24.06.2024, 14:45
Оқылды: 66

БҚО-да «Жолда қабылдау» акциясы өтті

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ  «Жолда қабылдау» акциясын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Тасжолдағы қауіпсіздікті арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы апаттарды азайтуға бағытталған шараны «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалы полиция департаментімен бірлесіп өткізді.

635AC032-5A92-4E0E-B38D-311EE8AEA907

«ҚАЖсервис» ЖШС-нің бас инженері Шыңғысхан Қасымхановтың айтуынша, аталмыш шараның басты мақсаты – жол қозғалысы ережелері мен жылдамдық режимін сақтау, көлік тізгіндегендерді мұқият болуға шақыру және тұрғындардың жол сапасына қатысты сауаларына жауап беру екенін айтады.

– Акция барысында біраз тұрғын келіп, өз шағымын жеткізді. Көп адам жол үстінде пайда болған шұқырларды тегістеу керектігін айтты. «ҚАЖсервис» ЖШС жолдағы олқылықты жою жұмысын жүргізіп жатыр. Осы күнге дейін 16 мың шаршы метр шұқыр тегістелді. Ол жұмыстар жалғасатын болады. Одан бөлек ақылы жолдарға қатысты сауалдар да қойылды. Ол мәселені де шешетін боламыз. Сондай-ақ «Самара-Шымкент» республикалық тасжолының 330-шы шақырымынан 408-ші шақырымына дейінгі бөлігіне орташа жөндеу жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. «Атырау–Орал» тасжолын қайта жаңарту жайын жоспарға қостық, - деді Шыңғысхан Қасымханов.

Акция аясында жүргізушілерге жолдардағы қауіпсіздік туралы пайдалы ақпарат қамтылған брошюралар таратылады. Сонымен қатар жүргізушілер іс-шара өтетін жерде жол қозғалысына қатысты сауалдарына жауап ала алады.

A3066DE5-B240-4FC9-A89C-A663212A6892

– Жол сапасына жауапты сала мамандары алдымызға келіп, халықты толғандырған мәселеге қатысты ойымызды сұрап жатқаны қуантады. Жолдасым екеуміз көлікпен қазақ елін түгел аралап шықтық. Сондықтан елдегі жолға қатысты мәселені көзімізбен көрдік дей аламын. Ал біздің облысқа қатысты айтар болсақ, Сырым және Бөрлі аудандарына барар жолдар сын көтермейді. Мамандарға да сол мәселені жеткіздім, - дейді қала тұрғыны Әйгерім Ильясова.

Енді мұндай шаралар ай сайын өткізілетін болады.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале