«AMANAT» партиясының облыстық филиалы су басқан елді мекен тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуде.
Бүгін «Ақ қайнар» Батыс Қазақстан нан өнімдері комбинатында 9 тонна ұн, 3 тонна картоп, 816 литр сұйық май, 402 қап макарон өнімдері, 200 қап шай және 100 отбасыға арналған азық-түлік себеттері жүк көліктеріне тиеліп, аудандарға аттанып кетті.
– Бәріміз бір қазақтың баласымыз ғой. Қиналғанға қолұшын созуға әр кез дайынбыз. Ауызбіршілікпен азық-түлікті ауылдарға жеткізгелі жатырмыз. Жол шығынын да қарастырып қойдық. Қасиетті Рамазан айында жақсылық жасауға бекінген депутаттарға, жомарт жандарға мың алғыс. Алдағы уақытта да көмектесетін боламыз. Қаражат жиналуда. Аудан әкімдерімен байланыс жасап отырмыз. Қазаққа қазақтан басқа кімнің жаны ашиды? Суға кетудің зардабы қандай екенін бір кісідей білеміз. Сондықтан да дер шағында әрекет етудеміз. Ресейдің Сарытау аумағындағы қар әлі еріп үлгерген жоқ. Не нәрсеге де дайын болуымыз керек, – деді облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Тұрарбек Тілемісов.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Кенесары Нұршиновтың айтуынша, бұл азық-түлік Қаратөбе және Жәнібек аудандарына жөнелтілді. Игі іс-шара тікелей кәсіпкерлердің арқасында жүзеге асқан. Сәуір айы басталғалы ауа райының қолайсыздығына байланысты үйі суға кетіп, зардап шеккен жергілікті тұрғындарға көмектесу мақсатында партия мүшелерінен 1 500 000 теңге жиналып тұр.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы азаматтарды тілсіз жаудан зардап шеккен жандарға көмектесуге шақырады.
Қажетті заттарды жинақтау орны:
Орал қаласы, Ж. Молдағалиев көшесі, 19
Есеп-шот:
Kaspi gold: 8 778 606 78 18 (Гаухар Ш)
KZ88722C000020506992
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz