«Ауылына қарап, азаматын таны» деген тәмсіл бар еді ғой, енді соны өткірлеңкіреп, «Еліне қарап, ерлерін таны» деуге тура келетін сияқты. Иә, Құдайдан ұл тілегенде «Ер бала – шаңырақтың иесі, елдің тірегі болады» деп тілейді қазақ. Азаматтың азамат болып өскенін қалайды, ірілік күтеді олардан. Қиналса, сүйеніш болатын, шаршаса, қолтығынан демейтін қайраттылық көргісі келеді бөрік кигендердің бойынан. Сол деңгейден табылып жүр ме бүгінгі күннің жігіттері? Табылса, елдің сиқы (Абай) неден бұзылды? Бүгінгі қоғамымызда орын алып тұрған келеңсіздіктерді болдырмауға, болса, себебін біліп, түбірінен түзеуге қауқары бар ма азаматтар қауымының?
Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында оздырылған «Ата тәрбиесі мен ғибраты» атты аудандық форумда осынау «ауырлығы табыттай» (Ж. Н.) мәселелер ашық талқыланды. Аталар, әкелер және немерелер, яғни бөріктілер бас қосқан бұл алқалы жиынның маңыздылығын төрден орын алған шешендердің (спикерлер) қатары-ақ айқындап тұр.
Облысқа танымал өлкетанушы, айтары бар ардагер ағамыз Тыныштық Өтешқалиев, ардақты ардагер-ұстаз Айтуған Шарафутдинов, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Шаһидолла Әбуғали, БҚО адвокаттар алқасының адвокаты, заңгер Аслан Еслямғалиев сияқты дуалы ауыз азаматтар сөз саптағанда, тыңдағанды ұйытты.
Ата. Әке. Немере. Осы үш буынның байланысын һәм сабақтастығын әлсіретуге болмайтынын, «Ата көрген – оқ жонар» дегендей, бүгінгі аталардың қос ғасырды көріп, көкірегіне түйіп келіп отырған түсінік-тәжірибесі мол жандар екенін, олардың қаіргі өмірден тысқары қалмай, үн қосып, қоғам тәрбиесіне белсене араласуы және қоғамның өзі соны қажетсінуі керек екенін айтқан Тыныштық ағаның пікірін залда лық толып отырған халық ықыласпен тыңдады.
Бұдан кейін лед-экраннан бейнебаян жіберілді: қартайып, алдындағы асын төгіп-шашып, шыны ыдысын қолынан түсіріп сындырып ал-ған қайын атасына зекіген келін, әйеліне айтқанын тыңдатпақ түгілі, оның ыңғайынан шыға алмай, әкесін бөлек бөлмеге апарып тастаған ұл... Осының бәрін көріп, үнсіз бақылап отырған немере... Кешікпей сол немеренің еңбек сабағында жасап әкеліп, әкесіне тартқан сыйы – ағаш аяқ... «Неге аяқ?» деген сұраққа «Ертең сендер де қартайып, қолдарыңнан түсіріп алғанда, сынбайтын болады, келесіде сізге де жасап әкелемін, анашым», – деген жауап алуы... Осы сюжеттен соң Айтуған ұстаз пікірімен бөлісті. «Әкеңе не істесең, алдыңа сол келер» дегеннен таратып, құлағы тыныш болуы үшін баласына бір телефон (дұрысы, баласын телефонға) беріп қойып, содан соң өзі де телефонымен әуре болып, әкелік жауапкершілікті естен шығарған адамдардың күні ертең осыдан опық жейтінін айтты. «Безбүйрек шешеден – безер қыз, баласын тәрбиелеуге ерінген әкеден – бетбақ ұл өсуі заңдылық. Ал бұл көрініс жаппай белең алса – рухани дағдарыс» деген түйінге тыңдағандардың өздері келетіндей ой тасталды.
Тектілік сыры, жеті атасын білу, туыстық қарым-қатынас институтынан айырылып қалмау хақында сөз қозғаған Шаһидолла ағаның толғанысы да тыңдағанды бейжай қалдырған жоқ. Құнанбай, Абай, Шәкәрімнен тартып, бүгінгі халмен ұштастырған рухты әңгіме салиқалы жиынның мазмұн-мақсатын аша түсті.
Қорғаушы Аслан Еслямғалиев дерекпен келтіре отырып, өңірдегі өткір қоғамдық мәселелер туралы мағлұматтарды ортаға салды. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс, отбасы жанжалдарының көбеюінен ажырасқандар санының артуы, сотта тірі жетімдер қатарына қосылғалы тұрған балалардың жәутеңдеп жылап, жан дүниесі соққы алатыны, кейін сол балалардың психикасы әлсіз болатыны жайлы әңгіме өрбітті. Бұрынғы балалар арасында ара-тұра болып жататын бұзақылық, төбелес, я болмаса велосипедтің бірдеңесін ағытып алып кету дегендердің «ойыншық» болып қалғанына, қазір психотроптық дәрілердің, түрлі энергетикалық сусындардың әсерімен жан шошытарлық сұмдық қылмыстар өршіп тұрғанына назар аудартты заңгер. Өзге жұртқа еліктеп, ұлтымызға ғана тән келінене институттарынан айырылып қалмау, яғни табалдырықтан аттаған келінді кемі үш-бес жыл қолда ұстап, жас отаудың босағасын бекітіп жіберген дұрыс екенін де айтып өтті. Келе салып бөлек шығуға асығатын келіндер, отбасының берекесін қашырып, әйелін балаларының көзінше қан-жоса қылып сабайтын еркексымақтар бар екенін де талқыға салды. Осының бәрі – бүгінгі қоғамның бейнесі.
Көкейтестіге айналып, ушығып тұрған мәселені талқылауға пейіл танытты көпшілік. Әсіресе ауыл ақсақалы Көшербай Сыдықовтың бүгінде бала түгілі, ата-ананың өзіне тәрбие керегін осып айтқан сөзі жетесіне жетті. «Бұрында үлкен кісінің, соның ішінде мұғалімнің жолын кесіп өтпеу деген үлкен мәдениетіміз бар еді, қайда кетті сол? Себебі үйден айтып отыратын ата-ана жоқ. Отырып алып, баланың көзінше мұғалімді жамандауға, оғаш әңгіме айтуға, баланың сөзін сөйлеп жақтаса кетуге болмайды. Әке-шешеміздің мұғалімге «Еті сенікі, сүйегі менікі» деп тапсырғанынан кем қалған ештеңеміз жоқ. Тәртіпсіздік жасап, мұғалімнен жаза алып, оны үйге айтып келсең, әке-шешең «Өзің бірдеңе бүлдірген болып тұрсың ғой, әйтпесе, неге ұрсады?» деп екінші рет өздері ұрады. Сол тәртіптен жаман болдық па? «Балаңды аясаң – аяма» деген бар, қазіргі баласын жақтап, мұғалімге күн бермейтін жас ата-аналарға үйдегі үлкендер «Қой!» деп жөнін көрсетіп отыруы керек. Болмайды бұлай!» деп кесек-кесек жөн-жосық айтты жасы үлкен ел ағасы.
Қысқасы, киіз үйді уық көтеретініндей, мемлекеттің, қоғамның мықтылығын ұстап тұратын – әр үй, әр шаңырақ. Шаңырақтың беріктігіне ер-азамат жауапты. Ендеше, сол азаматтар өздерінен бастасын. Тентегі мен телісі болса, тыятын, етек-жеңі жайылса, жиятын уақыт болды деген ортақ ұйғарымға келді жиылғандар.
Келелі форумды сөз сөйлеп ашқан аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев бастап, орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Шапихов, ақсақалдар алқасының төрағасы Фазыл Сапаров, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар, Жаңақала ЖОББМ директоры Бегайым Есенғалиевалар қатысып отырды. Білім ордаларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларын, аталар мен әкелер аудиториясын қамтыған ауқымды шара басталарда ұлттық тағамдар үстелінен дәм ұсынылып, фойедегі көрмеде қолөнер шеберлерінің үздік туындылары таныстырылды. Келген қонақтарды Қали Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің өнерпаздары күй құлпыртқан оркестрмен қарсы алды.
Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараларды ауыл-ауыл, мектеп-мектептерде түгел өткізіп шықса да, артық емес. Уақыт талабы солай болып тұр, аңдасақ...
Форум соңында оқылған айтыскер ақын, ұстаз Данияр Нысанғалиевтың:
«Ер бала болам десе табандырақ,
Оған мұрша бермейді заман бірақ.
Сондықтан ақыл айтар ата керек,
Жақсыдан кетпеу үшін балаң жырақ.
Біз білетін қайсыбір үлкендердің,
Біртүрлі қылықтары алаң қылад(ы).
Қайтіп ақыл айтады кейінгіге,
Жарықты жүрсе өздері қараңғылап.
Дарияның сарқылғаны түзелер-ау,
Қарияның сарқылғаны жаман бірақ...», – деген өлең жолдары қазіргі қоғамның жанайқайы сияқты естілгені де сол.
Асланбек Жолаев,
Жаңақала жалпы орта білім беретін
Мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары