«...Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де, өлмегенмен боласың тең».
Ұлы Абайдың осы бір сөзі Ақ Жайықтың арда азаматы болған Абай Сәтиұлы Иманғалиевке қаратып айтылғандай. Саналы ғұмырын облыста ел басқару ісіне арнаған мемлекет және қоғам қайраткері Абай Сәтиұлы қаңтардың 23-інде 75 жасқа толған болар еді.

Абай Иманғалиұлы 1951 жылы Камен ауданының (қазіргі Тасқала) Совхозное селосында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін 1974 жылы сол қаладағы Ленин аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болады. 1988-1992 жылдары Чапаев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Орал авиакәсіпорны командирінің орынбасары, «Ақ жол» халықаралық әуежайы» ААҚ директорының орынбасары болып еңбек етті. Кейін бір жыл облыстық ішкі саясат департаментінің директоры қызметін атқарды. 2003-2006 жылдары облыс әкімінің орынбасары, 2006-2013 жылдары Ақжайық ауданының әкімі болды. Өмірінің соңғы жылдары «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-да қызмет етті.
Абай Иманғалиев аймақтың әлеуметтік саласында және ішкі саясатында көрнекті тұлға болды. Маңызды бағдарламалар мен әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына атсалысты. Өңір экономикасының дамуына, әлеуметтік мәселелердің ше-шілуіне негіз қалады. Жоғарыда айтқандай, қазір атпал азаматты еске алғанда оның биік болмысы мен мемлекетшіл мінез-құлығы, елдің өркендеуі жолындағы қажырлы еңбегі бірінші айтылады. Арды ту етіп көтеріп, адамшылықты жанына серік еткен жанның «Құрмет» орденімен марапатталуы да оның ерен еңбегінің еленгені болса керек. Абай Сәтиұлын танып-білген, қоян-қолтық жұмыс істеген, оны көшбасшы ретінде бағалаған жандар Ақ Жайық атырабының тарихында өшпес із қалдырған азаматтың бітім-болмысы мен өмір жолын ерекше ықыласпен еске алады. Бұл ретте 2013 жылы жарық көрген «Әкеден ұл болып тусаң да, халықтың ұлы болдың сен» деген естелік кітаптағы естеліктер де арқау болды.

Зерек Абай
Абай Сәтиұлы 2013 жылы мамырда дүниеден өтті. Сол кезде марқұмның Нұрмұқанов Қайролла деген ағасының жұбайы Орал Мансұрқызы былайша жоқтап, естелік жазған екен: «1963 жылы біз Қарағандыға көштік. Ауылдан мектеп бітірген соң Абай Қарағандыға келіп, мемлекеттік университеттің физика факультетіне оқуға түсті. Жасынан зерек, ізденімпаз Абай үнемі қатарының алдында жүрді. Қоғамдық жұмыстардан да қол үзген жоқ. Өте пысық, ерекше елгезек болатын.
Соңғы курста жүргенде үйленетінін айтты. Келініміз Орынтай екеуінің тойлары дүркіреп өтті. Келінді де Алла сәтімен кездестірді. Орынтай сондай келісті, ойлы, бойлы, кішіпейіл, тәрбиелі жан болып шықты. Екеуінің студенттік шағы мен отбасылық өмірі менің көз алдымда өтті. Тұңғыштары Индира Қарағандыда дүниеге көрінді. Абайжан еңбек жолын Қарағандыда бастап, абыройдың алғашқы баспалдақтарын осында бағындырды. Осыннан Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Азаматтық борышын өтеп келген соң, қызметіне алаңсыз кіріскен еді. Жасынан тыңғылықты, жауапты болып қалыптасқан Абай қай істі де бар ынтасымен атқарып, үнемі басшылықтың назарында жүрді. Абыройы еселеніп, тұлғасы еңселене түсті.
Бекзат болмыс
Ал Қазақстан мен Қырғызстанға еңбек сіңірген қайраткер, ұлттық музыка академиясының профессоры, композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы Илья Жақанов ақжайықтық атпал азаматты «әдептен озбайтын бір бекзат бітім» деп сипаттайды. Ол сонау бір жылдары Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Батыс Қазақстан облысының әкімі болып қызметке кіріскенде Оралға келгенінде Абай Сәти-ұлымен танысқан екен:
«Әр сөзі салмақты, байсалды. Өзіңізді ыңғайсыз күйге түсіретін мадағы, жарамсағы, орынсыз жалпылдауы жоқ. Өзі жайлы еш бөгде сөз айтқан жоқ. Абай екеуміздің алғашқы жүздесуіміз осылай ғана болды...», – деп әңгімесін жалғастырды композитор:
«Оралға әлсін-әлсін келіп жүргенде Қырымбек тағы бір әңгіме үстінде: – Абай Иманғалиевтің білімі, қызметтегі өсу жолы мені қатты қызықтырады. Қараңыз, ол Қарағанды университетін физик мамандығы бойынша үздік бітіріпті. Одан Хабаровск өлкесінде әскери міндетін өткерген. Азамат ретінде ысылуы осылайша басталып, Қарағанды қаласындағы Ленин аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі боп жалындаған интузиазммен идеологиялық жұмыстарды нық сеніммен жүргізіпті. Енді айтайын дегенім – қанша дегенмен әркімнің кіндік қаны тамған жері ана жүрегіндей ыстық екені белгілі жай. Бұл Абай ініңіз 1976 жылы Оралға көшіп келіп, Қарағандыдағы абыройы белгілі, мұнда обком комсомолының насихат бөлімін басқарып, идеология, экономика салаларының бәрі-бәріне алғыр ойлы қызметкер екенін аз уақытта таныта біліп, жан-жақты өсіп, жетіліпті. Бұл жұмыстардан кейін ол Ленинградтағы азаматтық авиация академиясында оқып, білім өресін кеңейтіп, оны бітірген соң, Оралдың аэропортында табаны күректей он үш жыл қызмет еткен. Мұның бәрін тәптіштеп тізіп айтып отырғаным – біздің Тәуелсіз мемлекетіміздің жан-жақты өсіп, жүйелі түрде дамуына дәл осы Абай Иманғалиевтей білімді, білікті, өмір сынынан өтіп, әбден ысылған, шыңдалған, ненің не екенін білетін, адамдармен қызмет бабында қандай қарым-қатынас болу керектігін зерек көңілмен парықтайтын, ішкі мәдениеті бай, көреген қызметкер керек. Абайды осы қасиетінен таныдым, – деді. («Әкеден ұл болып тусаң да...», Орал, 2013 жыл).
«Ұшқыштан әкім болған сіз ғана»
Аталған естелік кітапта көзкөрген жандар азаматтың біраз қасиетін тілге тиек етеді. «Тасқаланың тастүлегі Абай Сәтиұлының әкесі Сәти де, Жайықтың нұр апасы атанған анасы – Нұрғаным да Ұлы Отан соғысының сарбаздары. «Соғыс көрген әкелерден жаралып, Соғыс көрген аналардан нәр алып, Өсіп-өнген мына біздің, қарағым, Ісімізде болмайды еш шалалық!» – деп Жарасқан ақын жырлаған буынның бір өкілі нақ осы Абай Сәтиұлы десек, жарасар.
Әкесі әуе десантшысы, яғни екінің бірі жарай бермейтін жанкешті, жауынгерлік іс-қимылдың адамы болған. Ал анасы Нұрғаным туралы, оның партизандық жорықтары жайлы екі кітап жарық көрген. Міне, осындай батырлар отбасының түлегі, сегіз перзенттің тұңғышы Абайдың соңынан ерген жеті бауырына әке орнына әке болған кездері де бүгін – өткен шақ. Бауырмалдық, кісілік, ерекше ұйымдастырушылық секілді дара қасиеттер оған ұшқан ұядан-ақ дарыған болар, бәлкім? Қалай десек те, жанұядан жарамды ұл болып қалыптасуға жақсы тәрбиенің негіз болғаны ақиқат», – деп ой толғаған екен ҰОС ардагері, журналист Рафхат Ғалимуллин. Ал ақын, Қазақ-стан Жазушылар және ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев былай деп жазған:
– Тіпті, сонау Қиыр Шығыстағы әскери қызметте де ол жастар ұйымына жетекшілік жасаған екен. Ал сол кезде қазақ баласына тосырқай қарайтын, таңсық мамандықтардың бірі аэрофлоттың айналасы болатын. Бірақ Азаматтық авиация академиясын тәмамдаған қабілетті жасты бұл сала да жатырқаған жоқ. 1981-1987 жылдары және 1992-2002 жылдары, барлығы он жеті жыл ғұмырын әуе қатынасы саласына арнап, Орал қаласындағы «Аэропорт» ААҚ командирінің орынбасары, сосын он жыл «Ақжол» ААҚ директорының орынбасары болды. Замандастарының «Ұшқыштан әкім болған сіз ғана» деп әзілдейтіні осы тұс. Несі бар, шынында сирек кездесетін жайт. Әскери шені подполковник Абай Сәтиұлының көпке белгісіз қырларының бұл бірі ғана.
«Ешкімге қиянат жасамады»
А. Иманғалиев туралы замандастарының бір шоғыр пікірін біз де қағазға түсірдік.
– Абай Сәтиұлы Ақжайық ауданында екі рет басшылық қызметте болды. 1988-1989 жылдары аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 2006-2012 жылдары аудан әкімі болып қызмет атқарды. Абай Сәтиұлы табиғатынан әділ, қайырымды, жұмыста талапшыл болды. Абай Сәти-
ұлы алты жыл әкім болып қызмет еткенде бірде-бір адамға, ешқандай бөлім немесе мекеме басшысына қиянат жасаған жоқ. Ешкімді себепсіз, негізсіз жұмыстан шығармады. Тіпті қызметкерге ұрысса да, «Мен сені жұмыстан шығармаймын, бірақ үйретемін, бағыт беремін» дейтін еді. Бұл адам бойындағы өте жақсы қасиет деп ойлаймын. Абай Сәтиұлы Ақжайық ауданының рухани өміріне үлкен серпіліс әкелді. Ауданда көптеген нысан бой көтерді. М. Әуезов атындағы орта мектеп, аудандық туберкулез емханасы, аудандық емхана ғимараты салынып, іске қосылды. Әрине, олар бұрынғы әкімдердің жоспарлап, мемлекеттік бағдарламаға енгізіп кеткен бағыт-бағдарлары еді. Марқұм Абай Сәтиұлы барлығын жүзеге асырды. Сол кезде ауданда бұрынғы кәсіптік-техникалық колледждің жатақханасы күрделі жөндеуден өтіп, өнер адамдарына, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне берілді. Осылайша ақындар, термешілер, күйшілер аудан орталығына шоғырландырылды.
Бір айтып кететін мәселе, Жайықтың оң қапталындағы елді мекендердегі – Сарытоғай, Базаршолан, Қарауылтөбе, Қурайлысай және Сайқұдық мәдениет үйлерінің барлығы күрделі жөндеуден өтті. Мысалы, Базаршолан ауылындағы мәдениет ошағы апатты деп танылып, есігінде жиырма жыл бойы құлып тұрған еді. Ол кезде мәдениет басқармасының басшысы Айдар Батырханов болды. Сол сияқты бірнеше мектеп жөнделді. Алғабас пен Қарауылтөбе орта мектептерінде интернат пен балабақша ашылды. Жұбан ақынның 90 жылдық мерейтойы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Аудан орталығында халықтың қолдауымен ескерткіш тұрғызылса, Сайқұдық ауылында мәдениет үйі мен кітапхана күрделі жөндеуден өтті. Абай Сәтиұлы аудан басқарған кезде Бақтығали Қоспаевтың редакторлығымен ауданның өткені мен бүгіні жөнінде жеті кітап жазылды. Абай Сәтиұлы кісілік пен кішілікті жан дүниесіне серік еткен жан еді. Азаматтығы өте биік еді. Әрдайым адамға қамқорлық танытып жүрді. Қолынан келген жақсылығын аямады. Бүгінде талай адам Абай Сәтиұлының қамқорлығын, көрсеткен көмегін ризашылықпен есіне алып жүр, – деп есіне алды Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары (1996-2016 ж. ж.) болған Меңзипа Жұматова.
Ал Абай Иманғалиұлының досы, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Тілек Сәдуақасов азаматтың досқа адалдығын, кішіге қамқорлығын еске алады. «Бәкен нағашымның ұлы Қайрат әскери борышын өтеуге Алматы қаласына келген еді. Ол кезде мен Қарқаралы ауданының әкімдігіне аппарат басшысы болдым. Қайратты әкесі іздеп барса, оны Орал қаласына ауыстырып жіберіпті, әкесі жолыға алмай, ренжіп маған келді. Мен дереу Оралдағы досым Абаймен сөйлестім. Ол Орал қаласындағы «Әуежай» АҚҚ командирінің саяси-тәрбие, саяси бөлім жұмыстары жө-ніндегі орынбасары еді. Оған нағашымның ұлы Қайраттың Оралдағы әскери бөлімге барғанын, әкесі Алматыға іздеп барып, жолыға алмай келгенін айттым. Абырой болғанда Абай әлгі Қайрат барған әскери бөлімнің командирін танитын боп шықты. Дереу іздеп барып, командирге жолығып, оны шақыртып алады. Командир Қайраттан: «Мына кісіні танисың ба?» деп сұрайды, ол танымайтынын айтады. Сонда Абай: «Мен сенің ағаң – Қарқаралыдағы Тілектің досымын, бүгін менімен бірге біздің үйге барасың», – деп командирден рұқсат алыпты».
Анасын ардақтаған азамат
– Біз Абай Сәтиұлымен 1977 жылдан бастап, өмірден өткенше жақын жолдас болдық. Ол өте адал, шыншыл, өтірік-өсекпен ісі жоқ, ерекше адам еді. Көлемі кең Ақжайық ауданын көп жыл бойы басқарып, оның экономикасының өркендеп, мәдениетінің жандануына үлкен үлес қосты. Жұбан Молдағалиевтің тоқсан жылдығын атап өтуде, ақынның есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттауда көптеген ұлағатты іс істелді... Абай Сәтиұлы абыройлы еңбегімен, жұртқа жағымды сезім сыйлар парасат-пайымымен, жанашыр жүрегімен әрқашан біздің жадымызда, – дейді ең жақын достарының бірі Айдар Батырханов.
ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, еңбек ардагері, зейнеткер Алтын Орынғалиева да Абай Сәтиұлы өте парасатты жан болды деп еске алады. «Ол кісі Ақжайық ауданының әкімі болған кезде мен ауданда бас санитарлық дәрігер болдым. Қиын кезде үлкен ауданды басқару да оңай болмайды. Дегенмен, Тайпақ ауданының халқын бірікті-ріп ұстауда Абай Сәтиұлының ақыл-парасаты, көрегендігі зор рөл атқарды. Ол ауданды «Жұбан елі» деп атайтын. Абай Сәтиұлы анасына үлкен құрмет көрсетті. Ол туралы кітап жазды. Мен ауданға барғанда «Жұбан еліне қош келдіңіз!» деп сол кітапты тарту еткені есімде. Анасы туралы кітапты үлкен мақтанышпен, зор құрметпен өзгеге сыйлау, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Адамдармен сыйластығы өте керемет еді. Әттең, жастай кетті».
Ал тележурналист Біржан Кухаев өзін Абай Сәтиұлының шапағатын көрген көп жастың бірі санайды.
– Ол аудан басқарған жылдары мен жастар ұйымына жетекшілік еттім. Барлық бастамамды қанаттандырып, қолдап отырды. 2012 жылы 20 жасымда республика бойынша мәслихаттың ең жас депутаты атандым. Саяси додаға түсуіме тікелей себепкер болып, бағыт-бағдар берді, қанатымды қатайтты. Маған, ауылдық округ әкімдеріне өзге өңірлерде оқитын аудан түлектерімен тұрақты байланыс орнатуды тапсырды. Қашанда жастарды қамқорлап жүрді. Абай Сәтиұлы қарамағындағы қызметкерлерін қорғай білетін, бірінші басшы ретінде жауапкершілік ала алатын азамат болды. Осындай әділ, турашыл, бай тәжірибелі саясаткердің мектебінен өткенімді әрдайым мақтаныш етемін, – деді әріптесіміз.
«Бәрі менің жадымда...»
– Мен үлкен отбасыға келін болып түстім. Абайдың бес қарындасы, екі інісі болды.
Жұбайымның анасы да, әке-сі де өте жақсы, білімді адамдар еді. Студент кезімізде шаңырақ көтерсек те, ештеңеден тапшылық көрмедік. Пәтеріміз, екеуміздің стипендиямыз болды. Біз Қарағандыда үйленгенде Абайдың ағасы бір бөлмелі пәтер сыйлады. Папасы ай сайын 100 рубль жіберіп тұратын. Өзімнің бауырларым да қолдауын аямады. Біз үйленгеннен кейін бір жыл әскери борышын өтеуге кетті. Еңбек жолын Қарағандыда бастап, комсомолда жұмыс істеді. Жас кезінде бокспен айналысып, спорт шебері болды.
Өмір зымырап өтті де шықты. Қызымыз да, ұлымыз да мансап қумады. Қарапайым өсті. Әрине, олай болу үшін де тәрбиелеу керек. Ал біз «былай істеңдер, сөйтіңдер» деп үйретпедік. Балаларына ешқашан айқайлап ұрысқан емес. Тума-туыстарына бауырмал болды. Папасының бес қарындасын ерекше құрметтеді. Менің отбасым да Абайды ерекше жақсы көрді. Абай қарапайым болды, бірақ өзінің білімімен назарға ілікті. Оның білім-білігін бағалағандар қызметке ұсынды. Алайда өзі біреулерге табынып, ұнауға тырыспады.

Ол жұмыс дегенде жанын беретін. Абай демалуды білмеді. Біреулер балық аулап, табиғат аясында демалғанды ұнатады. Ал ол тыныштықты қалайтын. Тыныш жерде ойланып, жоспарлап отыратын. Бір қасиеті ақша ұстамайтын еді. Табысын түгел маған әкеліп, «өзің оқсатарсың» дейтін. Абай кез келген ортаның гүлі болды. Әнді өте жақсы айтатын. Мен үшін дос бола білу де өте жақсы өнер. Ал оның досы көп болмады. Әсіресе комсомол кезінде танысып, табысқан достарымен өте жақсы араласты. Бастықтарды үйге арнайылап қонаққа шақырғанды ұнатпайтын еді.
Ол өте таза, ұқыпты кісі болды. Өте сымбатты адам еді. Әріптестері әлі де ол туралы жып-жылы естеліктер айтады. Жастарға көп көмектесті. Мен Ақжайық ауданының жігіттеріне өте ризамын. Жыл сайын бокстан турнир өткізеді. Кез келген іс-шараларға шақырады. Мен онымен бірге өткізген сәттерге ризамын. Биыл отау құрғанымызға 53 жыл болар еді. Бірақ ол 62 жасында зейнетке шығуға үлгермей, дүниеден өтті, – деп есіне алды жары Орынтай Иманғалиева.
Дайындаған Ясипа Рахимқызы