Шымкентте жол ережесін бұзған жүргізуші полицейлерге 1 млн теңге пара ұсынды, деп хабарлайды Kazinform.
Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 346 және 367-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ал наркологиялық тексерулер нәтижесі жүргізушінің мас күйінде екенін растаған.
«Түнгі қаланы патрульдеу кезінде полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған көлікті тоқтатқан. Көлік ішінен алкогольдің иісін сезген тәртіп сақшылары жүргізушіден медициналық тексеруден өтуін сұраған. Ер адам өзін жауапқа тартпау үшін полиция қызметкерлеріне 1 миллион теңге ұсынған. Оқиға туралы патрульшілер дереу департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлады» - делінген ведомства таратқан ақпаратта.