25.07.2022, 9:01
Оқылды: 30

Жүйткіп жүріп, жетпіске келген ақын

Орта бойлы, жүрісі ширақ, сол кездегі шаш қою үлгісі өзгелерден ерек Сәрсенғали есімді ауылдас ағаны бала кезден танитынмын. Бірінде басына құндыз бөрігін, үстіне шапанын киіп, қара домбырасын құшақтап, айтыстың төрінен табылса, енді бірде ауылда өткен мерекелік концерт сахнасында бір қолына ақ парағын ұстап, екіншісімен шашын артқа қайырып қойып, тебірене өз өлеңдерін оқитын. Сол уақытта көктемде арнасынан асып, тасыған Қосөзеннің суын арналарға бағыттап, тиімді пайдаланып қалу да, ауыл халқын қысы-жазы ауыз сумен қамту да осы ағамыздың мойынына артылып еді. Кейін тоқырау заманы тығырыққа тіреп, тұрмыс қиындаған кезде алғашқылардың бірі болып нарыққа бет бұрып, дүкен ашып, монша салған да, қожалық құрып, мал бордақылаған да осы Сәрсенғали ағамыз.

IMG-20220725-WA0000

Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы Сәрсекеңнің туған ауылға, ондағы халыққа бір кісідей еңбегі сіңгенін жалпақталдық ағайын жақсы біледі. Кездесе қалсаң, «Балам» деп хал сұрасып, бауырына тартатын ағамыздың жүйткіп жетпіске жетіп қалғанын жақында Казталов аудандық «Ауыл айнасы» басылымының бетінен оқыдым. Көз көрген жақсы жанның мерейтойы облыстық газеттің де бір бетіне хатталып қалсын деген ниетпен қолға қалам алдық.

Сәрсенғали Бисенғалиұлы 1952 жылы 27 шілдеде қазіргі Жаңақала ауданы, Факей ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1969 жылы Жалпақтал ауылында құрылысшы болып бастап, 1970-1975 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіріп, инженер-механик мамандығын алған. Сонымен қатар ағамыз 1977 жылдан аудан, облыс, республика көлемінде әнші-термеші, айтыс ақыны, әуесқой сазгер ретінде танымал болды. Бүкілодақтық бірінші, екінші, үшінші халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты. Алғашқы айтысын аудан, облыс көлемінде емес, бірден республикалық телевизиялық айтыстан бастаған.

– Сәрсекең екеуміз кезіндегі Фурманов ауданының Хайруш ауылында өстік. Ол кезде бұл ауыл Жалпақтал, Казталов, Тасқала аудандарының шекарасында орналасқан мемлекеттік қорық болатын. Өткен ғасырдың 55-56 жылдары елде қатты қуаңшылық болып, әке-шешеміз Нарын құмның етегінен осы ауылға қоныс аударыпты. Сөйтіп, біз қыста қары қалың, жазда жауын-шашынды, жері шұрайлы, малды ауылда ержеттік. Досымның әкесі Бисенғали сері адам болатын. Әнді нақышына келтіріп орындап, жыр-термелерді жатқа айтатын ортаның адамы еді. Біздер – еш уайымсыз қозы-лақ бағып, бұзау қайырып, атқа мініп, пішен шауып, асық ойнап, ләңгі теуіп өскен ұрпақ едік. Ол бала кезінен оқу-білімге өте зерек, әсіресе математика пәнінен мықты болды. Мектеп бітірген соң, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түсіп, оны үздік тәмамдады. Тараз өңірінде өткен студенттік шақтары оның жаңа қырларын ашты. Бұрыннан спортты жанына серік етіп, жастайынан дойбы, шахмат ойнап, студент кезінде классикалық күреспен шұғылданған Сәрсекең Жамбылдан келгенде, қолына домбырасын ұстаған әнші-термеші болып оралды. Кейін суырыпсалма ақындығының арқасында республикалық, облыстық, аудандық айтыстарда таныла бастады. Ол қазіргі өңірге танымал Хатимолла Бердіғалиев, Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, өмірден өткен Александр Қауенов сынды ақындармен иық тіресе бірге жүрді. Бүгінде Сәрсенғали досым ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, туған жерде салиқалы ғұмыр кешуде. Өмірден ерте кеткен жары Қымбат та керемет жан еді. Туған ағасы Қанатқали да еліне сыйлы азамат. Сөйтіп, Сәрсекеңмен дос болып, бірге ғұмыр кешіп келеміз. Ұзақ уақыт көріспей қалсақ, бір-бірімізді сағынып, іздеп отырамыз, – дейді бүгінде Орал қаласында тұратын жан досы Айдар Батырханов.

Сәрсенғали Бисенғалиұлы 1987 жылы мамыр айында өткізілген ақындар айтысында «Облыс ақыны» деген құрметті атаққа ие болды. Ал 1988 жылы қыз бен жігіт айтысында бірінші орын, 1989 жылы түре айтыста екінші орын, 1990 жылы «Орал өңірі» газетінің «Ең үздік ақынға» арналған бас жүлдесін жеңіп алған. Әуесқой сазгерлердің облыстық байқауында 1989 жылы Құрмет грамотасымен, 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерекесіне өткізілген сазгерлердің байқауында М.Мақатаевтың «Өмір жайлы» деген өлеңіне жазылған әні арнаулы жүлдеге ие болды.

Әндерінің алғашқы орындаушысы – белгілі өнер саңлағы, әнші-термеші Хатимолла Бердіғалиев. Осы Хатимолла ағаның орындауындағы «Мен сені ойлайтынмын» (сөзі А.Бақтыгерееванікі), «Дұшпаның бар ма дейсің» (сөзі М.Мақатаевтікі) атты әндері Қазақ радиосының алтын қорына жазылған.

– Екеуміздің танысып-білісіп, дос болғанымызға биыл қазан айының 2-сі күні 40 жыл толады. Осы уақыт аралығында қуанышымыз да, қайғымыз да бір жүректен шығып, бірге келе жатқан жайымыз бар. Бір қызығы, қуанышымыз қатар жүреді. Оның қызы тұрмыс құрса, артынша менің балам үйленеді, ол жиенді болса, мен немерелі болам, тіпті ол көлігін соғып алса, кейін ол іс мені де айналып өтпейді. Арамызда осындай жіпсіз байланыс, тылсым дүние бардай. Өнер жолына келер болсақ, Сәрсекеңді ұйқастары тастай, суырыпсалма ақын деп мойындаймын. Сөзіме дәлел ретінде бір мысал келтіре кетейін, қызық болсын. Бір айтысқа барғанда кішкене тоңынқырап бардық. Ұйымдастырушылар бізге «Халық та жиналып отыр. Ас та дайын тұр» деген ұсыныстарын айтты. Жаурап келген біздер әуелі ауқаттанып алуды жөн көрдік. Шайды сорпа ішетін үлкендеу кәсеге толтырыңқырап құйды. Мен өзім көп шайға жоқ едім. Біреуін ішіп алған соң жағалай «Шай ішпедіңіз ғой» деген сауалға «Рақмет, болдым» деп жауап қаттым. Сол бойда Сәрсекең қасындағы домбырасын қолына алып:

«Білмеймін расы ма, әлде жорта,

Шайды сыйпап құюды, арақты орта.

Хатимолла қайқайып шыға келді.

Мен де ішіп отырмын, қорқа-қорқа» деп аяқ астынан бір шумақ шығара салғаны бар. Содан соң жағдайымыз түзеліп сала берді. Осындай табан астынан тауып кеткен кездері көп. Оның үстіне өзі әуесқой сазгер. Жарыққа шыққан біраз әнін Қазақ радиосының алтын қорына да жаздырдым. Бірқатар әні бүгінде менің шәкірттерімнің таңдайында жүр. Айтыста жеткен жетістігінің өзі бір төбе. Бірақ сол кездері аудандық су шаруашылығында қызмет атқарған соң айтыстарға көбірек шығып, көріне де алмағаны жасырын емес. Сәрсенғали бүгінде 70 жасқа келсе де, аудан-ауылдың қоғамдық өмірінен қалыс қалған емес. Туған ауылының жоғын түгендейтін, отырған жерінде салиқалы әңгіме айта білетін досымды мерейлі жасымен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілеймін, – дейді Хатимолла Жәңгірұлы.

Міне, саналы ғұмырын туған елі мен жеріне арнап, аянбай тер төккен, бүгінде жетпістің жотасына жетіп отырған өз заманының сал-серісі, ақын, сазгер Сәрсенғали ағамыз туралы бала кезден бірге өскен досы мен өнерде үзеңгілес жүрген қатарласының пікірлері осындай. Біздің олардан асып мінездеме бере алмайтынымыз да анық. Ниет – ағамызды барша жерлестері атынан мерейтойымен құттықтап, басына амандық, деніне саулық тілеу.

Зәкәрияның Нұрбегі,

Орал қаласы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале