баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде облыс шаруаларының мал азығынан қиналып жатқандығы туралы ақпараттар шығып жатыр. Әрине, Казталов, Жаңақала, Ақжайық аудандарына биылғы мал қыстату науқанынан қиынға соғу деп болжанған еді. Сол үшін де облыста мал қыстату науқанын қадағалайтын штаб құрылды. Бүгінде аталған аудандардағы малдарды шығынсыз алып шығу үшін басқа өңірлерден мал азығы тасымалдануда. Сонымен қатар қуатты шаруа қожалықтары да қиын кезде көмек қолдарын созып, жеке тұрғындарға да жәрдемдесті. Бүгінде облыстағы мал қыстату науқаны бірқалыпты жүріп жатыр деп айта аламыз.

Биылғы егін салу науқанына да тыңғылықты дайындалуымыз керек. Егін шаруашылығымен шұғылданатын шаруалар мемлекеттік бағдарламалар мен несие жеңілдіктерін, төленетін субсидияларды барынша пайдаланса екен дейміз. Сонымен қатар облыс халқын қажетті азық түлікпен қамту мақсатында егістік жерлерді әртараптандыру қолға алынуда. Былтыр елімізде пандемия басталған шақта күнделікті тұтынатын азық-түлікті алыс-жақын шетелдерден тасуға мәжбүр болдық. Сол себепті өңірдің қажеттілігін қамту үшін майлы дақылдардың, картоп пен көкөністің алқаптарын кеңейтуді көздеп отырмыз. Нақты қандай дақылдың аумағын үлкейту керектігі жөнінде сараптама жасалды. Бұл жұмыстарды жылдан-жылға дамыта түсу үшін кемі үш жылдық жоспар жасалынатын болады. Сонымен қатар сапалы тұқымдарға, тыңайтқыштар мен пистицидтерге бөлінетін субсидиялар туралы шаруаларға кеңінен түсінік беру керек. Егін егудің тиімді, заманауи жолын қолданып, мол өнімге қол жеткізген шаруалардың тәжірибесін кеңінен насихаттау да маңызды шара.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру да қазіргі заман талабы болып отыр. Олар етті, сүтті мал шаруашылығын және өсімдік шаруашылығы дамытуға өз үлесін қосары сөзсіз. Сонымен қатар соңғы кезде эскпорттық қолдауға да зор мән берілуде. Бұрын экспортқа шығарылатын өнімдер шығынын өтеу тек өндіруші компанияларға көрсетілетін болса, ендігі жерде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне де мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілмек. Кооператив құрудың тиімділігі туралы алгоритмді аудандарға жолдап, тұрғындар арасындағы үгіт-насихат жұмыстарын арттыра түсіруді тапсырамын.

Ауыл шаруашығы жерлерін мақсатты пайдалану жұмыстарын да қарқынды жүргізуіміз керек. «Жерді алдым, не істесем де өзім білемін» деген түсініктің заманы өтті. Қажет болса әр аудандағы шаруалармен жеке-жеке жұмыс жасау қажет. Мемлекет меншігіне қайтарылған жер телімдерін қолынан іс келетін шаруаларға беруі мақсатында өткізілетін конкурстардың санын арттыра түскен жөн. Геопортал толыққанды іске қосылып, заңнамаларға өзгерістер енгізілген уақытта бұл бағыттағы жұмыстың ширай түсетіні анық. Әр аудан әкіміне екі апта ішінде пайдаланбай жатқан жер туралы ақпарат беруді тапсырамын.

Облыс көлеміндегі мал санында да айырмашылық әр келкі болып отыр. Мысалға статистикалық мәлімет пен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда көрсетілген сандар бір-бірімен сәйкес келмейді. Тек ірі қара малының өзінен 9 мыңдай айырмашылық бар. Мал санын нақтылау жұмыстары күні кеше басталғанынан да хабардармын. Бірақ наурыз айына дейін нақты сандарды анықтауымыз керек.

Бұралқы иттер мен мысықтардың көбейіп кеткендігі туралы арыз-шағымдар аудан әкімдерінің есепті жиындарында жиі айтылуда. Бұрын қаңғыбас ит-мысықтар тікелей жолмен жойылып отырса, былтырдан бастап оларды аулап, зарарсыздандыру әдісі қолданылуда. Бұл жұмыстардың нәтижесі бірнеше жылдан соң белгілі болады. Бұл бағыттағы жұмыстар республика бойынша біздің облыста қарқынды қолға алынуда. Сондықтан тұрғындарды толғандырған мәселе аяқсыз қалмауы тиіс.

Мал молаларын салуға кететін қаражат көлемін үнемдеу мақсатында биологиялық қалдықтарды жоюда инсинираторларды пайдалану жобасын іке қосуды жоспарлап отырмыз. Еліміз бойынша тұңғыш рет қолға алынған бұл шара жүзеге асқанда қанша қаражат үнемделетінін де басқарма басшысы айтып өтті. Егер бұл жоба өз тиімділігін берсе, басқа облыстарға да өз жобамызды ұсынатын боламыз, - деді Мұхтар Манкеев.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале