13.06.2023, 10:45
Оқылды: 59

Жеті танапты ауыспалы егістіктің тиімділігі неде?

Біріккен ұлттар ұйымы 2050 жылға қарай жер шарындағы  халық саны 9,7 миллиардқа, 2080 жылға таман 10,4 миллиардқа жетеді деген болжам жасаған. Адам көбейген сайын ауадағы газ шығарындылары көбейіп, қоршаған ортаның бұзылуы күшейе түседі. Одан басқа сонша адам баласын азық-түлікпен қамтамасыз ету оңайға соқпайтыны белгілі. Ғаламдық өзекті мәселелерден Қазақстан да шет қала алмайды. Табиғаттың өзгеруі, әлемдік жылыну құбылысы қазірдің өзінде ел экономикасына әсерін тигізуде. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағылар осы өзгерістерді сезініп, зардабын тартуда. Сондықтан ел Үкіметі арнайы бағдарламалар, тиісті шаралар қабылдауда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерде мал азығын дайындау, жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру бағытында бағдарламалық жобалар ұйымдастырып, жүзеге асыруда. Соның бірі Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде қолға алынған. Білім ордасы 2018 жылдан бері республика бойынша қолға алынған «Жайылымды жақсарту және оны тиімді пайдалану технологиясы» бағдарламасының  орындаушысы болып отыр.

жеті танап

«Орал ауыл шаруашылығы станциясы» ЖШС-ның егістік алқабында «Далалық жем-шөп өндірісінің агротехникасы» тақырыбында өткен басқосуға  ғалымдар, магистранттар, студенттер, ауыл шаруашылығы саласының, егін шаруашылықтарының өкілдері қатысты. Мұндай ғылыми, тәжірибе алмасатын іс-шара жылда ұйымдастырылады. Аталмыш ЖШС-ның басқарма төрағасы Әспет Орынбаев  станцияның еліміздің батыс аймағын ауыл шаруашылығы құрылымдарын жоғары репродукциялы дақылдарымен тұқымдармен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір ғылыми мекеме екенін айтады.  Қазір станцияда малазықтық дақылдарды өсірудің тың технологиялары, бұрын егілген шөптердің сапасын жетілдіру, көпжылдық шөптерді егу технологиялары зерттелуде.

 – Жобаға еліміздегі 10 ғылыми мекеме, 50 ғалым тартылды. Республика бойынша малазықтық дақылдарды өсіру, малды құнарлы азықпен үздіксіз қамтамасыз ету, жасыл конвейерлерді ұйымдастыру, жайылымдық жердің өнімділігін арттыру, соңғы жылдары белең алған шөлейттену, жердің деградациясы мәселелерін кешенді зерттеудеміз. Облыстағы малды жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесін ғалымдар, бағдарламаны орындаушылар, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттары Төлеген Бөлеков пен Валентина Лиманская зерттеуде. Олар тәжірибе жүргізіп, ғылыми зерттеудің нәтижелерін талдайды. Бүгінгі шараның мақсаты - ғалымдардың жетістіктерін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне таныстыру, өндіріске енгізу, – деді  бағдарлама жетекшісі аталмыш ЖОО-ның профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бейбіт Нәсиев семинардың ашылуында.

Кейінгі жылдары мал басының өсуі жайылымдардың тақырланып, деградацияға ұшыратуда. Сондықтан жергілікті ғалымдар малды бағудың жаңа технологияларын шаруашылықтарға енгі-зіп, оларды қолдануға көмектесе алады. Ғарыштық зерттеулер өңірдегі малазықтық алқаптардың 40%-ының жарамсыздығын көрсеткен. Сол себепті де мұндай шараларды тауар өндірушілер арасында жиі өткізіп, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізудің пайдасы тимек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Кеңес Кайдашев облысымыздың күллі еліміз бойынша мал басы санынан алдыңғы орында екенін айтады. Сондықтан мыңғырған төрт түлікке мал азығы дақылдарын өсіріп, оны дайындау өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Биыл облыста 36 мың гектар жерге екпе шөп, оның ішінде 16 мың гектарға көпжылдық, 20 мың гектарға біржылдық шөп егілген.

Мысалға алсақ, аталмыш станцияның бөлім басшысы, ғалым Төлеген Бөлеков Бөкей ордасы ауданындағы «М. Бурамбаев» шаруа қожалығы базасында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл шаруашылықтың деградацияға ұшыраған жайылымының көлемі 1500 гектарды құрайды. Қожалық асыл тұқымды ірі қара мен жылқы өсіреді. Сондықтан жартылай шөлейт жағдайында малды жоғары сапалы жем-шөппен қамтамасыз етудің және алынған ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша жайылымды қалпына келтірудің, жетістіктерді өндіріске енгізудің маңызы зор. Жоба аясында малазықтық көпжылдық және біржылдық шөптерді егіп, олардың әр гектарына 25 центнерден өнім алынған.

Жиын барысында Т. Бөлеков станцияның егістік алқаптарына агротехникалық шараларды жүргізетін техника түрлерімен, көпжылдық өсімдіктерді өсірудің жаңа технологиясымен таныстырды. «Көпжылдық шөптер табиғаты нәзік болғандықтан, жай өседі. Бір жыл өсуін қамқорласаңыз, әрі қарай өсіп, жетіліп кетеді»,  – деген ғалым жеті танапты ауыспалы егіс тәсілі туралы әңгімеледі. Сонымен қатар танаптардағы егілген жем-шөп өскіндерін көрсетіп, тәжірибелік жұмыстары жайында әңгімеледі.

– Жеті танапты ауыспалы егістік технологиясы зерттелуде. Биыл үшінші жылға аяқ басты. Әр жылдың қорытындысын шығарып, ғылыми талдау жасаймыз. Бұл тәсілдің мәнісіне келсем, былай: бес алқапқа бес жыл бойы көпжылдық шөп дақылдары егіледі. Одан басқа екі егістікке біржылдық шөптер өсіріледі. Мұндай тәсілмен мал өсіретін шаруашылықтар егістіктеріне малазықтық дақылдар өсіріп, малды жем-шөппен қамтамасыз ете алады. Көпжылдық шөптер органикалық егіншілікте қолданылады. Органикалық егіншілік өңірімізде қолданысқа енгізілер болса, онда егістікте пестицидтерді пайдалану шамасы мейлінше азаяды. Оның үстіне көпжылдық шөптер екінші жыл егілгеннен кейін,  жердің құнарлылығын арттырады. Жеті танапты ауыспалы егісті айналымға енгізу жердің құнарлылығын, топырақтың қара-шірігін (гумусын) арттырып, жердің өнімділігін қалпына келтіреді. Көпжылдық шөп дақылдарының тұқымдары дәнді дақылдардың тұқымдарына қарағанда 4-5 есе қымбат. Сондықтан көпжылдық шөп өсірудің қайтарымы болады. Екі егістік аумағына судан шөбі, құмай, тары, жүгері,  арпа секілді біржылдық шөп түрлері егіліп, өсіріледі. Сонда мал азығының жасыл конвейері қалыптасады, – деді аталмыш ЖШС басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары, ғалым Валентина Лиманская.

Семинар барысында Т.Бөлеков қатысушыларға көпжылдық және біржылдық дақылдар егістіктеріне агротехникалық шаралар жүргізу жайын түсіндірді. Ауа райы күрт құбылмалы, құрғақшылық жиі болатын Ақ Жайық өңіріне тиімді технологияның  нақты қорытындылары күзде шығарылады. Қорыта айтар болсақ, елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосатын жаңалыққа патент алуға қазірдің өзінде мүмкіндік бар. Шаруашылықтар, әсіресе, етті және сүтті мал өсіретін ағайын шаруашылық жанынан жеті танапты ауыспалы егістік егіп, малды жасыл конвейермен қамтамасыз ете алады.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале