30.03.2018, 16:20
Оқылды: 320

Жолбарыс батыр туралы не білеміз?

Бөрлі ауданы мен Ақсай қаласының құрметті азаматы, зейнеткер Жолдығали Батырханов бала кезінен өзінің батыр бабасы Жолбарыс батыр жөнінде түрлі әңгімелер естіп өседі. Ол сол кезден бастап осы батыр бабасы жөнінде шын мәніндегі нақты әрі толық мәлімет білуді армандайды. Міне, содан бері жетпіс жылдай уақыт өткен соң, қарияның қолына Жолбарыс Торыұлы қазақ тарихында шынымен болған, жай адам емес, батыр да старшын болған деген ресми дерек тиіп отыр.

Бұл күнде сексеннің сең­гіріне шыққан Жол­дыға­ли Жал­ма­ғам­бетұлы – XIX ғасырда өмір сүрген, осы ау­дан­да туған Жолбарыс батыр То­ры­ұлының төртінші ұрпағы.  Жолбарыс батыр Торыұлының туған жері Байжиен, қазіргі Кеңтүбек ауыл­дық округі. «Ол кісінің талай мәрте елін, жерін сырт көзден, барымташылардан қорғап қалғандығы, көзсіз батырлығы, аруақтылығы, қайраттылығы туралы ел ішінде аңыз әңгімелер өте көп», – дейді Жолдығали қария. Қария айтып өткендей, батыр туралы 1991 жылдан бастап аудандық, облыс­тық және республикалық басы­лым беттерінде мақалалар жариялан­ған.

«Бала кездегі «бабам туралы білсем» деген арманымнан осы кезге дейін қол үзген жоқпын. Ес біліп, ержеткен соң да атамыз туралы ақпарат іздестіре бастадым. Шындығында, бұл жұмыс ғылым секілді түбі терең жұмыс екен ғой», – деп сәл ойға шомған қария сө­зін әрі сабақтады.

– Жолбарыс То­ры­ұлы туралы айтып, жан-жақтан сұрастыра бастағанымда, менің бұл тірлігіме күле қарағандар да болды. Өзімнің замандастарым­ның ара­сынан «Жоқ кісіні неге із­дей­сің?» дегендер де табылды. Бі­рақ мен ізденісімді тоқтатпадым. Орал мен Орынбордың мұрағатта­рын­да болдық. Ақтөбеге де бар­дық. Былтыр мамыр айында Санкт-Петербург мемлекеттік мұраға­ты­нан қуанышты дерек алдық. Ізде­ге­ні­міз табылды, ақ түйенің қар­ны жарылды. Ресми түрде мөр басыл­ған құжат қолыма тиді. Бұл құ­жат­тар Жолбарыс Торыұлы та­­рих­та болған адам екенін растайды. Қарияның қолында төрт құжат бар. Мәселен, бір құжат 1853 жы­лы 21 желтоқсанда басталып, 1854 жылы 3 ақпанда аяқталған. 42 беттен тұрады. Бұл құжатта Жол­ба­рыс батырдың старшын екені, ал­ған наградалары жазылған. Бас­қа құжаттарда да батырға қа­тыс­ты нақты деректер кездеседі. Сон­дай-ақ 1824 және 1846 жылғы құ­­жаттар да бар. Сол кездегі орыс тілінде жазылған құжаттарды қа­рия­ның қызы Балкүміс Жолдыға­лиқызы өз бетінше аударып жатыр екен.

«Әкеміз атасы туралы мәлімет табуды 12 жасынан бері армандап жүрген ғой. Жан-жақты іздеуін тоқтатқан жоқ. Біз, балалары «Батыр атамыз болған ба, жоқ па?» деп күмәндана бастағанбыз. Қазір бізде Жолбарыс батыр ту­ралы шынайы деректер бар», – де­­ген Балкүміс Жолдығалиқызы әкесі­нің еңбегі еш кетпей, арма­нының алдамағанына қуанатын­дық­­тарын айтты.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ди­ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Х. Әбжанов Жол­дығали қарияның жолдаған ха­тына: «Жолбарыс Торыұлының есімі архив құжаттарында кезде­седі. Деректерге қарағанда, ол өзі өмір сүрген XIX ғасырдың әлеуметтік-саяси оқиғаларына қатыс­­қан, батыр және старшын ата­ғы­­на ие болған тарихи тұлға. Инс­­ти­тут қызметкерлерінің та­қы­­­рып­­ты зерттеулер бойынша жи­на­­ған архивтік материалдары ішін­­де Жол­барыс Торыұлының да аты ұшы­расады. 1823  жылы Жол­аман Тіленшіұлы бастаған кө­те­рі­ліс ке­зінде Ресей шебіне жа­сал­ған бір шабуылға қатысқаны туралы дерек бар. 1847 жылы Орынбор Шекара комиссиясы тарапы­­нан қызыл шұғамен, алтын жа­ла­тыл­ған оқамен, алтын баумен ма­ра­пат­­­талған. 1854 жылы Анна лента­сын­­да­ғы күміс медальмен ма­ра­пат­­та­­лу­­ға ұсынылған (ҚР Ор­талық мемлекеттік архиві, 4-қор, 1-тізбе, 2725-іс). Тұлға тура­лы деректер арнайы ізделген жағ­дай­да Торыұлы туралы басқа да ар­хив­тік мәліметтер кездесуі мүм­кін», – деп жауап қай­тарған екен.

Жолдығали Жалмағамбетұлы Ақсай қаласындағы бір көшеге ба­тыр бабасының есімі берілсе дегенді көптен бері ойлап жүр. Қолында тұрғындардың Ақсайда­ғы Юбилейная көшесін батыр­дың есімімен атауға қарсы еместік­те­рін білдіріп, басым көпшілігі қол қой­ған қағаз да бар. Қария «Батырдың рухын ұлықтау, қастерлеу, наси­хаттау мақсатында Ақсай қала­­сы­ның Юбилейная көшесінің ата­­уын өзгертіп, Жолбарыс батырдың есімі берілсе…» деген өтінішпен 2016 жылдың қараша айында аудан әкіміне хат жолдаған екен. Бұл хатқа аудан әкімдігінен «Бөрлі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Ақсай қаласы әкімінің халықтың пікірін ескеру қорытындысы бойынша облыстық ономастикалық комиссияның қа­рауына Ақсай қаласының Юбилейная көшесіне Жолбарыс батыр атауын беру бойынша ұсыныс енгізеді. Облыстық ономастикалық комиссияның оң қорытындысын алған кезде ғана ұсынысыңыз қанағаттандырылады» деген жа­уап алған.

«Енді көшеге батырдың есі­мі берілсе, бабаға тағзым еткені­міз әрі мәңгілік ел болуды мұ­рат еткен бүгінгі ұрпаққа тари­хи тұлғаны насихат еткеніміз деп бі­лемін», – дейді Жолдығали қа­рия. Жолдығали Жалмағамбетұлы батырдың мәйітінің бергі жағынан ескерткіш тұрғызғысы келетінін айтты. Ескерткіштің әзірше сызып қойған жобасын көрсеткен Балкүміс Жолдығалиқызы биыл Жол­барыс батырға арналған мә­де­ни-көпшілік іс-шаралар өткізуді де жос­парлап отырмыз дейді.

Ясипа РАБАЕВА,

 Бөрлі ауданы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале