Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Жошы ұлысы – Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастауы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы БҚАТУ медиа орталығы хабарлады.
Іс-шараға оқытушылар мен «Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институтының» студенттері қатысты. Дөңгелек үстелді жүргізген аға оқытушы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров Жошы ұлысының қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына қосқан үлесін атап өтіп, іс-шараның маңыздылығын түсіндірді. Университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов Жошы ұлысының тарихи маңыздылығы мен қазақ халқының мәдениеті мен тарихындағы орны туралы айтып, дөңгелек үстел басында құнды мәліметтер айтылатынына сенім білдірді. Бұдан әрі аға оқытушы, философия докторы (PhD) Мақсот Жанғожиев, «Парасат» ақпараттық-білім беру орталығының директоры Айгүл Есенаманова, оқытушы, магистр Алмас Тельманов, «Ветеринария және агротехнологиялар институтының» студенттері Ақберен Сансызбаев пен Айшат Урынтаева, «Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институтының» білім алушылары Альмира Саурбаева мен Қарақат Бозшина «Сарайшық – Жошы ұлысының рухани астанасы», «Қазақ тарихы – шетел жылнамаларында», «Бату хан кезеңіндегі Алтын Орданың сыртқы саясаты», «Жошы хан және оның ұлысы», «Алтын Орда және оның мұрасы», «Ақ Орда мемлекетінің саяси тарихы», «Қазақ хандығы – Жошы ұлысының тарихи жалғасы» тақырыбында баяндамалар оқыды. Олар өздерінің зерттеу жұмыстары мен ойларын ортаға салып, Жошы ұлысының Қазақ мемлекеттілігіндегі орны мен маңызын қайта жаңғыртудың жолдарын ұсынды.
Іс-шараға қатысушылар Жошы ұлысының тарихы мен мәдениеті туралы деректермен танысты. Жалпы мұндай іс-шаралар қазақ тарихын зерттеуші студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарына септігін тигізетіні сөзсіз.
Ал жастардың тарих ғылымына деген қызығушылықтары артып, ғалымдар мен білім алушылар арасындағы ынтымақтастық беки түсті.