22.11.2019, 17:15
Оқылды: 34

Жол-көлік оқиғаларына байланысты Орал қаласының әкіміне сөгіс берілді

 Қарашаның 19-ы күні іңірде Орал қаласындағы Бәйтерек шағынауданында 10 жастағы оқушыны автокөлік қағып кетті. Ауыр жарақат салдарынан қаршадай қыз «Жедел жәрдем» көлігі келгенше қаза тапты. Оқиға орнынан бірден жылыстаған жүргізуші көп ұзамай ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Облыстық мәслихаттың кезекті  ХХХІ сессиясына қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев шулы шаһарда жол-көлік оқиғалары салдарынан адам өлімі көбеюіне байланысты Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековке сөгіс жариялағанын хабарлады.

 

akimat sessiasy (6)

– Облыс аумағындағы автожолдарда жазатайым оқиғалар көбейіп кетті. Күні кеше болған қайғылы оқиғадан баршаның қабырғасы қайысты. Жол-көлік оқиғаларына адами факторлар әсер етуде. Машинаға отырған адам  қасақана қылмыс жасаймын деп ойламайды. Бірақ көлік қозғалысының ережелеріне салғырт қарайтындар көбейді. Облыс орталығында жол бойында  қаза тапқан адамдардың саны 41 пайызға көбейіп отыр. Жақында болған қайғылы оқиғадан жауапты құрылымдар сабақ алуы тиіс. Осыған байланысты  Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековке сөгіс бердім. Облыс орталығындағы автожолдарды жөндеу, жарық беретін шамдар орналастыру, мектептер орналасқан тұстарда жол қауіпсіздігін нығайту бағытында жұмысты күшейтуді тапсырдым. Автожолдардың жобалық құжаттамаларының сапалы жасалуына көңіл бөлінбейді. Оқушы қыз көз жұмған қиылыста жарық шамдары болмаған. Қаланың көп бөлігінде адамдар жолды қиып өтетін тұстар күңгірт. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жиынға қатысып отыр. Аталған мәселені қатаң назарда ұстап, профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері облыста 276 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 90 адам қаза тапқан. Жаяуларға арналған жолақ бойында 32 тұрғын қаза тапқан.

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале