Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Жұбан оқуы – 2023» байқауы өтті.
Биыл 23-ші рет өткізіліп отырған сайыста 40-қа жуық қатысушы бақ сынады. Байқауға облыс, аудан деңгейіндегі мектеп мұғалімдерімен қатар банк, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа салаларда еңбек ететін 21 мен 35 жас аралығындағы қызметкерлер қатысты.
Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар ақынның «Айттым сәлем» поэмасын түгел жатқа оқыса, екінші кезеңде өздерінің таңдауына қарай ақындық, суретшілік, әншілік және актерлық шеберлігі сыналды.
– Әрине, бүгінгі шараның негізгі мақсаты – Жұбан ақынның шығармашылығын насихаттау. Жыл сайын байқау шарттарын қайталамауға тырысып, әр жылда жаңа кезеңдермен толықтырып немесе қатысушыларға қосымша шығармашылық тапсырмалар беру арқылы байқау талаптарын жандандырып отырамыз. Бүгінгі сайыс өткен жылғы жарыстан өзгеше. Себебі екінші кезеңде қатысушыларға шығармашылық еркіндік берілді. Келер жылы ұжымдық немесе командалық сайыс ұйымдастыру ойда бар. Бүгінгі байқауға Ақжайық пен Теректі аудандарынан қатысушылар
көп, – деді жұбантанушы, қазылар алқасының төрайымы Үзілдік Елеубайқызы.
Ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған байқаудың қорытындысы бо-
йынша Жаңақала ауданындағы №3 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Ақтілек Қайырғалиев бас жүлдені жеңіп алды. Ақжайық ауданы Ілбішін ауылдық дә-рігерлік амбулаториясының зертханашысы Аяужан Қуанышева 1-орын иеленсе, Бақытжан Қаратаев атындағы орта білім беретін мектептің мұғалімі Асылайым Абат (Қаратөбе ауданы) 2-орынға табан тіреді. Ал үздік үштікті №14 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Айжан Байтуғанқызы (Орал қаласы) түйіндеді. Сонымен қатар Нұргүл Нұрбекова (Қаратөбе ауданы) «Үздік ән», Рахат Ғариф (Орал қаласы) «Үздік сурет», Әли Мусин (Сырым ауданы) «Ақындық шеберлік», Сымбат Камалова (Орал қаласы) «Үздік қойылым» аталымы бойынша үздік деп танылды.
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі ақын ескерткіші алдында өтті.
Әнуар Аманжол,
«Орал өңірі»