Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Мәдени-ағарту бірлестігінің ұйымдастыруымен өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында жұбантанушы, ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, ақын Үзілдік Елеубайқызымен «Мәңгілік ел идеясы – Жұбан жырында» атты кездесу өтті.

Кездесуде ақын қойылған сұрақтарға жауап беріп, еңбек жолы кейінгі ұрпаққа пайдалы іс қалдыру екені туралы ой өрбітті.
Кездесудің тосын қонағы болып ақын, ұстаз, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпаз-жүлдегері, Жиембет жырау атындағы сыйлықтың иегері Талап Таймасұлы шақырылды.

Үзілдік Елеубайқызы мен Талап Таймасұлы облыстық айтыстарға қатысқандарын тілге тиек етіп, кейінгі жас толқынға үлгі болатындай әңгіме өрбітті. Шарада «Бәйтерек» балалар аула клубының тәрбиеленушісі Ерсаин Саян, «Жас шебер» балалар аула клубының тәрбиеленушісі Айша Зейнолла өз туындыларын оқыды.
Сонымен қатар бірлестікке қарасты тәрбиеленушілерден бейнесұрақтар қойылып, тікелей эфир барысында ата-аналар мен жетекшілерден кеш қонағына жылы лебіздер білдірді.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz