3.03.2020, 16:44
Оқылды: 19

  Жетпіс мыңға жуық халқы бар Зашағанға емхана жетіспей тұр

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев халық көп шоғырланған Зашаған кентіндегі №6 емханада болды. Өңір басшысының айтуынша, соңғы кездері халықпен байланыс орнатуға арналған әлеуметтік желідегі парақшасына бұл емхананың жұмысына көңілі толмаған тұрғындардың хаттары жиілеген.

Akim 7
        Айта кетейік, елімізде соңғы жылдары халықтың денсаулығы басты назарға алынып, медицина саласы едәуір ілгерілеген болатын. Соған қарамастан шаһар тұрғындарынан қажет дәрігеріне уақтылы қарала алмайтындығы, электрондық кезек орнатылғанымен келушілердің көптігінен уақыт жоғалтатындығы туралы шағымдар легі азаймаған.

Akim 6

         Сейсенбі күні ертемен денсаулық басқармасы және басқа да құзырлы мекемеге алдын ала ескертпей, емхананы аралаған өңір басшысы тұрғындардың арыз-шағымдарын өз ауыздарынан тыңдады.

Akim 5

Аталған емдеу мекемесі директорының орынбасары Гүлнар Әуелбаеваның мәлімдеуінше, тәулігіне 250 адамды емдеуге ғана шақталған емхана бүгіндер күніне 1000-ға жуық тұрғынды қамтуға мәжбүр болып отыр. Жалпы Зашаған кентінде тұратын 69 мыңнан астам халыққа жоғары білімді 20 дәрігер қызмет көрсетеді.

Akim 9

– Соңғы жылдары бірнеше шағын аудандар құрылып, біраз көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Көшіп келушілер өте көп. Бұл ауданның тұрғындарының дені – жастар. Жетпіс мыңға жуық халық болса, соның 23 мыңын балалар құрайды. Біздің емханада тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 42 учаске құрылған. Әр учаскелік дәрігерге 1700-дей тұрғын бекітілген. Жоғары білімді 20 дәрігер мен бірнеше салалық мамандар жетіспейтіні де шындық. Маман жоқ екен деп қарап отырған жоқпыз. Түйткілді шешу үшін облыстық және қалалық көпбейінді емханалармен, диагностикалық орталықпен, тіс емдеу және балаларға арналған емхана секілді 18 мекемемен екіжақты келісімшартқа отырдық. Келушілердің диагнозына қарай сол емханаларға жолдаймыз. Емхана қажетті мамандармен толықпайынша осылай амалдай тұруымызға тура келеді, – дейді Гүлнар Нағиқызы.

Емхананың әр қабатын аралап шыққан облыс әкімі келушілердің жағдайын сұрап, қызмет көрсету сапасы жөнінде пікірлерін тыңдады.

Akim 8

– Мен жүрек ауруымен ауырамын. Қан қысымым да жоғары. Дәрігерге тексеріліп, ем алу үшін арнайы порталға тіркелуіміз керек. Ал ауруы жанына батқан адам бір ай күте алса жақсы. Мен бұл жерде емхана басшысына немесе дәрігерлерге кінә тағудан аулақпын. Олар қолдан келгендерінше жұмыс жасауда. Облыс басшысы ретінде сізден халқы тығыз орналасқан осы ауданға тағы бір емхана салуды сұрар едім. Бұл тек менің ғана емес барлық тұрғындардың тілегі деп білерсіз, – деді Меңдібай Ізтілеуов есімді зейнеткер.

Ал зейнеткер ұстаз Самиға Өтегенова емханаға бірнеше рет келіп, көз дәрігеріне кіре алмағанын, амалы таусылған соң жеке емханаға барып, ақылы түрде ем алғанын айтты.

Емделушілердің мұң-мұқтажын тыңдаған облыс басшысы дәрігерге электронды тіркелу жолының ашықтығын, әлеуметтік сақтандыруға байланысты тегін көрсетілетін қызмет түрлерін тексеріп, мамандарға барынша сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.

Дертіне шипа іздеп келгендер бірі уақтылы дәрігердің қабылдауына кіре алмайтындығын жеткізсе, енді бірі емхана қызметіне көңілдері толатынын айтты.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице в Instagram и нашем Telegram-канале

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале