15.12.2020, 11:11
Оқылды: 48

Жұбан – ұлтымның ар-намысы емес пе?!.

«Аңыз адам» журналының осыдан үш-төрт жыл бұрынғы желтоқсандағы саны басыбайлы Желтоқсан оқиғасына арналған екен. Батыл боламыз деп авторлар біраз аруақтардың да жағасына жармасыпты. Бүгінгі күннің шуағын да қыздырынып отырып, «тәуелсіздік» деген түсінік санамызға кірмесе де, сапымызға тұра бастаған апа-сапа шақта өткенге осыншама батыл баға беруге өз басым сақтанар едім. Себебі Желтоқсан сияқты ауқымды оқиғаны пайымдау үшін біраз жылдар, мүмкін тіпті онжылдықтар керек болар. Әйтпесе, бүгін әліңіз жеткеннің жағасына жармасып, әліңіз келмегенді айналып өтсеңіз, ертең 20-30 жылдан кейін біреу өзіңіздің жағаңызға жармаспасына қандай кепілдік бере аласыз? Жалпы, журнал материалдарының дайындау мақсаты – желтоқсанда алаңға шыққан жастардың арасында болмағандар – сатқындар деген идеяға саяды. Не істейік? Бола алмадық! Болуға батылымыз жетпеді! Бүкіл ұлттың батылы жетпеді! Қазір бірте-бірте ұмытылып  келе жатыр. Аға ұрпақ менің сөзімді өтірік дей қоймас, ол кезде жалпы Совет елі деген түсінік бар да, Қазақ елі деген түсінік жоқ еді.

52301D02-F1E1-4353-914C-5B85B120AF23

Жетпіс жыл санаға сіңген осы түсінікті, күрмеулі құрсаудың бір күнде сыпырылып түсуі мүмкін бе? «Жастарға араша болмадың» деп бүгін Олжас ақынды айыптау, Зақаш Камалиденовты (1982-1985 жылдары Қазақ КСР МҚК (КГБ) төрағасы, 1985-1988 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің хатшысы)  жазғыру оңай. «Сол кезде солардың орнында мен болсам, қайтер едім?» деген сауал тәуелсіз жылдары ер жетіп, кеңестік саясаттың тайқазанында сарысудай сарқылдап қайнамаған ұрпақ үшін қиын бола қоймас. Ал аға ұрпақ үшін қиын сауал болары сөзсіз. Ол үшін оларды айыптау – сауапты іс деп айта алмаймын.

Осы күні Мұхтар Шаханов ағамыз екі сөзінің бірінде «Сол күндері мен Мәскеуде болдым. Әйтпесе...» дегенді жиі айтады. Ол кісінің сол күндері Алматыда жүрсе де, алаңда боларына кім кепілдік бере алады?! Ол кісі алаңда болғанда да не істер еді?

Сол күндері мен Маңғыстау облысында бір бөлімнің басшысы едім. Бір жұма бойы Алматымен байланысты тоқтатты, ұшақ ұшпай қалды, пойыздың өзіне тексеріп мінгізетін болды. Батылы жеткен-дер шетелдік радионы жасырын тыңдап, хабар айтып жүрді. Сондай күндердің бірінде қалалық партия активі шақырылды. 200 адам отырған залдың ішінде он шақты қазақ болдық. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Губановтың сөзі бірден былай басталды: «Желтоқсанның 16-17-сі күндері Алматыда бір топ қазақ жастары, негізінен наркомандар, қылмыскерлер, бұзақылар Орталық комитеттің шешіміне қарсылық білдіріп, бұзақылық қылықтар көрсетті. Олар негізінен қаланың орыс нәсілді тұрғындарына тиісіп, машиналарды, үйлерді өртейді»... Бұл - бұл ма? Шығып сөйлеушілердің сөзін естісеңіз! «Түрмеге оларды, түрмеге!», «Аяушылық болмауы керек», «Ұлт араздығын тудырмай-мыз» т.б. Несін жасырайын, біздің, яғни он шақты қазақтың үніміз шыққан жоқ. Бір бұрышта үйіріліп отырдық. Заман солай еді...

Менің жанымды түршіктіргені – ұлтымыздың мақтанышы болып жүрген ақын, Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиевке  жағылған күйе. Бауырлар-ау, бүйтіп бүйректен сирақ шығарып, бас біткеннен бит іздей берсек, қазақта ұлтқа үлгі, ұрпаққа ұран болатын тұлға қалмайды ғой! Құдайда ғана кемшілік жоқ. Өзге ұлттар сондай саңлақтарын төбелеріне көтеріп, Құдайдай сыйлап отыр ғой. Әлде біз «Сәрсенбайды сыбасақ, Бисембай бар ғой» дейтін соншама көп ұлтпыз ба?! Обалы не керек, бодандықта болған 200-300 жылда патшалық Ресей де, кеңестік билік те біздің халық болмай, ұлт болмай бытырауымыз үшін біраз шаруа тындырған екен. Олардың ең басты жетістігі аз қазақтың өзін-өзіне күндес қылып, құртып жіберуге сәл-ақ қалды. Сол жүзге, руға, ауылға, көшеге бөлініп алып, күндестіктің, көреалмаушылықтың қазанын әлі күнге дейін оттан түсірген жоқпыз.

Патша үкіметінің Барақты Әбілқайырға, Жәңгірді Исатайға, Сырымды Нұралыға айдап салу арқылы өзі әлсіз халықты әлжуаз еткенін тарихтан біліп отырсақ та, сол ноқтаға басымызды сұға береміз. Әйтпесе, кешегі заманды көрмеген жастар Жұбан ақынды жазғырсын делік. Ал сол кісінің қамқорлығын көріп, қатар жүрген Мұхтар Шахановтікі қай «бауыр-малдық»? Мұхаң Жұбағаңды сол кездегі  саясат шеңберінен шыға алмай (шығып көр) сөйлеген сөздері үшін айыптайды. Ал журнал қызметкерлері ақыннан басқа сөз таба алмағандай «Оқушы, жастар тобының бұзақылық, абыройсыз әрекеттерін үзілді-кесілді айыптай-мын» деген сөзін мақалаға тақырып қылып, баттитып тұрып басыпты. Ал ақынның Колбиннің көзін шұқып айтқан сөздері де бар еді ғой. Пленумға қатысып отырған қазақ зиялысының біреуі осылай сөйлесе, біз естімей жүрміз бе? Жұбағаңның: «Сіздер республиканың жоғары оқу орындарында қазақ жастарының  үлес салмағы көп дейсіздер. Қазақ жастары өз елінен басқа қайда барып оқиды? Қазақтар бәрібір өз жұртынан ешқайда кетпейді. Кейбір қазақ ауылдарына әлі телеграф байланысын орнатпай отырсыз» деген сөздерін  тыңға келген бұзақылар туралы және өзге де ұлтының жоғын жоқтаған сөздерін көздері көрмей қалды ма екен? Әлде көргісі келмеді ме? Аруақтан қорқайық!

Қазақта бүгін батыр да көп, қайраткер де көп. Бірақ солардың қайсысы КПСС-тың мұз шайнап, қан түкіріп тұрған заманында:

«Сен хатшы боп қаларсың өлгеніңше,

Ал мен ақын боп қаламын өлгесін де» деп қасқайып тұрды?!

Жұбағаңды «Қолдан халық батыры жасаудың қажеті қанша?» деп жүрген Мұхаңның өзін бүгін «халық батыры» жасап алдық. Бұның айыбы да жоқ. Биліктен басқа да ел тыңдайтын, ұлтты ұйытатын біреулер болуы керек қой. Сон-дықтан абыз тұтқан ағаларымыздың жағасынан ала беруді қойған жөн. Сонда келер ұрпақ сіздің де жағаңыздан алмайды. «Ұлым деген елі болмаса, елім дейтін ұл қайдан туады»? Біз ортақ үйімізде қазақтар болып, жалғыз отырғанымыз жоқ. Қаншама ұлттың ортасындамыз. Біреулерінің бізге қарап жаны ашыса, екіншілері ішінен «шоқ-шоқ» деп отыр. Сондықтан барды бар деп, жоққа салауат айтуымыз керек. Осы күні байқасам, жазушылар арасында, зиялы ортада бір оспадарсыз оқиға болып қалғанда «Әй, ағайын, қойыңдар!» дейтін ұлтымда ұлтан да қалмаған ба  деген ой келеді. Аузы дуалы жоқтан емес. Бар! Жеткілікті! Бірақ солар «Өзімізге бас салады-ау» деп ауыздарын ашудан зәрезап болған сияқты. Бұл «Әй дейтін ажасы, қой дейтін қожасы жоқ» үйдің халін көз алдыңызға елестетеді. Тек сондай ел болып кетпесек болды.

Жалпы, осы мақаланы 2017 жылы жазған екенмін. Содан бері ойлап отырсам, Жұбанды жұбататындай, оның аруағын ризалайтындай тап бір айтулы іс болмаған екен. Әр желтоқсан айы болған сайын «сондай бір ақын адам болған еді» дей саламыз. Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада әрі кетсе оқушылармен, студент-термен бір шара, бері кетсе бір кітап көрмесі ұйымдастырылады. Оған да шүкір, әрине. Дегенмен Жұбандай ақынға, қайраткерге әр облыста әйдік ескерткіш орнатып, көшелер мен мектептерге атын беріп жатса да артық болмас еді. Абай біреу ғой, дара ғой деп жатамыз. Жұбан да жалғыз, Жұбан да дара ғой! Биыл дауылпаз, қайсар ақынның туғанына 100 жыл толды.

Ал ел төрінде, не ол көп жыл басқарған Жазушылар одағында айтып жүретіндей әйдік шара өтпеді. Әйтеуір, туған елінде зәулім ескерткіш орнатылды. Туған ауыл-аймағында, облыс орталығында айтулы шаралар өтті.

Әсіресе, республикалық ақындар айтысындағы қарағандылық ақынның «Қадыр болса – ұлтымның төлқұжаты, Жұбан ақын – ұлтымның ар-намысы!» деген сөзін айтсаңызшы! Біз айта алмай

жүрген сөз ғой бұл! «Жұбан еліміз» деп енді мақтана алатындаймыз. Облыс орталығындағыдай зәулім ескерткіш, оның кіндік қаны тамған Сайқұдықта да тұр. Сөйтіп, еліміздегі Жұбан ақынның бір ғасырлық мерейтойы қаламыздағы Х. Бөкеева атындағы қазақ театры сахналаған поэтикалық драмамен қорытындыланды.

Осы шараларды ой елегімнен қайталап бір өткізе отырып, Жұбанның аруағы бір разы болған шығар деп ойладым. «Мың өліп, мың тірілген қазағы», ел-жұрты барда, Ақ Жайығы тұрғанда Жұбанның аты өшпек емес!

Құжырғали Төлеуішов,

театр ардагері,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале