Елордалық полиция жол апаты болған жерді тастап кеткендерге қандай жаза қолданылатынын айтты.
Қандай жаза қолданылады?
Астанада жыл басынан бері 22 406 жол апаты болды. Оның ішінде 2 817 жағдайда жүргізушілер жол апаты болған жерден қашып кеткен. Алайда барлығы анықталып, жауапқа тартылған.
«Бұл жүргізушілер жағдайдың қаншалық күрделі екенін түсінбейді. Асығыстық танытып, өзге көлікті соғып өткенін байқамай, оқиға орнынан жасырынуға тырысады. Осылайша, өз әрекетінің ауыр зардаптарға әкелетінін ескермейді. Жол апаты болған жерден кетіп қалғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал зардап шеккендер немесе қаза тапқандар болған жағдайда қылмыстық жаза көзделеді», - делінген хабарламада.
Биылғы сегіз айда елордада жол апатына қатысы болғаны үшін 28 көлік иесі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігі бойынша жүргізуші куәлігінен айырылған. Сонымен қатар, 24 жүргізуші Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 611-бабының 2-бөлігі бойынша оқиға орнынан кетіп қалуына байланысты көлік басқару құқығынан айырылған.
Мәселен, 4 тамызда тұрғын үйлердің бірінің ауласында көлік жүргізушісі артқа қарай қозғалып жатқан кезде екінші көлікті түйіп өтіп, иесінің жоқтығын пайдаланып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оның әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Аз уақыт ішінде полиция құқықбұзушыны анықтап, 241 500 теңге көлемінде айыппұл салған.
Жол апатына себеп болған жағдайда не істеу керек?
«Егер сіз жол-көлік оқиғасына себепкер болсаңыз немесе басқа біреудің көлігін соғып кетсеңіз, автокөлікті тоқтатып, оқиға орнынан қозғалмаңыз, жарық белгісін қосып, жол апаты туралы арнайы белгіні қойыңыз. Сонымен қатар, болған жағдайды полицияға хабарлауды ұмытпаңыз», - дедлінген Астана қаласының Полиция департаменті хабарламасында.