17.06.2017, 14:03
Оқылды: 34

Жол құрылысына риза болды

received_10209370352308192Өңірімізге биыл бюджет арқылы Ұлттық қордан қарайған қаражат бөлінді. Осы  қаражатқа төрт мектептің құрылысы, 214 шақырымнан (км) астам коммуналдық желілердің және 12 шақырымнан (км) астам ішкі жолдар мен су бұру жүйесінің құрылысы мен қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, екі көп пәтерлі және 14 бір пәтерлі тұрғын үй салынбақ.


«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан бөлінетін бұл қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы комиссия мүшелері  қадағалауда.

Жұма күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен облыстық  мәслихаттың «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы «Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту» комиссиясының мүшелері құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалау мақсатында Орал-Тасқала тас жолына барып қайтты. Комиссия құрамында облыстық мәслихат депутаттары Аветик Амирханян, Сергей Потиченко, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ БПҰ төрағасы Әлібек Хафизов болды.

Бірнеше күн қатарынан үзіп-үзіп жауған жауын жұмыс сапасына кері әсерін тигізе қоймапты. Комиссия мүшелерін жол бойында қарсылаған мердігер компанияның басшылары («Uniserv» ЖШС) жол бойы оларға жасаған жұмыстарын көрсетіп, ең соңында жұртшылық арасында «Вахта қалашығы» деп аталып кеткен жұмысшылар тұрағына  алып барды. Ол жерде комиссия мүшелері жұмысшылардың жатын орындарымен, жуынатын жерлерімен және асүйлерімен танысты. Вахта қалашығы 200 адамға есептелген. Жұмысшылардың демалыс орындары тап-таза, үш мезгіл тамақ мәзірі де дәрумендерге толы. Ауладағы кеңсе үйінде жұмысшылар күн сайын дәрігерлік бақылаудан өтіп, сол жерде жұмыс барысын талқылайды екен. Жолдың арғы жағында жол құрылысына қажетті материалдар даярлайтын шағын зауыт тұр. Мұнда он шақты адам екі ауысымда жұмыс істейді. Зауыттың қуаттылығы сағатына 160 тоннаны құрайды. Зауыт үш жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. «Uniserv» ЖШС бас инженері, жоба жетекшісі Николай Кондопулоның айтуынша, «Орал-Тасқала-РФ шекарасы» аумағындағы автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмысы 2015 жылы  «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған. 2018 жылы аяқталуы тиіс. Жаңғыртылатын жолдың жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайды. Жобаның жалпы құны – 23,1 млрд. теңге.

-Жұмыс 2015 жылы басталды. Жұмыстың І бөлігі - 27 шақырымдық жол салу биыл тамызда аяқталады. І–лот бойынша дәл қазіргі уақытта 1,2 шақырым (км) жерге асфальт төселуде. Сосын нысанның айналасын абаттандыру жұмысы қалды. Қазіргі уақытта негізгі жұмыс ІІ –лот бойынша жүргізілуде. Биылғы жұмысқа 9 млрд. теңге қаражат бөлінді. Біз осы қаражатқа 52 шақырым (км) қатқыл төсемді жол салуымыз керек. Бұл өте күрделі учаске болып саналады, өйткені, тек осы учаскенің өзінде ғана 44 дана су өткізетін тұрба бар. Бір миллиард кубқа жақын грунты бар учаскеде жеті грунтты карьер қайта қаралды. Бұдан басқа бұл учаскеде үш автокөлік аялдамасы және демалыс алаңының құрылысы жүргізілмек. Сондай-ақ, осы жерде көптеген байланыс және инженерлік желілер жүйесі өтпек. Учаске жұмысының күрделілігіне байланысты жобаны қайта қарап, ауыстыруға тура келді. Кестеден кешігіп қалмау үшін демалыссыз екі ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы кезде жиілетіп тұрған жауын да жұмысымызға кедергі келтіруде. Бірақ бұған қарамастан, жұмысты мерзімінде бітіреміз деп ойлаймыз. Құрылыс материалдарын тасуға 50 машина тартылды және құрылыс басында 112 арнайы техника жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ІІ лот бойынша жолдың 16 шақырымы үстіңгі қабатсыз жасалып тұр. Қалған жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда. Дәл қазіргі кезде мұнда 330 адам ІІ ауысымда жұмыс істеуде. Соның 77-сі жергілікті жұмыспен қамту бөлімдері арқылы келді. Жұмыс вахталық әдіспен жүргізілуде, жұмысшылар 15 күн сайын ауысып келеді, -деген Николай Иванович жолдың қалған 18 шақырымының (км) келесі жылы жасалатынын айтты. Оның сөзінше, бұл жоба да өзінше күрделі. Өйткені, келесі жылы барлық жұмыс жобаға сәйкес жүзеге асып жатса, Кеденнен өту үшін халық бұрынғыдай кезекке тұрмайтын болады. Өйткені, жоба бойынша автокөліктерді өткізетін төрт бірдей өткізу алаңы жұмыс істейтін болады.

Бақылау жұмысын қорытындылаған комиссия төрағасы Аветик Амирханян «Uniserv» ЖШС компаниясының жұмысын жоғары бағалады.

-Біз 30-35 шақырымдай жол жүргенде ауа райының мың құбылып тұрғанына қарамастан, компанияның сапалы жұмыс істеп жатқанын көрдік. Жігіттер күн көзінің шыққанын пайдаланып, жоспарланған жұмысты тез игеріп қалуға тырысып жатыр. Осыған қарап, компанияның жұмысын кестеден кешіктірмейтініне өз басым сенемін. Компания жолды жаңа технологиямен салып жатыр. Мұндай әдіспен жол біздің облыста бірінші рет салынуда. Жаңа жолдар ыссыға да, суыққа да төзімді болады, кепілдік мерзімі-5 жыл. Биыл құрылыс материалдарын, соның ішінде Ақтөбеден щебень тасу оңай болған жоқ. Сондай қиындықтарға қарамастан, компания басшылары құрылыс материалдарын уақытында тауып, жұмыстарын уақытынан кешіктірмей бастады. Жігіттердің жұмысына бұдан бұрын келіп кеткен облыс әкімі де жақсы баға берген болатын, комиссия атынан мен де ризашылығымыды білдіремін, -деді бақылау жұмысын қорытындылаған комиссия төрағасы Аветик Амирханян «Uniserv» ЖШС компаниясының жұмысын жоғары бағалап.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале