Биылғы елішік футбол маусымында жергілікті «Ақжайық» командасы 14-ші орынға жайғасты. Шыны керек, бұған оралдық жанкүйер аса қуана қоймады. Тек ел кубогінің финалы жабырқау көңілге демеу болғандай еді. Бірақ Кучиннің қиғылық салуы кубоктан айырып, команда ол жақтан құралақан келді.
Көп адамды «Осы күні команда бәрібір төмен нәтиже көрсетсе, Орал футболының тәрбиеленушілері не себепті чемпионатта ойнамады?» деген сауал мазалап жүр. Олай деуге негіз де жоқ емес. Егер команда алдына үлкен мақсат қойған болса, соған сай футболшыны құрамаға алуы керек қой. Ал біздің өңірде жергілікті футболшылар командаға алынбайды не сырттан қосқан ойыншылар да көпшілікті қуантпайды. Биылғы маусымда «Ақжайық» құрамында үш қақпашы болды. Олар – Белоруссиядан келген Радион Саямук, ресейлік Степан Сикач және Украинадан келген Константин Махновский. Еуразиялық одақ елінің футболшылары легионер болып есептелмейтіндіктен, үшеуінің ішіндегі Махновский – жалғыз легионер. Бірақ ол биылғы чемпионатта бар болғаны үш ойын өткізді. Жанкүйерлер бұл қақпашылардың ішінен Радион Сямукты ғана мойындады. Чемпионатта бар болғаны бес матчқа қатысқан белорусь-тік футболшы осы матчтарда өзін жақсы қырынан таныта алды. Ал Степан Сикачтың ойынына ешкімнің көңілі толмады десек, артық айтқанымыз емес. Қосылғыштардың орын ауыстырғанымен, қосынды өзгермейтінін ескерсек, Махновскийдің орнына жергілікті Азат Бакитовты қоюға да болар еді. Оның үстіне, Азат биыл жастар құрамасына шақырту алды. Ал құрама сапына шеберлігі пәс ойыншы алынбайтыны анық. Иә, тәжірибесі аз болар. Бірақ өзін сынап, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берсе, сенімді ақтауға тырысары анық еді.
Легионерлерден пайда аз
Жалпы биылғы чемпионатта «Ақжайық» құрамында он елден келген футболшылар өнер көрсетті. Атап көрсетер болсақ, Ресей мен Украинадан төрт, Белоруссиядан үш, Армения мен Грузиядан екі, Солтүстік Македониядан бір, Бразилиядан бір, Сербиядан екі және Хорватия мен Черногориядан бір-бір ойыншы болды. Балқан түбегінен келген ойыншылар маусым ортасында басқа командаға кетті. Ал қалғандары әлі маусым соңына дейін болды. Осы күні кей жанкүйер командада Джорджо Ивкович, Мате Црнчевич, Шалета Кордич сынды ойыншылар болғанын да білмейді немесе білгісі де келмейді. Олар түгілі, маусым соңына дейін құрамда болған ресейлік Александр Вулффов пен украиндық Маким Каленчук және жоғарыда аты аталған қақпашы Константин Махновскийді де тани бермейді. Олардың қатарына қазақстандық Савелий Глазуновты қосыңыз. Бұлардың әрқайсысы кем дегенде екі, көп дегенде жеті ойын өткізді. Маусым соңында бәрібір турнир кестесінің төменгі жағынан орын алатын болсақ, олардың орнына жергілікті ойыншыларды қосуға болмас па еді? Бір маусымда кем дегенде үш ойынды жоғары деңгейде өткізіп, кәсіби шеберлік танытар ойыншы бар болар? Өткен маусымда бірінші лигадағы «Байқоңыр» сапында ойнаған оралдық Әділет Болатов Мате Црнчевичтен олқы соғады дегенге кім сенеді? Әділет «Байқоңырдың» 24 матчына қатысып, төрт гол соқты және бір нәтижелі пас шығарды. Маусым ортасында туған командасынан орын ала алмаған Магомед Оджиев есімді футболшымыз «Арыс» командасына ауысуға мәжбүр болды. Жаңа командасының жастар құрамында 11 ойынға қатысқан Магомед бес гол соқты. Шалета Кордичқа берілген мүмкіндікке Магомед те лайық секілді көрінеді. Бұл жерде аяқталған маусымда «Ақжайық» құрамын толықтырған 20 легионердің барлығының шеберлігі төмен деп айтуға тағы болмайды. Тоба Табатадзе, Лука Имнадзе, Рафаель Сабино, Виталий Прендетта сынды футболшылар өздерін жақсы қырынан таныта білді. Стадионға келген жанкүйер бұл ойыншыларға құрметпен қарады. Ел футболының аңызы Самат Смақов: «Командаға келген легионерлер жергілікті ойыншылардан бір бас жоғары болуы керек. Сондай жігіттерге қарап, біздің футболшылар бой түзейді», – деген бір сұхбатында. Міне, аты аталған төрт футболшы жас ойыншыларға үлгі бола алатындай ойын көрсетті. Өкініштісі, барлығының футбол клубымен жасасқан келісімшарттары маусым соңында аяқталады да, еркін агент ретінде жақсы келісімшарт ұсынған басқа командаға ауысып кетеді. Ал олардың көпшілікке танылуына себепші болған «Ақжайық» тағы да жер сипап қалады. Өйткені оларды сатып, ақша да таппайды. Бұрынғы кезде Адеринсола Эссеолаға қатысты дәл осындай жағдай болған. «Ақжайықтың» жергілікті ойыншылардан айырылғаны былай тұрсын, легионер жинап, солардан пайда да көре алмағанымызға тағы қынжыламыз. Осы ретте футболды дамытам деген ойымыз болса, клуб бюджеті бір маусымға ғана емес, бірнеше жылға есептеп берілсе жөн болатындай.
«Балам футболшы болса...»
Команданың құрамында жергілікті жігіттер мүлдем жоқ деу де әбестік. Негізгі құрамда Бауыржан Омаров, Эльдар Абдрахманов, Руслан Хаиров, Бекзат Иманғазеев сынды ойыншылар болды. Бірақ Бауыржан мен Эльдардан басқасы көбіне қосалқы құрамда қалып жүрді. Жергілікті футбол жұлдызы саналатын Руслан Хаировтың өзі биылғы чемпионатта бар болғаны бес ойын өткізген. Ал жас футболшы Бекзат Иманғазеев тоғыз ойынға қатысты. Кезінде жастар футболында көзге түскен Бауыржан мен Русланды бапкерлер «отқа да, суға да салып», елішілік матчтарда әбден шыңдағанын ұмытпайық. Бірақ сол 2000 жылдардың басында әжептәуір ойыншы болып қалыптасқан жігіттердің ізін басады деген жастардың жолын бөгеп жүргендейміз. Егер біздің жас буын футболшыларымыз ел чемпионатында төмен деңгейде өнер көрсетсе, клубтың сапындағы балалар мен жастарды тәрбиелеп жүрген бапкерлерді не үшін ұстап отырмыз? Командаға ойыншы дайындай алмаса, бапкерлер неге жұмыс істеп жүр? Әлде сырттан келген бапкерлер жергілікті жігіттерге сенбей ме? Екінші нұсқа шындыққа келіңкірейтін секілді. Өйткені екінші лигада өнер көрсететін «Ақжайықтың» жастар командасы ешкімнен кем емес екенін көрсете алды.
Осы ретте клубтың жастар командасын баптап жүрген Вячеслав Невольниковпен сөйлесіп, «Біздің жастардың шеберлігі кемшін бе?» деген сауалды төтесінен қойдық. Бір мысқал кемдігі жоқ екен. Олай деп ауыз толтырып айтуға болатын дәйекті бапкердің өзі алға тартты. Биыл екінші лигада өнер көрсеткен «Ақжайық М» командасы оңтүстік-батыс конференциясында бесінші орынға ие болды. Бұл – үлкен жетістік. Осы кезге дейін жас футболшылар мұндай биікке ешқашан көтеріліп көрмеді. Еліміздің батыс өңірінің командалары ішінде екінші көрсеткіш болып есептелінеді. Алға тек «Ақтөбе» клубының жастар құрамы шықты. Маңғыстаулықтар мен атыраулықтар артта қалды. «Ақжайықтың» жастар командасынан өз жасындағы ұлттық құрама сапына жоғарыда аты аталған қақпашы Азат Бақытовтан бөлек, шабуылшы Ислам Амангелдиев пен Темірлан Үмбетов шақырту алған. Одан бөлек, болашағынан үміт күттіретін Рысбек Қоңыров, Роман Божко, Самат Бердәулетов, Батыр Мұқашев, Әйбек Жұмаханов, Николай Жилин, Даниил Алмазұлы деген жас перілер өсіп келеді. Жастар командасының бапкері аталған ойыншыларға сенім артып, негізгі құрамнан орын берсе, намысты қолдан бермеуге тырысатынын айтады. Тек басқаларынан жасы кіші Николай Жилин, Ислам Амангелдиев, ең болмаса, бір жыл ысылуы керек екен.
«Ақжайық» чемпионаттың қорытындысында бірінші топқа түсіп қалды. Енді екінші лиганың командасы жабылатын болса, Николай мен Ислам ойын тәжірибесінен айырылып қала ма деген қорқыныш тек жастар командасының бапкері Вячеславты ғана емес, барша жанкүйерді мазалап жүр.
Көкейтесті сауалдарды клуб басшысының міндетін атқарушы Манарбек Ержановқа қойдық. Оның айтуынша, келер маусымда команданың негізін жергілікті ойыншылар құрайды екен. Қазірдің өзінде жақсы ойын өрнегін көрсетіп үлгерген Батыр Мұқашев, Әйіп-Нұртас Төрехан, Азат Бақытов, Роман Божко, Самат Бердәулетов және басқа да жас жігіттер желтоқсан айының 15-інен кейін басталатын оқу-жаттығу жиындарына шақыртылған.
– Еліміздің басқа облыстарында доп тепкен Әділет Болатов, Магомед Оджиев сынды жігіттерді де назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Бірінші лига ережесі бойынша команда құрамы 27 ойыншыдан аспауы керек. Үш легионер, үш еуразиялық ынтымақтастық ұйымының құрамына кіретін елдердің ойыншысын алуға рұқсат бар. Қазірдің өзінде мықты деген екі-үш легионермен келістік. Оларға өзіміздің жергілікті жастарды қоссақ, келер жылы жоғары топқа оралу мәселе-сін шешуге болады. Өйткені біздің жастар бабына енді. Оларды ересектер додасына салуға әбден болады, – деді клуб директоры басшысының міндетін атқарушы Манарбек Ержанов.
Иә, расымен де, жергілікті ойыншыларды құрамға енгізуіміз керек. Осы кезге дейін екінші лигада ойнаған оралдық жас футболшылар кемеліне келген секілді. Енді бірінші лигада өздерін көрсетуі тиіс. Олай болмаған жағдайда, тағы да сырттан ойыншы шақыртуға тура келеді. Сол себепті жоғарыда аты аталған жігіттер сенімді ақтау үшін барын салулары керек. Тағы бір өкініштісі, екінші лига клубы қызметін тоқтатады. Биыл жас футболшылар арасында атой салған, бірақ бабы кемшін Ислам Амангелдиев пен Николай Жилиннен қол үзіп қалмасақ абзал болар еді.
Сөз соңында
Осы күні «Ақжайық» футбол клубының балалар орталығында 500-ден астам балақай футбол әліппесін үйреніп жүр. Жеткіншек футболшылар 7-8 жасынан 21 жасқа дейін клуб қарамағында болады. Болашақ футболшыларға 22 бапкер тәрбие береді. Клуб басшысының міндетін атқарушыдан футбол орталығы туралы да сұрап білдік. Ол орталық өз жұмысын міндетті түрде жалғастыратынын айтты. Өйткені кез келген клубтың футбол орталығы болуы керек.
«Балам футболшы болса» деп армандайтын ата-аналар қатарында жәнібектік Марал Төлешев те бар. Оның 2012 жылы туған ұлы «Ақжайық» футбол клубының балалар академиясында жаттығады. Марал клуб бапкерлерінің жұмысы көңілінен шығатынын айтты. Осы кезге дейін ұлы Есімжан еліміздің көптеген қаласында болып, біраз белесті бағындырған.
– Жәнібек ауданына қарасты Қамысты ауылында тұрамыз. Ұлым туған ауылында жаттығып жүр. Каникул кезінде жұмыстан уақытша демалысқа шығып, баламды облыс орталығына алып келемін. Қаладан пәтер жалдап, бірнеше апта болса да, Оралда өз командасымен бірге жаттығады. Жолдың алыстығы мен нашарлығына қарамаймыз. Кейде анасы, кейде өзім алып келемін. Ал сабақ кезінде ұлым ауылда және аудан орталығында жаттығады, – дейді Марал Төлешев.
Тынымсыз еңбек өз жемісін беруде. Ұлының болашағы үшін алаңдайтын әке еңбегін ақтауды Есімжан алға мақсат етіп қойған. Қолы қалт етсе, аудан орталығына барып, шеберлігін шыңдауды әдетке айналдырған. «Ұлым футбол үйірмесіне барған күннен жаттығудан себепсіз қалған емес. Былайғы уақытта қалада, ауылда жасаған жаттығуының арқасында өзі жасындағы «Ақжайық» командасының негізгі құрамына енді. Болашағынан үлкен үміт күтемін», – дейді Марал Төлешев.
Иә, әке болса, Маралдай-ақ болсын. «Ақжайықтың» жастар командасында доп теуіп жүрген қорғаушы Нұрсұлтан Жұбандық деген жігіт бар. Ақжайық ауданындағы мектептің жоғары сыныптарында оқып жүрген кезінде сенбі-жексенбі күндері облыс орталығына келіп, өзімен қатарлас жігіттермен бірге жаттығу жасап жүрді. Осы күні екінші лигада алты ойын өткізіп үлгерді. 2019 жылы 18 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы ел чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.
Міне, футбол үшін алысты жақын етіп, арманына қол жеткізу мақсатында жас футболшылар мен ата-аналар көп нәрседен бас тартуға бар. «Күндердің күнінде осынша қаражат жұмсап, осынша еңбек еткен Маралдың ұлы Есімжанның орнын сырттан келген легионер басып жатса, әке еңбегі еш кеткендей болмай ма?» деген сауал туындайды. Бұл – бір ғана мысал. Ал таң атпай ұлын жетектеп стадионға алып келетін, одан соң үйіне, мектепке алып барып жүрген ата-ана қаншама? Жылдар бойы жанкешті еңбек ақталса игі...
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz