БҚО экология департаментінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі және БҚО әкімі бекіткен облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасында көзделген іс-шараларды іске асыру бойынша жиналыс өткізді. Жиналысқа департамент қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары, облыстың ірі табиғат пайдаланушыларының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Жол картасы тармақтарының орындалуына жауапты тұлғалар кеңеске қатысушыларды жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Атап айтқанда, жол картасының «Санитарлық-қорғау аймағының шекарасында ластауыш заттар шығарындылары мониторингінің автоматтандырылған жүйесін және шығарындылар көздерін онлайн режимінде енгізу» атты 1-тармағы бойынша «ҚПО б.в.» компаниясы және «Жайықмұнай» ЖШС өкілдері сөз сөйледі. Жол картасының 2-тармағына сәйкес озық технологияларды енгізу жолымен ҚО-ға нақты эмиссияларды төмендету бойынша жүргізілген жұмыс нәтижелері туралы департамент басшысы Е.Қуанов хабардар етті.
Экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасына 17 іс-шара енгізілген, оның 11-і жергілікті атқарушы органдарға қатысты. Бүгінгі таңда өңірді көгалдандыру, Орал және Ақсай қалаларында жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу, ескі полигондарды қалпына келтіру, Орал қаласындағы кәріздік тазарту құрылыстарының коллекторын ауыстыру, Ақсай қаласындағы КТҚ толық реконструкциялау бойынша іс-шаралардың орындалуы туралы жауапты орындаушылар – БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Бөрлі ауданы әкімдігі және Орал қаласының ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің өкілдері баяндама жасады. Сонымен қатар, айналмалы сумен жабдықтауды енгізу тармақтары бойынша «Жайықжылуқуат» АҚ және «Батыс су арнасы» ЖШС басшылары сөз сөйледі. Жол картасының іс-шараларын іске асыру Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің де, облыс әкімдігінің де тұрақты бақылауында болады.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz