19.02.2021, 13:36
Оқылды: 24

"Жетістікке жетелеген 30 жыл"

Ата-бабамыз ғасырлар бойы мұрат тұтқаны – Егемендік, ел тыныштығы мен болашақ ұрпағының береке-бірлігі. Төгілген қан мен жалындаған жігермен келген Тәуелсіздіктің дәмі тәтті…

150953341_1105832126597199_2755233751888187616_n

Елбасының салиқалы саясаты мен көрегендігінің арқасында 30 жылдың ішінде Мемлекеттің кемелденуінің, мәдени өрісінің кеңеюінің және әлемдік өркениетте өзіндік орнын иемденуінің басты жолдарының бірі – оның білім беру жүйесінің дамуы болып саналады.

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» дейді халқымыз. Білімнің, сол білім алатын мектептің қаншалықты маңызға ие екенін осыдан-ақ көруге болады. Білімнің бастауы болып, оны жан-жақты дамытатын мектептің қоғамда алар орны ерекше. Ұлт қамы, ұрпақ болашағы үшін ерінбей еңбек етіп жатқан білім ордалары қаншама?!

150953333_1105832196597192_6110024152156927066_n

Сондай игі ісімен көпке үлгі болар мектептердің бірі – Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебі. Бұл мектептің алғашқы іргетасы 1991 жылы қаланған болатын. Алғашқы мектеп директоры болып СССР-ның Ағарту ісінің үздігі Марат Рамазанұлы Джумагулов тағайындалды. Алғаш ашылған кезде мектеп 1361 оқушымен 1991-1992 оқу жылын бастады. Сол оқу жылын 19 түлек тәмамдады. Алғашқы түлектер арасынан оқу озаттары – Маликов Виталий және Ивченко Елена болды. Мектептің алғашқы түлектерінің сынып жетекшісі Любовь Ивановна Позднекова еді. Мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Г.С.Қазиева, Ж.С.Әділбаева, А.Д.Мельникова, А.Б.Бакесовалар болды. 1992-1993 оқу жылында мектепте алғаш қазақ сыныптары ашылды, оқушы саны 1607-ге артып, мектептен 44 шәкірт түлеп ұшты. Сол оқу жылындағы директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Г.С.Қазиева, В.В.Логвин, Н.Орынбасаровна, Т.К.Рахатов, А.Д.Мельникова болды.

150890003_1105832289930516_1514105515043704110_n

Осы мектептің қабырғасы қаланғалы қызмет атқарып, ерен еңбегімен танылып келе жатқан ардагер ұстаз, математика пәнінің мұғалімі Марьям Ерсайынқызы Утегалиеваның естелігіне тоқталайық. «Жалпы бұл жылдарда Ақсай қаласында жалғыз ғана қазақ мектебі – Қызылтал жалпы орта білім беретін мектебі болатын. Қалада қазақ мектебі болмағандықтан, мен сол Қызылтал мектебіне екі оқу жылы бойы Ақсайдан қатынап жұмыс жасадым. 1992-1993 оқу жылынан бастап 1-11-сыныпқа дейін қазақ сыныптары ашылды. Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебінде қазақ сыныбы ашылған кезде мен осы мектепке ауысып келдім. Алғашқы мектеп директоры М.Р.Джумагулов үш жылдан соң аудандық білім беру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Мектепте қазақ сыныптары ашылған жылы әр сыныпта 7-8 оқушыдан ғана болды. Мектеп директоры бала саны толмаса, сыныптар жабылады деп, қазақ сыныбына бала іздеуге тапсырма берді. Біздер қазақ сыныбында қызмет атқаратын мұғалімдер көшеде бір қазақ көрсек, "Мектеп жасында балаңыз бар ма?, Қазақ сыныбы ашылды"- деп түсіндіру жұмысын жүргізіп, оқушы жинадық. Жаңа 5-ші ықшамаудандағы әр пәтердің есігін қағып та оқушы іздеген кездеріміз болды. Нәтижесінде сыныптағы оқушы саны 14-15 ке жетіп, қазақ сыныптарын сақтап қалдық.

151929715_1105832246597187_5568159002476625703_n

Мектепте қазақ сыныптары ашылған жылы аудан бойынша қазақша сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімі тапшы болды. №4 мектеп базасында бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын арнайы курс ашылды. Оның емтиханын Райхан Каримуллиевна, Анар Нұрпейісовна үшеуміз қабылдау емтиханын жасап, топ жиналуына атсалыстық. Әріптесім Анар Айдынғалиевна сол студенттерге сабақ берді.

Мектеп екі тілде оқытылды. 11-ші қазақ сыныбында 7 қыз бала оқыды, сынып жетекшісі – Мерует Хамзиевна Илекеева. 7 оқушымыз мектептің алғашқы қазақ сыныбының түлегі болды. 10-сыныпта 11 оқушы, сынып жетекшісі математика пәнінің мұғалімі Райхан Каримуллаевна Арыстанова. 9-шы сыныпқа география пәнінің мұғалімі Майра Диярова жетекші болды. Өзім жетекшілік еткен 8-сыныпты 7 оқушымен бастап, 14 оқушымен аяқтадым.

Мектепте біртіндеп тереңдетілген сыныптар ашыла бастады. 1993-1994 оқу жылында орыс сыныбында ағылшын тілі тереңдетілді. 1994-1995 оқу жылында қазақ сыныбында ағылшын тілі тереңдетілді. 1995-1996 оқу жылында орыс жағында гуманитарлық бағытта химия, биология пәндері тереңдетілді.

151474546_1105832163263862_999312199200232466_n

1996 жылы 26 сәуірде мектептің 5 жылдық мерейтойын атап өттік. Сол жылы мектепке директор болып Дайыр Кадырұлы Сапаров тағайындалды. Мерейтой аясында бір күнде 39 ашық сабақ, 6 тәрбие сағаты өткізілді. Мектепте «Ашық есік күні» болды.

1996 жылы тамыз мәслихатында мектепке "Ұлы ақын Абай" аты берілді. Бүгінгі күні сіздермен, кейінгі ұрпақпен, осы естеліктермен бөліскеніме қуаныштымын. Әрбір оқу жылы сайын қазақ сыныптары өсіп, өніп көбеюдеміз...», - деп өз сөзін аяқтады ардагер ұстаз.

Бүгінгі күні қазақ сыныбында мыңдаған шәкірт білім алуда.

Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздардың мерейі үстем болғай! Ерен еңбектері еленіп, Қазақстан Республикасының барлық марапат түрлеріне ие болған ұстаздарымызды мақтан тұтамыз. Бүгінгі күні 30 жылдық тарихы бар Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебі тамыры тереңге жайылған білім ордасына айналды. Осы Тәуелсіздік жылдары мектепте 1991-1996 жж. – Марат Рамазанұлы Джумагулов, 1996-2000 жж. – Дайыр Қадырұлы Сапаров, 2000 ж. – Балғаным Қуанышқызы Зейнетденова, 2001 ж. – Орынбасар Төлегенұлы Төлемісов, 2002-2016 жж. – Малика Кашукқызы Махауова, 2016-2019 жж. – Лаура Боранбайқызы Маметанова басшылық етті. 2019 жылдан мектепті Ерболат Мержанұлы Кенжегарин басқарып келеді. 2017 жылы мектеп облыстық "Жалпы білім беретін Үздік ұйым" байқауында бас жүлдеге ие болды. Бұл мектептен түлеп ұшқан әрбір шәкірт әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып, халықаралық деңгейде заман көшіне ілесіп, мектептің, Бөрлі ауданының абыройын көтеруде.

Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале