Бүгін ауылдардағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған жоба жеңімпаздарының жұмысы қорытындыланды.
Аталмыш шара Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайындағы «Бастау» коворкинг орталығында ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен мамандарының, ҮЕҰ төрағалары мен жастар ресурстық орталықтары өкілдерінің басын қосты.
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жыл сайын ҮЕҰ-дарға гранттар беруге конкурс жариялайды. Гүлбаршын Мұштанова жетекшілік ететін «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі аталмыш акционерлік қоғамның грантын биыл да ұтып алған. Яғни «БҚО-дағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру» жобасы аясында 8 128 000 теңге грантқа ие болған. Жобаны жүзеге асыру үшін өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді азаматтардан 28 өтінім түскен екен. Олар сараланып, іріктеліп, 10 жобаға 500 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант беріліпті. Гүлбаршын Мұштанова айтып өткендей, олардың бесеуі қоғамдық бірлестік болса, қалғаны белсенді азаматтардың бастамасы екен. Жыл сайын осындай жобаларды жүзеге асыруда Ақжайық, Теректі, Тасқала, Бәйтерек аудандары белсенділік танытуда.
Шарада сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумовтың сөзінше, үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық қоғам институттарының қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде рөлі артып келеді. Облыста тіркелген 600-ден аса үкіметтік емес ұйымның тек 150-ге жуығы белсенді қызмет етуде. Ал қалғаны қағаз жүзінде тіркеуде тұр.
– Сондықтан олардың белсенділігін арттыру қажет. Әсіресе ауылдық жердегі үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтарға мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа қатысу қиын. Ал азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жүзеге асыратын жобалар оларға ауылдық жердегі мәселелерді шешуге зор мүмкіндік берді. Жалпы ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың біліктілігі төмен. Оларға жоба жасау, басқару, құжаттарын дайындау, оны жүзеге асыру бойынша кешенді шараларды үйретіп, деңгейлерін көтеру керек. Яғни келер жылғы конкурсқа жақсы дайындықпен келгендері жөн. Себебі бұл жобалар ауылдық округтердегі біраз маңызды мәселені шешуге ықпал етеді, – деді Нұрлыбек Жасқайратұлы. Сонымен бірге басқосуда тәжірибе алмасып, кемшіліктерді саралау арқылы, болашақта бұдан да маңызды жобаларды қолға алу жағын қарастыруды ескертті.
Кездесу барысында грант жеңімпаздары қаржыны қалай игергені, жобаны қалай жүзеге асырғандары туралы баяндап, атқарған іс-шараларын слайд арқылы таныстырды. Мәселен, бәйтеректік «Жас дем» ҚБ төрағасы Талғат Мауленов «Бар жақсылық балаларға!» жобасы бойынша 500 мың теңге грант ұтқан. Ол Махамбет ауылында каркасты бассейн сатып алып, ата-аналардың келісімімен 15 балаға суда жүзуді үйретіп, ережелерімен таныстырған. Сонымен бірге балалардың демалысын тиімді өткізуі үшін эстафеталық ойындар ұйымдастырған. «Жаз мезгілінде бала тұрмақ, үлкендердің өзі судан шықпайды. Ал балалардың бәрі бірдей суда жүзу білмейді. Сондықтан оларға жүзуді үйретудің маңызы зор деп санаймын. Атқарылған жұмыстар көңілімнен шықты. Негізі қоғамдық жұмысты жүргізу үшін тәжірибе, іскерлік пен жан-жақты білім керек. Мемлекеттің ақшасын игеру зор жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан әлі де ізденіп, алдағы жылы тағы да грантқа қол жеткізу үшін конкурсқа қатысамын деген ойдамын», – дейді Талғат Мауленов. Ал Теректі аудандық аналар кеңесінің төрайымы, «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің тілшісі Аягөз Айтқалиева бастамашыл топ ретінде «Аутизмге шалдыққан балаларға қолдау орталығы» жобасы бойынша грант алған. Оның сөзінше, ауданда аталмыш дертке шалдыққан 12 бала тіркелген. Жоба аясында балалармен қоса, ата-аналарымен де жұмыстанған. «Жобаның мақсаты осы балаларды қолдау, дамыту, сурет салу, түстерді ажырату секілді жастарына сай дағдыларды меңерту болды. Олармен дефектолог, психолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы жұмыстанды. Шілде айында ұтып алған 500 мың теңгеге Теректі аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне осы балаларға қажет дидактикалық материалдар алдық. Карантин жағдайында сақтық шараларын сақтап, жұмыстандық. Бұл балаларға арнайы күтім, дайындық керек. Сондықтан оларға көп көңіл бөлген жөн, – дейді Аягөз Айбарқызы.
Шара барысында үкіметтік емес ұйым жетекшілеріне ақпараттар беріліп, жалпы грант жобаларын қалай құру, іске асыру керектігі айтылды. Себебі әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған жобалар арасында бизнес жобалар да жиі кездеседі екен. Ал бұл грант беру талабына сай келмейді.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz