15.06.2023, 12:45
Оқылды: 50

Жетістік те мол, жоспар да көп

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз  мәслихатында облыстық  спорт  басқармасының  басшысы  Қаймен  Есендияров атқарылған жұмыстар мен алдағы жоба-жоспар  жөнінде баяндады.

31b01f14-bebe-4d03-98df-9a86e1d9f622

Қаймен Есенаманұлының айтуынша, мемлекет басшысының спорттық инфрақұрылымды нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында бірқатар ауданда спорттық кешендер пайдалануға берілген. Оның ішінде спорт алаңшалары мен хоккей қорапшасы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені де бар.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылы Сырым ауданының Бұлдырты ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Орал қаласында екі спорт алаңы салынды. Аудандарда 24 спорт алаңы және бір хоккей қорапшасы пайдалануға берілді. Биыл Казталов ауданында үш спорт алаңы бой көтереді. Ақжайық ауданының Чапаев және Тайпақ ауылдарында, 2024 жылы Казталов және Тасқала аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қолданысқа беруді  жоспарлап  отырмыз.

Биыл өңірімізге келген сапарында ел Президенті «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қаражаты есебінен Орал қаласында көпфункционалды спорт кешенін салу мәселесін пысықтау бойынша тапсырма берді. Соны орындауға күш салып жатырмыз.

Қазіргі таңда нысан құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін белгілеу жөніндегі келіссөз аяқталды. Орал қаласының 10-шағынауданынан жер телімі таңдалды. Биыл қазан-қараша айларында кешеннің құрылысы басталмақ, – деді Қ. Есендияров.

Басқарма басшысының мәліметі бойынша былтыр облыс спортшылары әлем, Азия, ҚР чемпионаттарынан 1172  медаль жеңіп алған. Оның  424-і – алтын, 351-і –  күміс, 397-сі – қола. Өткен жылы облысымыздың 6 спортшысы әлемді аузына қаратып, талайды таңдай қаққызар жетістікке жетті. Олар – Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XXIV жазғы сурдлимпиадалық ойындарда сурдо-дзюдодан қола жүлде иеленген Дина Ержанова, ММА аралас жекпе-жектен Әбу-Дабидегі жаһандық жарыста қарсылас шыдатпаған Карина Сисенова, Венгрияның Сегед қаласында өткен байдарка мен каноэ есуден 18 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанған Мария Бровкова мен Болгарияның астанасы Софияда әйелдер күресінен өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс еншілеген Анастасия Панасович. Бүгінде ел мақтанышына айналып үлгерген батуттық гимнастика шебері Ислам Қабдолов та намысты қолдан бермейтін спортшы. Ол былтыр Болгарияда өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы чемпионатта күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ тоғызқұмалақтан Ақтөбе қаласында өткен IV әлем чемпионатында Әсет Қайыржанов екі мәрте  әлем  чемпионы  атанды.

Қаймен Есендияров биыл да өңір спортшылары түрлі жарыстарда жүлде салып үлгергенін атап өтті. Сондай-ақ спортшыларды әлеуметтік қолдау жайына да тоқталды.

– 2023 жылдың 5 айында өңір атлеттері әлем, Азия, ҚР чемпионаттарынан 741 медаль қанжығалады. Оның 283-і – алтын, 206-сы – күміс, 252-сі – қола. Жыл соңына дейін спортшыларымыз медаль санын арттыра түседі деген сенімдеміз. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысына сай спортшыларды жоғары спорттық жетістіктерге ынталандыру мақсатында облысымыз бойынша 300-ге жуық спортшы ресми жарыстарда көрсеткен нәтижелеріне сай ай сайын ақшалай төлемдерін алып келеді. Осы мақсатта биыл 236 млн теңге қаражат бөлінді, – деді басқарма басшысы.

Брифингте өңірдің бас спортшысына тілшілер сұрақ қойды. «Уральская неделя» басылымы жергілікті «Ақжайық» футбол клубының болашағы жайында сауал жолдады. Бүгінде қаржылық қиындыққа тап болған клуб  ел біріншілігінде тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Қаймен Есенаманұлы футбол клубының нәтижесі көңілден шықса, қосымша қаржы берілуі мүмкін  екенін  айтты.

Одан бөлек қала орталығындағы «Жастар»  стадионындағы жасанды мұз құятын аппарат не себепті жасамай тұрғаны жайында да сауал болды. Өкінішке орай, мұз жасайтын аппараттың арнайы кабелі істен шыққан. Алдағы уақытта арнайы кабель ауыстырылады.

Париж олимпиадасына бір жылдай уақыт қалды. «Орал өңірі» газетінің тілшісі төртжылдықтың басты додасына өңірімізден кімдер қатысатыны, оларға қандай жағдай жасалатыны жайында сауал қойды.

– Олимп шыңын бағындырған спортшы облысымыздан шығып жатса, бұл – үлкен мақтаныш. Сол бағытта жұмыстанамыз. Бүгінгі таңда олимпиадаға барады-ау деген үміткерлер аз емес. Солардың бірі – ескек есуші Мария Бровкова, тағы бір ескекшіміз Андрей Ергучев. Садақ атушы Алина Ілиясова, дзюдошы Гауһар Ермағамбетова, жүзуден Даниил Андросов, спорттық жүрістен Георгий Шейко және су добы шебері Даниил Артюк және бар. Біздің басты үмітіміз – осы спортшылар. Алда Азия ойындары, әлем чемпионаттары бар. Осы қыз-жігіттер олимпиада лецензиясын алса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Қ. Есенаманұлы.

Биыл облыс палуандары «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық кезеңінен шеттетіліп отыр. Оның себебі  неде  екені  де  сұралды.

– Спорт басқармасында көп талқыланып жатқан мәселенің бірі – осы. Біздің басқармаға «Қазақ күресі» ассоциациясынан іріктеу турнирі кезінде қателікке жол бергендерге қатысты шара қолдану туралы хат келді. Бірақ не үшін, қандай қателік кеткені жайында ештеңе көрсетілмеген. Сол себепті кері хат жолдап, не үшін жаза қолдану керек екенімізді сұрадым. Алдағы уақытта басқарама тарапынан тағы хат жолдап, облыс барыстарын турнирге қатыстыруын сұраймыз. Біздің барыстар биыл ол жарысқа қатысады деген үміттемін, – деді Қ. Есендияров.

Түгелбай  Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале