Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында келер 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атаған болатын. Қазіргі таңда Орал қаласы бойынша жұмысшы мамандарды даярлайтын 22 кәсіптік-техникалық колледж бар. Соның ішінде өткен ғасырдың 40-50 жылдары құрылған Батыс Қазақстан индустриалды колледжі жаңа жобаларды жүзеге асырып, жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Бүгінде индустриалды колледж жеті мамандық бойынша білім беріп, өңір экономикасының дамуына үлес қосатын, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үстінде. Оқу орнының жаңа жобалары мен жетістіктері турасында колледж директоры Серік Мұхамбетәлиев кеңінен тарқатып айтып берді.
– Оқу бағдарламасына сәйкес студенттер өндірістік машық пен жалпы машықтан өтеді. Облысқа қарасты 40-қа жуық кәсіпорынмен байланыс орнаттық. Соның ішінде Орал қаласындағы ірі зауыттар «Орал трансформатор зауыты», «Зенит» зауыты, «АгроРеммаш» зауыты бізбен тығыз байланыста. Аталған кәсіпорындарда қазір зейнет жасына таяған мамандар көп.
Олардың орнын басатын білікті де білімді жас мамандарды даярлау басты міндетіміз деп білеміз. Болашақ металл жонушы, электрик, дәнекерлеуші студенттерді осы зауыттарға жіберіп тұрамыз. Дуалды оқыту бойынша «Орал трансформатор зауытында» 20 студентіміз машықтан өтіп қана қоймай, жұмыс істеп жалақы алып отыр. Олардың еңбекақысы кем дегенде 80 мың теңгені құрайды. Әрі қарай жақсы жұмыс атқарса, жалақысын 150-200 мың теңгеге дейін көтереді. Оған қоса зауыт басшылығы жұмыс киімі мен бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Трансформатор зауытымен бірнеше келіссөз жасадық. Соның нәтижесінде студенттер зауытқа қатысты жасаған бұйымдары үшін қосымша жалақы ала алады. Өндірістік шеберлер студенттердің жұмысын күнделікті бақылайды. Директор ретінде өзім де жағдайды жіті назарда ұстап отырмын. Зауыт басшылығы біздің болашақ жас мамандардың жұмысына риза болып, ылғи да мақтана айтады. Әрине, зауыттарға студенттерді жіберу – жауапты іс. Сондықтан да олар, алдымен, өзіміздің ұстаханада жұмыс барысымен танысып, шеберлердің қатысуымен ынталандыру жұмыстары жүргізіледі. Жұмысшы мамандығын насихаттау мақсатында түрлі мектептерде оқу бітіруші сыныптармен кездесу ұйымдастырамыз. Білім беруді оңтайландыру мақсатында колледждегі материалдық база жаңарып, құрылыс жұмыстары жанданды. Оқушыларға колледждің мүмкіндіктері туралы айтып, кеңесімізді береміз. Шетелде ата-аналар баласына ең әуелі жұмысшы мамандығын оқытады екен. Оқуды аяқтаған соң, ол бала одан әрмен сол оқуын жалғастыра ма, әлде басқа салаға ауыса ма, ол – өз шешімі. Әйтеуір, жұмысшы мамандығы жолда қалдырмайтынын біледі. Қазіргі мектеп бітіргелі отырған жас талапкерлер үстел үстіндегі таза жұмысты қалайды. Бірі педагогика саласына бет бұрып, бірі ІТ саласын таңдап, енді бірі қаржы бөлімдерінде жұмыс істегенді жөн көреді. Мыңдаған талапкермен таласа жүріп, білім грантын иелене алмайтын да кездер болады. Соңында осындай мамандарды даярлайтын білім ошағына ақылы оқуға түседі. Оқуды аяқтағаннан кейін жұмыс бұйырса жақсы ғой. Осы бір сынға ұрынбау үшін сұранысқа ие мамандық таңдап, оның жалақысын алдын ала зерттей білу де қоғамның басты шарты, - деп айтып өтті БҚИК директоры Серік Мұхамбетәлиев.
Батыс Қазақстан индустриалды колледжін 2024 жылы тәмамдаған жас түлектердің 78 пайызы тұрақты жұмысқа орналасыпты. Соның ішінде металл жонушы 25 жас маман бүгінде толық жұмыспен қамтылған. Бұл – колледж даярлайтын мамандардың сұранысқа ие екенінің айғағы әрі осындай практикалық жұмыстардың жемісі. Қазіргі таңда аталмыш оқу ошағы 500-ге тарта студент білім алады. Олардың елуін колледж жатақханамен қамтамасыз етіп отыр. Бір мезгіл ыстық тамақ та беріледі. Сондай-ақ шәкіртақы құны 30 мың теңгеден 43 мың теңгеге дейін өскен.
Кәсіптік-техника мамандарын дайындаса да, колледж танымдық шаралардан кенде емес. Техника саласында білім бергеннен кейін колледж студенттерінің дені ер бала. «Ер шекіспей, бекіспейді» дегендей келеңсіз оқиғалардың соңы жұдырықтасуға әкелетіні мәлім. 2022 жылы колледждің тоғыз студенті ішкі істер бөлімінде тіркеуде болған. Тәрбиелік бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде ол тіркеуде биыл бір ғана студент қалған. Ішкі істер құрылымдары қызметкерлерімен көптеген кездесу ұйымда-стырылып, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жүргізілген. Одан бөлек, дін істері басқармасы қызметкерлері, ардагер ұстаздар, колледж түлектері келіп танымды бағытта кездесулер ұйымдастырады.
Таяуда өткен «Орал жастары» фестивалінде колледж «Хор» мен «Футбол» аталымында үшінші орынға ие болған. Бұл байқауда былтыр Ерасыл Есмағұлов «Көркем сөз» аталымында жүлде алды. Қазір республикалық деңгейдегі жарысқа дайындалып жатыр. Қылқаламды серік еткен Алина Хожантаева жуырда Түркияның Ыстамбұл қаласында орналасқан «Pinelo Art» галереясында сурет көрмесі таныстырылымын өткіз-ген. Түркиядағы кәсіби суретшілер оның қабілет-қарымын әлеуметтік желі арқылы байқап, оны арнайы ұсыныспен шақырыпты. Сурет шебері – телекоммуникациялық жабдықтары мен байланыс арналарын электр монтажшы-реттеуші мамандығының 3-курс студенті.
Дәнекерлеу ісі мамандығының оқытушысы, зерттеуші-педагог Райлаш Сүйіншәлиева жиырма жыл уақыт бойы студенттердің теориялық білімін шыңдап келеді. Өзінің нәзікжанды болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін бітірген. Жақындары мен ұстазының қолдауының нәтижесінде әрі ынта-пейілімен мұғалім атанған.
– Жиырма жылдық жұмыс тәжірибемде түсінгенім, жұмысшы мамандығын жерге тастамасаң, ол сені жолда қалдырмайды. Егер маған мамандық таңдауға қайта мүмкіндік берілсе, мен жұмысшы мамандығын таңдар едім. Жұмысшы мамандығы арқылы белгілі бір кәсіпорынға қызметкер болумен қатар, жеке кәсіп ашуға мүмкіндік туады. Дәнекерлеу жұмысы сырт көзге оңай көрінеді. Кейбірі оған оқудың қажеті жоқ, ептеп үйреніп кетесің деп айтып жатады. Ал, шын мәнінде, олай емес. Жұрт көбіне қолмен доғалық дәнекерлеуді ғана біледі. Алайда оның сан салалы мамандық екенінен хабарсыз. Мәселен, аргонды доғалық пен плазмалы доғалық дәнекерлеу, инертті газ ортасында пісіру арқылы дәнекерлеу секілді бірнеше түрлері бар. Кәсіпорындарда осындай дәнекерлеу түрлерін меңгерген мамандар іздеуде. Оны өз бетімен үйрену кез келгеннің қолынан келе бермейді. Азамат есімді түлегіміз Италияда өз білімін жетілдіргені жөнінде ақжолтай хабарымен бөлісті. Қазір Ақсай қаласындағы зауыттардың бірінде жұмыс істейді. Елімізде қолданыста жоқ дәнекерлеу аппаратын еркін қолданады. Бүгінде 2 миллионға жуық айлық жалақысы бар. 2018 жылы виртуалды дәнекерлеу аппараты колледжге қолданысқа берілді. Яғни бұл арқылы студенттер дәнекерлеу құралының қолдану көзін меңгереді. Біздегі түйткілді бір ғана мәселе бар. Ол қазақ тіліндегі оқулықтардың жоқтығы. Оқулық жоқ деп қол қусырып қала алмадық. Өзіміз «Газ және электрмен пісірушіні өндірістік оқыту», «Қорғаныс газында балқымайтын электродпен қолмен доғалы дәнекерлеу» атты оқу-әдістемелік құралдарды жарыққа шығардық. Бір студентім «Апай, мен жұмысқа орналастым, жалақысы жақсы. Сіз берген білімнің өмірлік жолымда пайдасы тиіп жатыр» десе, ұстаз үшін одан артық бақыт бар ма?! Осы күндерде дәнекерлеу ісі мамандығында 175 студент бар. Елімізде дәстүрлі түрде жылма-жыл өтетін «Wоrldskills Kazakhstan» ұлттық шемпионатында студенттеріміз жүлделі болып жүр. Шәкірттеріміз 2022 жылы бұл байқауға алты мамандық бойынша қатысса, бүгінде 10 мамандық аталымы бойынша бақтарын сынап келеді. Дәнекерлеу технологиясы құзыреттілігі бойынша студентіміз Дарын Кадимов облыстық байқауда қарсылас шақ келтірмей, Астана қаласында өткен байқаудың республикалық кезеңіне барып, жоғары нәтиже көрсетті. Ол республикаға колледжімізде сапалы білім беріліп жатқанын бұған дейін бірнеше мәрте дәлелдеді, - деді дәнекерлеу ісі мамандығының оқытушысы, зерттеуші-педагог Райлаш Сүйіншәлиева.
Аталмыш колледжде болған сәттерімізден түйсініп, ұққанымыз – студенттер білім ала жүріп, қазірдің өзінде жалақы мен шәкіртақыларын қосқанда айына 200 мың теңгеге жуық табыс табады екен. Бұл, әрине, әрі оқып, әрі зауытта жұмыс істеп жүрген шәкірттерге қолайлы ғой. Сондай-ақ олардың бұл қадамдары келешекте өздері машықтан өтіп жүрген зауыттардың бірінің болашақ жұмысшысы болуына баспалдақ болары даусыз.
Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz