7.10.2022, 10:16
Оқылды: 75

Жұлдызымды жарқыраттың, Альма-Матер!

Ақжайық өңіріндегі іргелі білім мен ғылым ордасына айналған Махамбет университеті өз тарихында сан мың шәкіртті ұядан ұшырып, қияға самғатты. 

InShot_20221007_101418640

Самғау биігіндегі сол талантты шәкірттер университетіміздің тарихында өшпес із қалдырды. Маман боп қанат қақты, бірақ білім ордасын еш ұмытқан емес. Әр түлектің жылы лебізі мен есті естеліктері, жүрекжарды тілектері соның нақты айғағы болары анық.

Ал, өзіме келер болсам, мен бұл университеттің түлегі қатарынан емеспін. Бұл университеттің менің өмірімде алар орны биікте. Алғашқы еңбек жолын дәл осы жерде бастап, еңбек кітапшасының алғашқы беті Махамбет университетімен ашылған еді.

Биікке талпындырған, бір биікті бағындыруға тырыссам, қолдады, бағындырсам, қуанды әркез. Жас маман боп келген жанның жұлдызын жақты, жарқыратты да.

Әр адамның өз мақсаты болары анық. Арман мақсатқа жетелесе, мақсат мұратқа жетелейді. Бала арман қашанда биік шыңды бағындырсам дейді. Шыңды тек еңбек бағындыратыны анық. Жай оқытушы боп келдім, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қорғатқан ғылым кандидаты дипломым осы университетке келді. Аға оқытушы болдым, университеттің доценті деңгейіне көтерілдім, араға жылдар салып, қауымдастырылған профессор атандым. Сәл үзіліс жариялайын деген ой келгенде, осы университет тағы бір биікке шығуыма түрткі болады. Бұл оқу үрдісіне қатысты. Ал, менің журналистік салада тәжірибе жинақтауыма да мол мүмкіндік берді. Баспасөз қызметінің басшылығындағы тәжірибем өз алдына бір төбе...

Бірақ ең басты ұстанымымда оқытушылықты жоғары қоям. Мен үшін осы университетке келген алғашқы күннен шәкірттерімнің алғысына бөлену бақытын сыйлағаны үшін университетіме алғысым шексіз. Ғылыми жетекшім, әрі рухани ақылшым, ұстазым Серік Мақпырұлы бүгінде өмірден өтсе де, ол кісінің биік рухани бейнесі әркез жүрегімде. Ұстазымнан үйренгенімді өз шәкірттеріме дарытуды осы университетте жалғап келем.

Ғалым жазған хаты арқылы танылса, ұстаз берген сабағы арқылы танылады, есте қалады. Ғалымдық пен ұстаздық жолды қатар ұстау – ұлағаты мол іс. Ғалымға ғылымға деген адалдық, ұстазға шәкірт жүрегіне жол табуға табандылық қажет. Міне, осы қасиеттерді бойыма жинақтауды өмірлік ұстанымым санап, ұстаз деген ұлы есімге лайық болуға Махамбет университеті жетелеп келеді.

«Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі..., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ..., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп ой қорытқан екен шығыс ғұламасы Әл-Фараби. Оның осы сөзін жадына сақтаған әр адам ұстаздық жолдың ауыр жүгін сезінуге тиіс. Сондықтан да мен де, менің әріптестерім де үнемі ізденіс үстінде болуға тиіс. Солай болып та келеді.

2009 жылдың 1 қыркүйегінде осы университеттің тарихы тереңде жатқан, негізін академик Қажым Жұмалиев қалаған қазақ филологиясы кафедрасы жылы қарсы алған. Өнегелі ұстаздардың аға буыны мен бір топ жас ғалым, ұстаздар. Етене жақын араластық, қолдадық, биікке шықса, шын қуана алдық. Мен осы жастар қатары туралы да айта кеткім келеді. Ғылым кандидаттарының жасы мен болсам, кейін кафедра PhD докторлармен толықты. Алғашқылардың бірі боп  PhD доктор дәрежесін қорғап келген Индира Сағындыққызы бүгінгі таңда кафедра меңгерушісі. Кейін осы жол үзілмей, Айдарбек Ахметұлының PhD  доктор дәрежесін қорғап келуімен жалғасын тапты. Әлі де жалғасып келеді. Жас әріптестеріміз Нұрсауле Ахатова, Гүлнәфис Еркеғалиева, Назира Қабошева, Кәмшат Жұмашевалар докторантурада білімдерін жалғастырды. 90 жылдық мерейтой қарсаңында төл шәкіртім Сандуғаш Сағидуллиеваның Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне докторантураға түсуі ерекше қуаныш сыйлады.  Кафедрадағы жастардың ішінде әдістеме жағынан жаңашыл да жасампаз ұстаз Ганмиркүн Тұрғаналиеваның еңбегін бөлек айтар едім. Ал, еліміздің мақтаны, айтыскер ақын Жансая Мусинамен де  қанаттас әріптес болу да бір мақтаныш. Менің университетім осындай жастар қатарымен қызметтес болуды бұйыртты.

9

Алғашқы оқу жылымда Батыс Қазақстан облысының Жастар сыйлығының «Үздік жас ғалым» номинациясына ұсынды, 2010-2012 жылдарға арналған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Талантты жас ғалымдарға тағайындалатын мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атандырды. Араға жылдар салып, осы мемлекеттік марапатты екі мәрте иеленуіме жол ашты. Университет жоғары оқу орнының үздік оқытушысы болуыма жол сілтеді. Нәтижесі халықаралық деңгейдегі үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Ресей, Түркия елдерімен байланыс жасап, тәжірибе жинақтадым, ал Корея мен Еуропа елдері кәсіби біліктілік арттыру мүмкіндігін сыйлады. Анкарада ғылыми еңбегім жарық көрді. Аз да болса, осы еңбектерімді бағалай білген оқу орным кеудеме «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін де тақты.

Бұл университеттің сахнасы да ерекше сәттер сыйлады. Алғашқы оқу жылдарында осы сахнада сөз алып, кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев, ғалым Мырзатай Жолдасбеков, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, кейінірек көрнекті қаламгер-драматург, қаламгер Рахымжан Отарбаев, ақын Мереке Құлкеновтердің ыстық ықыласына бөленіп, баталарын алу бақыты бұйырған.

Жас маман боп келген жай оқытушыны биікке самғатқан, самғау биігіндегі Альма-Матерім, 90 жылдық мерейтойың құтты болсын!  Ғасырға жуық тарихы бар университетіміз ғасырлар жасайтын дәстүрімен әлі де талай жұлдызды жағары да, жарқыратары да сөзсіз!

Рита Сұлтанғалиева,

М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты, 

 мемлекеттік ғылыми стипендия иегері

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале