Орал-Ақтөбе күре жолының 75-шақырымында әр жолаушы тоқтап, тағзым ететін орын бар. Өйткені жолдан онша қашық емес жерде әулие саналатын, Дәдем ата деп аталып кеткен Жұмағазы хазірет жерленген. Жолаушылар дұға етумен бірге Дәдем атаның басына барып, бұлақтан су да алады.
Жұмағазы хазірет XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Жұмағазы хазіреттің дүниеге келген жері Батыс Қазақстан облысындағы қазір Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылы маңы деп айтылады. Осы дерек кейінгі кездері нақты ақпарат ретінде жазылып та жүр.
Хазіреттің руы – Тама. Бұл деректі батысқазақстандық шежіреші Ким Ахметов «Жетіру шежіресі (тама, табын және кердері рулары)» атты кітабында тарқатып көрсетеді. Төлектен Мәтен, Мәтеннен Тәнтем, Тәнтемнен Тәуке, Тәукеден Жұмағазы хазірет. Кітап авторы Жұмағазы хазіреттің Дәдем ата аталуы жөніндегі мына деректі алға тартады.
«Тәнтемді ертеден елі «Дәдем» атап кеткен. Сол Дәдем тек тамалар емес, батыс беттегі аяқ жетер жердегі қалың мұсылман қауымына аты белгілі әулие, атақты хазірет еді. Осы күндері оның жатқан жері – Қараоба Бұланы. Тәнтемнің қыс қыстауы Қараоба бетте болғанымен, жаз жайлауы оңтүстік батыс жақтағы Қауыз, Тамасай деп аталатын кең жазық болған. Тәнтемнен (Дәдем) – Тәуке, ал Тәукеде – Жұмағазы (әйелі Мәдина 1774 жылы қайтқан) . Жұмағазы да - хазірет. Моласы – Тамасайда. Тәнтемнің жайлауында жатыр» - дейді Ким Ахметов кітабында. Яғни, Дәдем Жұмағазы хазіреттің атасының аты болуы әбден ықтимал.
Жұмағазы хазіреттің «Дәдем ата» аталуы орыстың «дядя» сөзінен шықты деген сөз де жоқ емес. Бұл кеңес дәуірінде атағы дүркіреген «Правда» газеті атындағы кеңшарды басқарған Социалистік Еңбек Ері Виктор Шубинге қатысты айтылады. В. Шубин қазіргі Сырым ауданы, Шолақаңқаты ауылдық округінің аумағындағы Тамасай деген жерде жатқан Жұмағазы хазіреттің моласы маңын егістік үшін жыртуды тапсырады. Алайда жыртуға кіріскен трактор сынып қала береді. Мұны көзімен көрген шаруашылық директоры әулиенің моласын қоршап, жыл сайын тасаттық беру үшін мал беріп тұрады. Осылайша, Жұмағазы хазіретке Шубиннің тілі келмегендіктен, ол «дядя», «Дәдем ата» аталып кетіпті-міс. Кезінде аталмыш шаруашылықта егін бітік шығып, жыл сайын мол өнім алынатын.
Жұмағазы хазіреттің діндарлығы мен әулиелігі туралы аңыз әңгімелер баршылық. Бірде ол қазақ руларының ақсақалдарына жолығып, қоныс сұрапты. Дегенмен рубасылар Жұмағазының өтінішін орындамайды. Сұрағанын ала алмаған Жұмағазы кері бұрылып жүре береді. Сол кезде хазіреттің арқасынан лаулап от көрінген екен. Мұны көрген қарттар оның тегін адам еместігін біліп, кері алдырып, өтінішін орындап, қонысын белгілеп беріпті. Қазіргі Шолақаңқатының бауырында жатқан Тамасай жайлауы - сол кезде Жұмағазы хазіреттің үлесіне берілген жер.
Тағы бір аңыз, Жұмағазы хазірет күздігүні Аңқаты өзенінің бетіне қатқан жұқа мұздың үстінен тарантас арбамен өтіпті. Мұз арбаны қауырсын құрлы көрмеген. Ал арбаның артынан ерген ит мұзға қайта-қайта сирағын тығып ала беріпті. Бірде Жұмағазы хазірет қосшы баласымен бірге арбамен келе жатады. Айдалада арбаның бел темірі үзіліп қалады. Сол кезде хазірет сынған белтемірді түсіріп алып, дем салып, бір-біріне жалғаған екен. Айтушылар «сынған темірге көктен найзағай түсті. Темір балқып, сосын жалғаныпты» дейді. Бұл жерде әулие дұғаның көмегіне жүгінген болып тұр.
Жұмағазы хазірет ата ислам дінін берік ұстанып қана қоймай, өмірінде соған жан-тәнімен қызмет еткен. Ол Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітінде білім алып, еліне оралған. Әулие төрт рет қажылық сапарға барып, бұл парызын да абыроймен орындаған. Діндардың көптеген философиялық трактаттары, қолжазбалары болғанымен, кейін жоғалып кеткен. Хазіреттің ұрпағы Ғарифолла Жанбозов атасына қатысты деректерін Алматы қаласындағы мұрағаттан іздеп көрген. Тіпті Астрахан, Орынбор қалаларының мұрағаттарына сұрау салған. Бірақ жұмыс нәтижесіз болып отыр.
Қазір әулиенің жатқан басына сегіз қырлы кесене тұрғызылып, зиратының маңы абаттандырылды. Хазірет жатқан қауым қоршалды. Осы маңда қонақүй мен намазхана да бар. Бейіттің тұсында бұлақ ағып жатыр. Жұрт бұлақ суын дертке шипа қылып жатады. Жұмағазы хазіреттің басына күніне 100-ден астам адам келеді. Сенбі, жексенбі күндері 300-400ге дейін жетеді. Олардың ішінде осында түнеп, өз дұға-тілектерінің орындалуын, түрлі дерттен сауығуын тілейтіндер де аз емес. Мұнда Қазақстан қалалары ғана емес, өзге елдерден де ат арытып, келіп жатады. Құрбан айт сынды мейрамдар кезінде көпшілік шаралар да ұйымдастырылады. Адамдардың көп келуіне байланысты 2009 жылы әділет органдарында «Дәдем ата» қоры тіркелген. Осы қор арқылы Е.Айдарханов пен М.Утесов құрастырған «Әулие Жұмағазы хазірет» атты кітап та Орал қаласындағы «WESTA» баспасынан жарық көрген.
Арман БОЛАТҰЛЫ
Орал қаласы