29.02.2024, 16:44
Оқылды: 74

Жомарт жүрек

...Мырза Құдай баяғының апайтөс батырларындай кеңінен пішіп бере салған ағамыз сырттай қарағанда арсың-гүрсің, адуынды, қалың шым қара шашын артқа қарай сілкіп тастап, тау құлатардай екпінімен «қара жерді солқылдатып» жүргенімен, жақынырақ араласа келе байқағаным мейірімді, көпшіл, жүрегі жұмсақ, жаны жомарт, ісі мәрт ерекше жан екен.

494c7fbe-3aa9-451a-a7ee-d89137ead703

Айналасын баурап, көпшілікті өзіне магнитше тартып тұратын бауырмал, тілтабысқыш, кішіпейіл, не нәрсеге де икемді, талғамы жоғары. Жеткен жетістіктеріне масаттанып, желпініп, желігіп кетпейді. Шаруасы тірелген жандар алдына келгенде кербезденіп, сызданып, маңғазданып қалмайды. Қарапайым. Табиғаты солай. Адам жаратылысынан асып кете алмайды.

Сөзіме тұздық болсын. Жақында ғана өткен Қаратөбе ауданының 95 жылдығына арналған жиында отшашулардың шоғы сахнаның жиегін сәндеп қойған жасанды гүлдерге ұшып, ол лезде маздап жанып, бірте-бірте жалынға айнала бастады. Сол сәтте залдағы иінтірескен халық мүлгіген тып-тыныш күйде не істерін білмей дағдарып қалған-ды. Біз бәріміз аудандық мәдени-демалыс орталығына аяқ астынан «өрт сөндірушілер» кіріп келетіндей жайбарақат күй кешіп, отырған орнымызда тапжылмай қатып қалған едік.

Тек әбжіл қимылмен орнынан атып тұрған Жарқын ағамыз үстіндегі су жаңа костюмін шешіп үлгеріп, жанған отты үсті-үстіне ұрып сөндіре бастады. Осы бір шағын ғана штрихтің өзі ауылда өскен қазақтың қарапайым қара баласының болмысынан сыр шерткендей. Бірақ бұдан ағамыздың «тұзы жеңіл һәм тым жайдақ» деген ұғым тумаса керек. Менің байқауымша, бұл кісі шалқайғанға шалқайып, еңкейгенге еңкейетін, жақсы мен жаманның шекарасынан қыл елі ауытқымайтын ізгі қасиетке ие.

Атына заты сай. Жарқын десе, Жарқын! Күнделікті тұрмыс-тіршілікте де, елдік істерде де жарқырап жүретін табиғатымен ерекше. Жүріс-тұрысы, киім-киісі, өзін-өзін ұстауы тек өзіне ғана жарасатын айрықша стильге ие. Бер- тін келе ағамыз Жарқын Тәжіғалиевтың гитара шертіп, той-топырларда баритон дауысымен ән шырқайтын айрықша өнері бар екеніне қанықтым. Онысы өзіне жарасып-ақ тұрады. Бәрінен де бұрын поэзия патшалығына бүкіл болмысымен еніп, нақышына келтіріп өлең оқығанды ұнатады екен. Өзгенің емес, тек өзінің жанынан шығарған өлеңдерін оқуға құштар. Жай оқымайды. Жан дүниесімен беріліп, кәнігі ақындарша асқан шабытпен толғатады. Бұл Жарқын Серікұлының шығармашылыққа біртабан жақын тұлға екенін аңғартады. Зерделеген жанға ағамыздың зиялы қауым өкілдеріне жақын жүретінін байқау қиын емес.

Оралда немесе Қаратөбеде өткізіліп тұратын шығармашылық тұлғаларға арналған салтанатты кештердің ортасында әманда жарқырап, шиыршық атып, ортаның гүлі болып Жарқын ағамыз жүреді. Бір назар аударарлығы, ол кісі уақытын текке өткізіп, еріккен кісідей жайдан-жай жүре бермейді. Көбіне өнер адамдарына демеуші (меценат) болып жүреді. Мәселен, осыдан біразырақ жыл бұрын Жайықтың Жансаясы Ақ Жайыққа республикалық аламан айтыстың Бас жүлдесі – «Алтын домбыраны» жеңіп әкелгенде кәсіпкерлердің арасынан суырылып шығып, жеңімпаз қарындасына ата салтымен ат мінгізгені бар. Сонымен қатар Серіктің Жарқыны туған ауыл-аймағына Наурыз мейрамы, Құрбан айт және жаңа оқу жылы қарсаңындағы «Мектепке жол» ісшарасы мен Қайырымдылық айлығы кезінде де қарайласып, жерлестеріне жиі жәрдемдесіп тұрады.

Әрине, біздің бүгінгі негізгі кейіпкеріміздің өмір жолында жұртшылыққа жасаған қайырымдылық істері мұнымен шектелмесі анық. Бұл жолы олардың бәрін тәптіштеп, тәспідей тізу біздің басты  мақсатымызға  жатпайды.

Атам қазақ: «Жаман бергенін, жақсы көргенін айтады» дейді. Біз бұл жолы көтерілген мәселені басқа бір қырынан тарқатқымыз келіп отыр. Тарихқа үңілсек, Құдайға шүкір, қазақта мал біткен байшыкештер аз болмаған. Олар бұрын да болған, қазір де бар, ертең де болады. Бірақ бар гәп мынада: байдың да байы бар. Халқымыздың  ауыз және жазба әдебиетінде шығайбай, қарабай, итбай, қарынбай, сараңбайлар толып  жатыр.

Қазір де ештеңе өзгерген жоқ. Қазақы қисынға салсақ, «Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы!». Иә, байлықтың өзінен-өзі жинала қалмасы анық. Мал жинау үшін адам моншақтап терін төгу керек. Осы орайда орыс ағайындардың «Богатство и нищета – это состояние ума» деген қанатты сөзі еске түседі. Ол – ақыл-ой мен парасаттың, еңбекқорлық пен табандылықтың, күш-жігер мен қажымас қайраттың жемісі. Ал өзіміздің қазекең «Кім бай болғысы келмейді, құдайы қаламайды, кім би болғысы келмейді, халқы қаламайды, кім батыр болғысы келмейді, жүрегі дауаламайды» дейді. Демек, оның осындай дәрежеге жетуін Құдайы қалап тұр. Бірақ Жәкеңнің ерекшелігі сол, ол «өле жегенше, бөле же» деген ұстанымда. Жалпы Жарқын ағамыз құдайшыл кісі. Халқымыз «Құдай деген құр қалмайды» дейді. Себебі ол қарекет өзінен, ырыздық-несібе Құдайдан екенін жанжүрегімен сезеді. Осындайда «Құдай пейілге береді», «Кең болсаң – кем болмайсың», «Адамдікі айтуға, Құдайдікі байытуға», «Мал таппайтын еркек жоқ, құрарын айт, ұл таппайтын қатын жоқ, тұрарын айт»  деген даналық сөздер  еске  түседі.

Біз сөз арасында оқырманның тарихи санасына байлық феномені туралы ұлттық көзқарасты  кіріктіруге ұмтылудамыз. Мақсат – қай заманда да, қай қоғамда да қазақ халқы өзінің Атымтай жомарттарын ерекше құрметтейтінін  құлаққа  сіңіру.

Жарқын Серікұлы – жеке өмірінде де бақытты жан. Үлгілі отағасы. Ақылына көркі сай Қаракөз жеңгеміз бен алтын асықтай ұлдары бар. Балаларының білімі мен тәрбиесіне айрықша жауапкершілікпен қарайтын парасатты әке, әсіресе, қазіргідей жаһандану заманында ұлттық иммунитетке ерекше мән береді. Үлкен ұлы Данияр Финляндияның Хельсинки қаласындағы Aalto университетінде соңғы курста білім алып жатса, екінші ұлы Санжар – Алматы қаласындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенті.

Ойымызды тобықтай түйсек, басына бақ қонған азаматтың бүгінгі «алпыс – тал түсі» құтты болсын! Ғұмыр жасы ұзақ болып, алда да алар асулары биік болсын. Қалай десек те, спортта, бизнесте, тұрмыста һәм жалпы өмірде толағай табыстарға жеткен азаматтың ғибратты ғұмыр жолы – кейінгі буынға өнеге.

P.S. Осы орайда хәкім Абайдың: «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады...» деген қара сөзі ойға оралады.

Жаңабек Жақсығалиев,

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале