Облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев 15 желтоқсан күні өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында құрылыс, жол, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Т.Меңдіғалиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап қатты.
Әкім орынбасарының баяндауынша, облысымызда тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспары 621 мың шаршы метрді құрайды. Жалпы биыл 204,4 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.
– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда 11 айдың қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көзі есебінен 532,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оған 170,8 млрд теңге жұмсалды. Жыл аяқталғанша жалпы саны 645 пәтерді облыс тұрғындарына пайдалануға бермекпіз. Жергілікті бюджеттен 2023 жылға кредиттік үйлер құрылысын қоса қаржыландыруға 2,3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған, – деді Темірхан Жалғасұлы.
Тұрғын үйлерге қатысты мәлімдемесін осылайша қорытындылаған Темірхан Меңдіғалиев битумның және басқа да жол салуға, жөндеуге қажет материалдардың жетіспеуі мен ауа райының қолайсыздығына орай кейбір жол құрылысы жобаларының тоқтағанын тілге тиек етті.
Өңірімізде 4 мыңға жуық адам жол құрылысы саласында қызмет атқарады. 2023 жылы облысымыздағы автожолдардың жағдайын жақсартуға 21,9 млрд теңге қарастырылады. Осы қаржыға шамамен 275 шақырым жол жөнделмек.
–10 жыл бұрын Батыс Қазақстанда 3-4 жол құрылысы кәсіпорны болса, бүгінде олардың саны 15-ке жетті. Қазіргі таңда облысымызда жол құрылысына қажет материалдарды өндіретін 12 зауыт жұмыс істеп тұр. Осындай зауыттар аудандарда да бой көтерсе, нұр үстіне нұр болар еді. Айта кетейін, Орал қаласындағы 1963 жылы салынған кәріз суын тазарту орталығы әбден тозған. Оның құрылысына 6 млрд теңге қажет. Ал мектептерді көптеп тұрғызу – мемлекет басшысының тапсырмасы. Осыған орай өңірімізде бірқатар жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде биыл 6 мектептің құрылысы аяқталды. Оған 3,1 млрд теңге бөлінді. 2024-2025 жылдары 18 жайлы мектеп салынатын болады. Онда 18 000 мыңға жуық оқушы білім алады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, – деді Темірхан Жалғасұлы.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz