26.11.2021, 15:30
Оқылды: 56

Жетістікке жеткен қыз-келіншектер форумы

Дүниежүзілік банктің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, ақжаулықтылардың әлеуетін толық деңгейде пайдаланбаудың салдарынан күллі әлем жылына 30 трлн. АҚШ долларын жоғалтады. Сондықтан жаһандану заманында өркениетті мемлекеттер нәзік жандылардың саясатта, экономикада, әлеуметтік салада белсенді рөл атқаруына мүдделілік танытады. Дамушы елдер санатындағы біздің қоғамда да қыз-келіншектердің әлеуетін, мүмкіндік аясын кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында өткен жолымызды зерделеп, жетістіктерімізге марқайып, олқылықтарымызды түзетуге ұмтылып, болашаққа көз тігетініміз айқын. Тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктердің бірі ретінде  отандық кәсіпкерлік саласының қалыптасуы мен дамуын мысалға келтіруге болады. Күллі еліміздегідей Ақ Жайық өңірінің экономикалық дамуында әйелдердің үлесі қомақты. Облыстық мәслихат ғимаратында "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы жанындағы кәсіпкер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен "Бизнестегі әйел: табысқа жету қадамдары" атты іскер әйелдердің форумына кәсіптерінен табыс тапқан, өзгелерді жұмыспен қамтыған қыз-келіншектер, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарынан делегаттар қатысты.  Олар жетістікке жету сырларымен бөлісіп, жас толқынды өнегелерімен жігерлендірді. «Мұндай әйелдерді self-made woman деп айтуға болады, олар  жетістіктерге өз бетімен, адал еңбегімен, шыдамдылығымен жетті»,  – деді облыс басшысы Ғали Есқалиев алқалы жиындағы құттықтау сөзінде.

WhatsApp Image 2021-11-26 at 11.18.29

– «Әйелдің асылы ісінен білінеді» дейді. Қыз-келіншектер еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға белсенді атсалысып келеді. Бүгінде олардың шағын және орта кәсіпкерліктегі үлесі ер азаматтармен тең болып отыр. Қызмет көрсету мен сауда салаларында жеке кәсіп ашып отырған әйелдер жаңа жұмыс орындарын ашуға, отбасылық кәсіпкерлікті қалыптастыруға септіктерін тигізуде. Отбасының ұйытқысы бола білген келіншектер жеке кәсіпте де табысты, іскер тұлға болып қалыптасқан. Әйелдердің іскерлік қарқыны Қазақстанда ғана емес, әлемнің бірқатар елдерінде қалыптасқан. Әйгілі Наполеон «Өрке­ниетті әрі білімді ұрпақтың қалыптасқанын қаласаңыздар, бірінші аналарға білім беріңдер» деген екен. Ал қазіргі заманда білім өмірлік тәжірибемен, қоғамдағы белсенділікпен де келеті­нін ескерсек, ешкімнің қоғам дамуынан қалыс қалуына болмайды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болам десең, бесі­гіңді түзе» дегені де, сол бесік­ті тербететін әйелдер рөлімен тіке­лей байланысты. Қай қоғам­да болмасын әйелдің арқалаған жүгі жеңіл болған емес. Бұл тұрғыда әйелдер іскерлігін ілгерілетудің, ханымдарды кәсіп­керлікке бейімдеудің  жөні бөлек еке­ні рас. Оған әрдайым қолдау қажет. Еңбектеріңіз жемісті, жетістіктеріңіз молынан болғай! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік пен толағай табыстар тілеймін! – деді Ғали Есқалиев.

WhatsApp Image 2021-11-26 at 11.18.24

Оффлайн және онлайн сипатында  ұйымдастырылған басқосуда қатысушыларды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, Парламент Сенатының депутаты Ләззат Рысбекова, Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашевалар онлайн құттықтады.

WhatsApp Image 2021-11-26 at 11.18.17

Форумда  облыстық іскер әйелдер кеңесінің 2020-2021 жылдардағы атқарған жұмыстары жайында БҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Ляна Тұрсынованың есебі тыңдалды. Баяндамада айтылғандай, бүгінде облыста 50 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген және оның  22 мыңнан астамын әйелдер (44,4%) басқарады. Өңірдегі іскер әйелдер кеңесі тұрақты жұмыс істейді. Кеңес кәсіпкерлер палатасының консультативтік-кеңесші құрылымының міндетін атқарады, қыз-келіншектердің кәсіпкерлігін дамытуға қолдау көрсетеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес – бастау» жобасына қатысқан нәзік жандылар үлесінің 42%-ды құрауы олардың белсенділігін көрсетеді.

WhatsApp Image 2021-11-26 at 11.18.18

– «Бизнес-Бастау» түлектері іскер әйелдер кеңесінің қатарын толықтыруда. Оларға түрлі кәсіпорындарда шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Мұндай тәжірибе алмасулар кондитерлік цехтарда, қоғамдық тамақтандыру орындарында, тігін және қолөнер шеберханаларында, ауыл шаруашылығы салаларындағы  «Уланова», «Нұр» шаруа қожалықтарында, Валентина Горбунованың гүл шаруашылығында өткізілді. Осындай шеберлік сыныптары мен тренингтердің тәжірибелік жалғасы пайда болды. Мысалы, «Арба» қоғамдық бірлестігінде арбамен жүретін қыздар маникюр, массаж жасауға және құрақ көрпе тігуге үйренді. Ең қатаң карантиндік шаралар кезінде   біздің қаржылық бөлімнің жетекші кәсіпкерлері кестеге сәйкес әлеуметтік желілердегі парақшаларында онлайн-кеңес беруді жүйелі жүргізді. Біз тікелей эфирге шығып, іскер әйелдің өзекті ситуациялық сұрақтарына жауап бердік,  –  деді Ляна Тұрсынова.

WhatsApp Image 2021-11-26 at 11.18.20

WhatsApp Image 2021-11-26 at 11.18.19

Аталмыш кеңес 2020 жылы БҚО-да туризм қауымдастығын құру туралы бастама көтеріп қана қоймай, жергілікті атқарушы құрылымдарға ішкі туризмді дамыту жоспарын ұсынды. Биыл шеберлер қауымдастығы құрылды. Алдағы жылы әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығын құру, қолөнершілер орталығын ашу жоспарланған. Жақында облыста алғаш рет «Құрақкөрпе» көрмесі ұйымдастырылды. Өңіріміздің ісмер қыздары Түркістан қаласында өткен халықаралық қолөнер фестивалі-жәрмеңкесінде лайықты орын алып, облыстың мерейін тасытты. Іскер әйелдердің өңірлік кеңестері ауылдардағы әйелдері шағын және орта бизнеске тартуға жұмыстануда. Әсіресе Ақжайық, Бөрлі, Тасқала, Бәйтерек аудандарының кеңестерінің жақсы жұмыстары атап өтілді. Алайда Сырым және Қаратөбе аудандары кеңестерінің қызметтері мардымсыз.

WhatsApp Image 2021-11-26 at 11.18.27

– «Бизнес нөлден» – бұл өз ісін енді бастап жатқандарға арналған жобаның атауы. Осы жобаның қатысушысы, жеті баланың анасы Гауһар Сұлтанғалиева бүгін өзінің бастаған жолы туралы әңгімелейді. Тағы бір жоба «Партадан жалақыға дейін» аз қамтылған отбасылардың ұл-қыздарын қамқорлауға бағытталған. Бұл жоба бойынша 8-сыныптың 4 оқушысының (қазір олар 9-сыныпта оқиды) оқуына, мектептен тыс білім алуына, тіл үйренуіне, колледжге түсуіне, жұмысқа орналасуына және одан әрі бизнеске араласуға жетелеп, бағыттауда. Кеңес жанынан елімізде алғаш рет «WEST WUMEN» тігінші әйелдер кооперативі құрылды. 2022 жылы Бөкей ордасы ауданында тағы бір «Бір ауыл – бір өнім» жобасын қанатқақты режимде жүзеге асыру жоспарланған.  Әйелдер кеңесінің бастамасымен облыс оқушылары арасында «Мен болашақ кәсіпкермін» байқауы өткізілуде. Келесі жылы ауылдық жерлерде іскер әйелдер кеңестері жанынан кооператив құру көзделген.  Қанатқақты режімде Ақжайық ауданында жүзеге асырамақпыз. Кеңес  мүшелері  15 сауын сиыр сатып алды. Енді көктемде тағы 10 сиыр сатып алып,  сүт өңдейтін шағын өндіріс ашу жоспарлануда. Кеңес қызметі кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейді. Қайырымдылық пен мұқтаж жерлестерге көмек көрсету – ақжаулықтылардың өмір сүру салты. Осы жылдар ішінде біз жүздеген көпбалалы және аз қамтылған отбасыға қаржылай көмек көрсеттік, сонымен қатар карантиндік шаралар  кезінде денсаулық сақтау мекемелеріне қолдау көрсеттік,  –  деді Ляна Тұрсынова.

WhatsApp Image 2021-11-26 at 11.18.21

Форум барысында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданынан көпбалалы кәсіпкер-ана Гаухар Сұлтанғалиева, Теректі ауданынан жас кәсіпкер, "NURBERGEN Health Resort" шипажайының басшысы Айна Баемирова, облыстық іскер әйелдер кеңесінің "West Women" кооперативінің директоры Зульфия  Кубеева,  Ақсай қаласындағы №4 мектептің 11-сынып оқушысы Гаухар Жұмағұлова өз жоба-бастамалары жөнінде ой бөлісті.

WhatsApp Image 2021-11-26 at 11.18.36

Шара соңында Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарының делегаттары, іскер әйелдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

WhatsApp Image 2021-11-26 at 11.18.23 (1)

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале