3.04.2026, 17:00
Оқылды: 10

Жол картасы – кеңес назарында

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі облыстық кеңестің кезекті отырысы өтті.  Іс-шараға  кеңес  төрағасы Әліби Баяхов және кеңес мүшелері қатысты.

8537ff5e-f0b9-424b-acf0-587649b2be7b

Жиында өңір үшін маңызды бірқатар мәселе талқыланды. Атап айтқанда, 2025 жылғы медициналық көмек сапасының негізгі индикаторларының бірі ретінде азаматтардың өтініштері мен шағымдарын талдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар бейімделген мектептер санын оңтайландыру арқылы білім беру сапасын арттыру тәсілдері талқыланды.

Жиында Орал қаласының Зашаған кентінде жаңа емхана салу жобасының жүзеге асырылу барысы да сөз болды. Өңірдің медициналық ұйымдарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, мәдениет нысандарын күрделі жөндеу мәселелері де қамтылды. Бұдан бөлек, облыстағы жеке білім беру ұйымдарының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары сараланды.

Отырыс барысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған жол картасының орындалу барысы талқыланып, 2026 жылға жоспарланған жобалардың жүзеге асырылу деңгейіне баса мән берілді. Сала басшылары мен жауапты тұлғалар атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарларын  ұсынды.

Кеңес мүшелері тарапынан нақты ұсыныстар мен ескертулер айтылып, түйткілдер төңірегінде пікір алмасты. Кеңес төрағасы өз сөзінде халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік маңызы бар жобалардың уақтылы орындалуын қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс екенін  атап  өтті.

Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік құрылымдардың есептері қаперге алынып, 2026 жылға арналған жол картасының тармақтарын сапалы әрі мерзімінде орындау тапсырылды. Сондай-ақ жеке білім беру ұйымдарының қызметімен танысу мақсатында арнайы жұмыс кестесін әзірлеу ұсынылды. Мемлекеттік құрылымдар мен партия жанындағы кеңестердің өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі де айтылды.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале