21.11.2023, 10:45
Оқылды: 47

ЖСДП да Жайыққа алаңдаулы

Оралдағы «Park Hotel» мейрамхана-қонақүй кешенінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) ұйымдастыруымен «Жайық өзенінің тағдыры өз қолымызда» атты іс-шара өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Жалпы-ұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаты Наурыз Сайлаубай, партияның баспасөз қызметінің басшысы Мақсұт Насибулов, экологиялық бірлестіктер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

IMG_6747

Іс-шараны жүргізген ЖСДП партиясы облыстық филиалының төрайымы Анаргүл Әбенова айтып өткендей, белсенді азаматтар Жайық өзенінің тартылып бара жатқаны жөнінде бірнеше жылдан бері дабыл қағуда. Трансшекаралық өзеннің су деңгейі төмендеп, көлемі кішірейіп бара жатқаны айтылып та, жазылып та келеді.

«Бірақ мәселенің нақты шешімі әлі жоқ. Керісінше Жайықтың қазіргі кейпі күн санап нашарлап барады. Бүгінгі жиынды өткізудегі мақсатым – экологиялық белсенділер мен қоғамдық пікір көшбасшыларынан, саяси партиялардың өкілдерінен тұратын бастамашыл топ құру. Біз Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан – Ресей  комиссиясы бар екенін білеміз. Біз құратын бастамашыл топ осы комиссия қызметінің жұмысын қадағалап отыратындай болуы керек», – деген партия филиалының төрайымы Жайық өзенінің сағасы Шағанға қатысты да мәселе күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.

– Бүгінде кәсіпкер Шаған өзенінің жағасын құрғатып, ойын-сауық саябағын салып қойды. Бұл өзен арнасын тарылтып, су айдынының ағысына  кері әсер етуде. Су қорғау аймағында кәріз құдығы орналастырылған. Сонымен қатар Шаған өзенінің арнасында балық өсіруге арналған торлар құрылған. Шаған мен Деркөл Жайық өзеніне су құятындықтан, олардың гидрологиялық режіміне кері әсер ететін мұндай шаруашылықтардың жосықсыз әрекет етуіне жол бермеу керек. Менің білуімше, қазір балық торларын алып тастаған. Бірақ өзеннің түбінде бетон блоктар әлі жатыр. Бұл бетондар жер астындағы бұлақтардың көзін жауып тастайды, өзенде шомылатындардың өмірі мен денсаулығына да қауіп төндіреді, – деді ЖСДП БҚО филиалының төрайымы А. Әбенова.

Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубайдың айтуынша, Каспий теңізінің тартылуына Жайықтың бүгінгі мүшкіл халі себеп болуда.

«Экология мәселесі Қазақстанда өте өзекті тұр. Жалпы әлемде суға деген сұраныс артып келеді. Біз осы саладағы мәселелерді шешуге үлес қосуға дайынбыз», – деді депутат.

ЖСДП баспасөз қызметінің басшысы Мақсұт Насибулов та өз сөзінде Жайық өзенінің тайыздануы жөнінде жыл сайын мәселе көтерілетінін айтты.

Өзен Ресейдің бірнеше облысын және Қазақстанның екі облысын ауыз сумен қамтып отырғандықтан, мәселе халықаралық деңгейде шешілуі тиіс екенін атап өтті.

«Суды тиімді әрі үнемдеп пайдаланатын кез келді. Қазірдің өзінде 600 мың қазақстандық таза ауыз суға мұқтаж деген дерек бар. Ал Африка елдерінде де судың тапшы екені белгілі. Арал теңізінің жағдайымен бәріміз таныспыз. Енді тайызданып бара жатқан Каспий теңізін сақтауымыз керек. Теңіз деңгейінің төмендеуіне климаттың өзгеруі де, антропогендік факторлардың әсері де себеп болуда. Сондықтан барлығын зерттеу қажет. Бүгінде өзенді тереңдету мәселесімен айналысатын арнайы институт құру туралы ұсыныстар айтылып жүр. Біз айтылған барлық мәселені Парламентте көтеруге дайынбыз. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша қаулы қабылдап, орталық аппаратқа жолдаймыз», – деді Мақсұт Насибулов.

Батыс Қазақстан экологиялық-географиялық қоғамдастығының төрағасы Дархан Сариев Жайық өзені ағынының шектен тыс реттелуі, су айдындарының тепе-теңдігін (гидробаланс) сақтайтын жайылма ормандардың бақылаусыз кесілуі, Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан – Ресей  комиссиясының атқарған жұмысы есебінің жоқтығы жөнінде баяндады.

– Жайық өзенінің басты мәселесі – ағынының орынсыз реттелуі. Бұл біздің елге де, Ресей тарапына да қатысты. Себебі әрбір фермер қалаған жеріне бөгет салып, суды өз қажетіне қарай бұрып алады. Биыл өзен арқылы 8 миллиард текше метрге жуық су өтсе, өткен  жылдары 3-4 миллиард текше метр су келді. Бұл өте аз. Арнайы комиссия жұмыс істемейді. Бізде 1996 жылы қол қойылған хаттама бар. Онда жоғарыдан келетін судың көлемі 3,2 миллиард текше метрден төмен болмауы керек делінген. Бірақ ол кезде бұл келісімге қол қойғанда қай жылдардағы деректерге сүйенгені белгісіз. Қазір бұл зерттеулердің бәрі ескірді. Себебі жағдай өзгерді, ол кезде бүгінгі су қоймаларының бәрі болмады, суды тұтыну көлемі де өсті. Комиссия Солтүстік Каспийді үнемдеуге басымдық беруі керек. Ол үшін Жайық және Еділ өзендерін сумен қамтамасыз ету қажет. Су мөлшерін арттыру жөнінде Ресеймен келісімге келген жөн. Сонымен қатар өзен арнасының бойында орналасқан барлық су қоймасы мен гидротехникалық құрылыстарға ревизия жүргізу керек. Жоғарыда атаған Қазақстан – Ресей комиссиясы халық алдында есеп беріп, жұмысын ашық жүргізуі тиіс. Солтүстік Каспийдің тағдырына қауіп төніп тұр. Бір кездері ернеуінен асып жатқан теңіздің жағалауы жыл өткен сайын алыстап барады.  Аталмыш комиссия осы жайттардың себептерін неге анықтамайды? Ғылыми зерттеулері бар ма? Ресейде бұл бағыттағы жұмыс дала институтымен және білім беру ұйымдарымен бірлесе жүргізілетінін айта кеткен жөн. Біздің елімізге жаңа ғылыми жұмыстар керек. Жалпы экологиялық мәселелер бойынша ресейліктермен тығыз ынтымақтастық орнату қажет, – деді Дархан Сариев. Сондай-ақ экобелсенді жер қойнауын пайдалану, жануарларды қорғау мәселелеріне тоқталды.

Ал «Қазсушар» РМК БҚОФ директорының міндетін атқарушы Рауан Құсайыновтың мәліметінше, Жайық өзенінің ұзындығы 2428 шақырым болса, соның 1082 шақырымы Қазақстан аумағынан өтеді. 1957 жылы Жайық өзеніне су көп жиналған. Яғни ол жылы өзеннің жылдық ағыны 24 текше шақырым болса, 1967 жылы 2,6 текше шақырым су жиналған.  Бүгінде Сақмар өзені Жайыққа судың 70-80 пайызын жеткізеді. Ресей Федерациясының аумағындағы Жайық өзенінде үш үлкен су қоймасы орналасқан. «2019-2020 жылдары Жайық өзенінде су аз болды. Жыл санап өзеннің деңгейі көтеріліп келеді. Биыл өзен суы 557 сантиметрге дейін көтерілді. Жайық өзенінен су тартуды жақсарту үшін Шаған өзенінің арналарын механикаландырылған тазарту жұмыстарын жүргізу жобасы іске асырыла бастады. Мердігер анықталып, топографиялық-геодезиялық жұмыстар жүргізілуде», – деді Р. Құсайынов.

Басқосуда Лариса Румянцева Бәйтерек ауданындағы Октябрьский ауылының тұрғындары мен Орал қаласындағы Самал-3 шағынауданындағы «Мичурин», «Объединенное» бау-бақша серіктестіктерінің мәселесін баяндады. Ол Шаған өзені арнасының бітеліп, кебе бастағанын, гектарға жуық орманның кесілгенін растайтын құжаттар, фото және бейне айғақтар бар екенін айтты. Алайда бірнеше жылдан бері мәселенің әділ шешілуіне қол жеткізе алмай жүрміз деді.

«Бұл мәселеге жергілікті билік өкілдері де немқұрайлы қарауда. Кәсіпкер Шаған өзенінің бойында ойын-сауық кешенін салды. Осы құрылыстың салдарынан сол аумақтағы тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады. Жасыратыны жоқ, көптеген адам жылдар бойы саяжайларда тұрып келеді. Биыл өзендегі құрылыстың кесірінен мұз кептеліп, тұрғындарға қауіп төнді. Олар өз қаражатына құм дорбаларын сатып алып, жағалауды көтерді. Бұрын Шаған арнасынан асқанда орман алқабындағы көлге жайылып, құстар мен жануарлардың құтты мекеніне айналатын еді. Екі жылдан бері ол көлге су барған жоқ. Биыл өзеннен өлген балықтарды көрдік. Біз мәселені қайда барып айтсақ та, тиісті табиғат қорғау мекемелері ешқандай әрекет жасамай отыр», – деді Лариса Румянцева.

Жиынды қорытындылаған ЖСДП партиясының өкілдері айтылған барлық мәселені назарға алып, тиісті құрылымдармен жұмыс жүргізетіндерін  жеткізді.

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале