30-ға жуық жоғары сұранысқа ие анықтама жойылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин айтты.
«Биометрия бойынша қызмет алушылардың Еgov-та бір қадам арқылы тіркелуін жүзеге асыру үстіндеміз. Бұл қолданушыларға биометриялық сәйкестендіруден өтіп, кез келген қызметке қол қоюға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, көптеген адамдар egov қызметтерін пайдалана алатын болады», – деді ол.
Бірінші вице-министрдің сөзіне қарағанда, қызмет алушылар egov-ке тіркелгеннен кейін қағаз құжаттарымен қатар сандық құжаттар сервисін қолдануға мүмкіндік алады. «Бұл сервиске жыл соңына дейін келесі құжаттарды шығару жоспарланған: жүргізуші куәлігі, автокөлік техпаспорты, шетелдік паспорт, жоғары білім туралы диплом, студенттік билет, сақтандыру полисі және тағы басқалары. Сондай-ақ жыл соңына дейін 30-ға жуық жоғары сұранысқа ие анықтаманы алып тастаймыз. Шынайылықты растау QR кодты оқу арқылы қамтамасыз етіледі», – деді Бағдат Мусин.
zhaikpress.kz