Бүгін қала әкімі Мұрат Мұқаев «Жұлдыз» шағынауданында «Бірлік» ЖШС қолға алған жол құрылысымен танысты.
Серіктестік директоры Бірлік Конеевтің айтуынша, қазіргі кезде 7 шақырым жолдың 95 пайызына қиыршық тас төселген. Автожол құрылысын жүргізуге 29 техника іске қосылып, 50-ге тарта адам жұмысқа тартылған. Енді асфальт тарту үшін көшпелі Қостанай зауыты сағатына 175 тонна қуаттылықпен құрылыс материалын өндіреді.
– «ҚПО б.в.» компаниясы әлеуметтік жоба аясында шаһардағы автожолдар құрылысына 2 млрд. 300 млн. теңге бөлді. Соның ішінде «Жұлдыз» шағынауданында жол салуға 498 млн. теңге қарастырылған. «Бірлік» ЖШС басшылығы құжат бойынша тапсыру мерзімі қараша айына белгіленгеніне қарамастан, жол құрылысын тамыз айында аяқтауды жоспарлауда, – деген қала әкімі Мұрат Мұқаев шаһардағы 69 көшенің 72 шақырым жолына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz