7.11.2022, 11:15
Оқылды: 53

Жолақы қымбаттайды

Жолаушылар тасымалына арналған тариф құны өспек. Облыстық  қоғамдық кеңес отырысында жолаушыларды тасымалдау және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев осы ұсынысты ортаға тастады. Сонымен қатар аталған басқосуда 2021 жылғы  желтоқсанның 15-де шыққан №8-1 «2022-2024 жылдарға арналған  облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

автопарк зко

Осы кезге дейін жолаушыларды әлеуметтік мәні бар тұрақты тасымалдау тарифі километріне 4 теңге болып келген. Ол баға облыс әкімдігінің  «Батыс Қазақстан облысының жолаушыларды әлеуметтік мәні бар тұрақты тасымалдау тарифтерін  белгілеу туралы» 2013 жылдың 11 наурыздағы №23 қаулысымен белгіленген. Тасымалдауды  субсидиялау
әлеуметтік мәні бар маршруттар бойынша жолақы құнын төмендетіп, зейнеткерлер, мүгедектер, студенттер және халықтың аз қамтылған топтарын діттеген жеріне жеткізіп, аутобустардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге оң әсер еткен. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті жүргізуге де қолайлы жағдай  жасап, маршруттарды көбейтуге, аутобус парктерін жаңалауға және такси құнын төмендетуге де сеп болыпты.

Қазіргі кезде облыс орталығынан шалғайдағы аудан-ауылдарға қатынайтын 16 бағыттағы аутобус бар екен. Былтыр тасымалдаушылар 175 миллион теңге көлемінде демеуқаржы алыпты. Биыл қоғамдық көліктерді субсидиялауға қазынадан 365 миллион теңге бөлінген. Бұл ақпаратты да кеңес отырысында облыстық  жолаушыларды тасымалдау және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев айтты. Сонымен қатар ол өз баяндамасында жол жүру тарифін екі теңгеге  өсіруді ұсынды. Мысалы, қазір Оралдан Бөкей ордасына баратын аутобус билетінің құны 2200 теңге екен. Тариф өскен жағдайда жолақы 3300 теңге болады. Басқарма басшысы мұндай қадамға бару себебін түсіндірді.

– Қазіргі кезде жанармай, аутошиналар мен аккумуляторлар және қосалқы бөлшектердің бағасы қымбаттады. Соның салдарынан тасымалдаушылардың шығыны 50-ден 85%-ға дейін артты. Жыл сайын облыстық бюджеттен ауданаралық маршруттарды субсидиялау көлемі артып, қызмет көрсетушілердің жолаушылардан алатын жолақы құны төменгі шекте қалып, бюджетке жүктемені көбейтіп отыр, – деді  басқарма басшысы Айдар Менеев.

Қоғамдық  кеңес мүшелері  алыс аудандарға барар жолдардың сапасын жақсарту, тасжол жанында қаулап өскен қалың шөпті уақтылы шауып тұру сияқты мәселелер уақтылы шешілсе деген ұсыныс-пікірлерін білдірді. Одан соң басқосуда облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Қаржы басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов  облыс бюджеті 381 миллиард теңгені құрайтынын айтып, бюджет көлемін 5,3 миллиард теңгеге нақтылауды ұсынды. Аталған қаржының бір бөлігі дәлірек айтар болсақ, 1,6 миллиард теңгесі  әлеуметтік салаға бағытталады екен.

– Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына, шамамен, 539 миллион теңге бағыттау жоспарлануда. Оның 200 миллионы облыс орталығын абаттандыру және жаяу жүргіншілер өткелдерін  жарықтандыруға, 150 миллионы Орал қаласындағы нысандарды жаңартуға Сырым ауданына қарасты Өлеңті ауылындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға және 40 миллионы Орал қаласының Солтүстік-шығыс шағынауданындағы сумен жабдықтау нысанына, кәріз жүйесін салуды аяқтауға бөлінеді. Көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 1,9 миллиард теңге жұмсау жоспарда бар. Соның ішіне Орал қаласының жолаушыларын тасымалдаушыларды субсидиялауға 1,5 миллиард теңге бөлінбек, – деді Т.Каюпов.

Жиында республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының не себепті азайып жатқаны туралы сұрақ қойылды. Оның себебін қаржы басқармасының басшысы биылға белгіленген көрсеткіштер азайып, пайдаланылмаған трансферттің көрсеткіші есебінен кеміп отыр деген жауап қайырды. Қоғамдық кеңес отырысының соңында оның мүшелері тарифті көтеру туралы ұсынысты мақұлдап, қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешевке ескерткіш орнату туралы ұсынысын айтты.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале