Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевпен сұхбаттасқан едік. Аудан әкімі Қаратөбе ауданының қазіргі әлеуметтік жағдайы туралы айтты.
– Қадыржан Орынбасарұлы, әкім ретінде сізді ең алдымен Қаратөбе ауданының қандай мәселесі алаңдатады?
– Бүгінгі таңда аудан аумағында үлкен өндіріс ошақтарының жоқтығы мәселе тудыруда. Ауданның негізгі маманданған саласы – ауыл шаруашылығы. Нарықтық экономика заманында өндіріс көздерінің болуы - өңірдің дамуының негізі. Ауданның салықтық әлеуетін қалыптастыруда да өндірістен түсетін кірістің маңызы зор. Қазіргі таңда жаңа өндіріс көздерін ашу бағытында инвесторларды тарту бойынша жұмыстанудамыз.
Біздің ең басты табиғи байлығымыз – таза ауыз су. «Судың да сұрауы бар» дегендей, байлығымызды ысырапсыз пайдаланып, келешек ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Сонымен қатар ауданда бірқатар экологиялық мәселелер белең алып келеді. Оның ең өзектісі аудан аумағындағы Қалдығайты, Жақсыбай өзендерінің су қорының азаюы, салдарынан арналарды құм басу, қамыстану мәселесі туындауда. Ауыл шаруашылығына маманданған аудан үшін бұл екі өзеннің маңызы зор. Соңғы жылдары белең алған қуаңшылықтың кесірінен құмдану, елді мекендердің аумағын құм басу орын алуда.
Тағы бір өзекті мәселе аудан тұрғындарын электр қуатымен қамтуға қатысты. Аудандағы электр қуатын тарату жүйелерінің 85%-ының тозығы жеткен. Қыс айларында немесе жазғы мезгілдің өзінде, қатты жел кезінде, тағы да басқа себептермен электр жүйелерінің істен шығу мәселесі жиі туындайды. Бұл, әрине, халықтың тұрмыс сапасының деңгейіне кері әсерін тигізеді.
– Аудан халқының қанша пайызы бүгіндері сапалы ауыз судың, электр қуаты мен көгілдір отынның игілігін көріп отыр?
– Өздеріңізге мәлім, ауданымыздың бір мақтанышы – жер асты суының мол қорының болуы. Танымал су көздері Кеңес өкіметі кезінен әмбеге аян.
Бүгінде біздің ауданға қатысты 22 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оларды атап өтер болсақ, Қаратөбе, Шөптікөл, Соналы, Үшағаш, Сулыкөл, Үшана, Қарақамыс, Қоржын, Ақтайсай, Қоскөл, Егіндікөл, Жусандой және Ханкөл ауылы. Бұл көрсеткіш аудан халқының 91,3 пайызын құрайды. Қалған 9 елді мекен - Төлен, Темірбек, Сәуле, Аққозы, Бесоба, Қосбаз, Алакөл, Кіші Қоскөл және Шалғын ауылы орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған.
Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын» деген болатын. Сол себептен қазіргі таңда ауданымыздың алты елді мекенінің тұрғындарын таза сумен қамту мақсатында 4 жоба бойынша құны 58,2 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда. Бұл жоба-жоспарлар жүзеге асқан жағдайда Төлен, Сәуле, Қарақамыс, Алакөл, Бесоба, Шалғын елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, ауданымыз бойынша жергілікті жұртты сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 99,4 пайызды құрайтын болады.
Ендігі кезекте көгілдір отынды сөз етер болсақ, аудандағы барлық ауылдық округке табиғи газ құбыры жеткізілген. Аудан бойынша әлеуметтік нысандар толығымен көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ал электр қуатымен қамту жүйесінің сапасына тоқталар болсақ, ауданымыздың солтүстік қиырындағы Қоскөл, Шалғын, Егіндікөл елді мекендерінде қысқы маусымда желінің үзілуі жиі орын алады. Жалпы қазіргі таңда аудан аумағындағы электр желілері мен бағаналардың 85 пайызының әбден тозығы жеткендіктен, барынша тездетіп жаңалап-жаңғыртуды қажет етеді.
– Урбанизация әлі де айылын жия қойған жоқ. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде аудан халқы жыл өткен сайын азайып барады ма, әлде табиғи өсім байқала ма?
– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Тәуелсіздік алғалы бері аудан бойынша халық санының ең көп көрсеткіші 1994 жылы 22,9 мың тұрғын болып тіркелген. Осы көрсеткіш жыл сайын азая келе, 2019 жылы 15,3 мың адамды құраған екен. Ал 2020 жылы халық саны 15 416 адамға жетіп, аздаған өсім байқалды. Осы ағымдағы жылдың бірінші қазанындағы ресми дерекке сүйенсек, аудан халқының саны 15 434 адамды құрап отыр. Яғни мемлекет тарапынан жүйелі қолға алынып, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы біржола түзеле бастағандықтан, біртіндеп қаладан қайтадан ауылға көшіп келушілер қылаң беруде.
– Қадыржан Орынбасарұлы, ауданға қандай саланың мамандары жетіспей-ді? Келген мамандарға қандай жағдай жасалуда?
– Білім саласына қатысты математика пәнінің мұғаліміне қоса, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне қажеттілік туындап отыр. Денсаулық сақтау саласында жалпы тәжірибелік дәрігер, эпидемиолог, хирург, анестезиолог-реаниматолог сықылды мамандар жетіспейді. Ал ауыл шаруашылығында ветеринар мамандарға қажеттілік бар. Жалпы соңғы кезде ауданда электрик, механизатор, дәнекерлеуші, сантехник, тіпті қарапайым малшы-бақташы секілді жұмысшылардың тапшылығы байқалуда.
Соңғы үш жылда ауданымызға жұмыс iстеуге және тұрақты тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп саласындағы 299 жас маманға 264,4 млн теңге әлеуметтiк қолдау көрсетілді. Тарқатыңқырап айтар болсақ, 236 маманға 53,9 млн теңге көтерме жәрдемақы төленсе, 63 жас маманды тұрғын үймен қамту мақсатында 210,5 млн теңге жеңілдетілген бюджеттік несие берілді.
– Қаратөбеліктер кәсіпкерліктің қандай түріне ден қоюда, бау-бақша шаруашылығына ықылас танытушылар бар ма?
– Жалпы бүгінгі таңда аудан бойынша 1011 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп отыр. Әрине, оның басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі кезде аудандағы мүйізді ірі қара саны 41 152-ге, қой-ешкі 97 919-ға, жылқы 12 953-ке жетіп, мал басы жылдан-жылға көбейіп келеді.
Ауданда 23 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысса, соның 12-сі репродуктор болып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласының материалдық-техникалық әлеуеті мемлекеттік бағдарламалар, қаржылық институттар және жеке қаржы-қаражат есебінен жыл сайын жаңартылып келеді. Мысалы, машина-тракторлық парктерді жаңарту мақсатында биыл 36 трактор және 63 дана мал азығын дайындау құрылғылары сатып алынды.
Бау-бақша шаруашылығына ықылас танытушылар да баршылық. Биыл аудан аумағындағы ел-жұрт 25 гектарға картоп, 30 гектарға қияр-қызанақ, 35 гектарға қауын-қарбыз егіп, тым жақсы өнім жинады. Сонымен қатар екі ауыл тұрғыны «Менің аулам – менің бағым» жобасы аясында грант арқылы шағын жылыжай салып, жұмыстарын бастады.
Және бір оң қабақ танытарлық жағдай, соңғы екі жылда аудан шаруашылықтары біраз жылдан бері көңіл бөлінбей қалған егін шаруашылығымен айналысуды да қолға ала бастады.
– Қадыржан Орынбасарұлы, ауданыңызда «Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, жалғызілікті жандарға, табыс-кірісі аз жанұялар мен көп балалы отбасыларға жүйелі жәрдемдесіп тұратын кәсіпкерлер бар ма?
– Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз бөлігін қамқорлау мемлекеттің жіті назарында. Ағымдағы жылы 115 отбасыға (585 адам) жалпы мөлшері 21 млн 12 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы 315 отбасыға 145,8 млн теңгеге жәрдемақы және 899 азаматқа жекелеген санаттар бойынша 37,7 млн теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілгенін айта кетейік. Бұған қоса, қаратөбелік кәсіпкерлермен бірлесіп, табыс-кірісі аз, көп балалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Ауданның іскерлері «Мектепке жол», «Мейірім айлығы» сияқты қайырымдылық акцияларына белсенді атсалысып, айналасындағыларға жанашырлық танытудан тартынған емес.
Тек биылдың өзінде аудан кәсіпкерлері 164 отбасыға 5,4 млн теңгенің азық-түлік пен оқу құралдарын алып беріп, бұған қоса қысқы мал азығымен де көмектесті. Сонымен қатар Жусандой ауылында жергілікті кәсіпкерлер бірігіп, тәрбиелеушісінен айырылған баланың тұрғын үйін көгілдір отынға қосып берсе, Қоскөл ауылының 5 кәсіпкері ұйымдасып, бірінші топ мүгедегінің үйін газ жүйесіне қосты. Ал «Жолымбет» шаруа қожалығы 900 000 теңге шығарып, жалғыз басты, көп балалы ананың үйін көгілдір отынмен қамтыды.
– Соңғы жылдары қыстың соңы ұзап кетіп жүр. Биылғы қысқа жем-шөпті жеткілікті мөлшерде құнттай алдыңыздар ма?
– Аудан бойынша биылғы қыстаққа кірген төрт түлікке жыл жарымдық қор ретінде 131,4 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған болатын. Осы межеге жетеғабыл шөп дайындалды. Ал ағымдағы мал қыстату науқанына қажетті мал азығы қоры 87,6 мың тоннаны құрайды. Демек, бұл алдағы қысқа қажетті мал азығы жеткілікті деңгейде жиналды деген сөз.
Азамат Есенаманов, Қаратөбе аудандық ветеринариялық станса директорының орынбасары:
Мамандарды ауылға тартатын тиімді бағдарлама
2012 жылдың сәуір айынан бастап ауданның Қаракөл ауылдық округіне мал дәрігері қызметіне бекітілдім. Сол жылдың қазан айында аудан орталығындағы Қаратөбе ауылдық округіне мал дәрігері қызметіне орналасып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылдан үй алдым. Жолдасым Жанат Есенаманова Мұхит атындағы орта мектепте математика пәні мұғалімі болып қызметке тұрды.
2016 жылы Қаратөбе аудандық ветеринариялық стансасы директорының орынбасары қызметіне тағайындалдым.
2018-2020 жылдары директордың міндетін атқарушы болып қызмет жасадым. 2020 жылдың тамыз айынан қазіргі кезге дейін директордың орынбасары болып қызмет жасап келемін. Жолдасым да қызметте.
2020 жылдан Қаратөбе мектеп-гимназиясында математика пәнінен дәріс беріп келеді.
Ауылға келген жас маманды еңбекке баулып, оның шыңдалуына бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп жүрген әріптес ағаларым – Марат Уахитұлы мен Кенжебек Жолдығалиұлына жас мамандар атынан рақметімді айтамын.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасының ауылға келіп еңбек етемін деген жас мамандарға берері көп. Үйсіз қалада жүргеннен гөрі ауылда үй-жайың, мал-мүлкің болған қандай жақсы! Менің ойымша, бұл әлі нәтижесін беретін мемлекеттік бағдарлама, әсіресе ветеринария сала-
сына жас мамандарды тартуға таптырмас мүмкіндік.
Осының бәрі тәуелсізді-гіміздің аясында жүзеге асып жатқан игі істер. Мемлекет тарапынан жас-тарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ауыл жастарына қолдау көрсетіп отырған мемлекет басшылығына, облыс және аудан басшыларына ауыл жастарының айтар алғысы шексіз.
Жадыра Дидарқызы, Қаратөбе мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі:
– Мен Жадыра Дидарқызы 1991 жылы Бөкей ордасы ауданында өмірге келдім. Білімім жоғары. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2013 жылы математика мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтадым. 2015 жылы Қаратөбе ауданындағы Үшағаш ауылының азаматына тұрмысқа шығып, отбасын құрдым. Сол жылдан бастап Қаратөбе мектеп-гимназиясында математика пәнінің мұғалімімін. Жалпы еңбек өтілім – 8 жыл. 2016 жылы Үшағаш ауылынан аудан орталығына қоныс аударып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үй алдық. Жас мамандарға арналған үстемақыға да ие болдым. Қазіргі таңда отбасымызда екі қыз тәрбиелеп отырмыз.
2018 жылы «Үздік жас ұстаз» Қаратөбе ауданының жастар сыйлығына, аудан әкімінің алғысхатына, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасына» , ҚР Білім және ғылым министрінің алғысхатына, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО бойынша ПҚБАИ» «Құрмет грамотасына» ие болдым. Облыстық «Өрлеу» БАҰОАҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ» сайтындағы «Озық педагогикалық тәжірибе» бөлімінде «Математикалық сауаттылық есептері: логика мен өмірдегі қарапайым математика» тақырыбындағы іс-тәжірибем жарияланып, облыс педагогтарына таратылды. Математика пәнінен емтиханға дайындық жинағын дайындап, озат педагогикалық іс-тәжірибесін аудан көлемінде, «Математикалық сауаттылық есептері» факультативтік курсын 5-6 сыныптарға облыстық деңгейде тараттым. Өзекті тақырыптар аясында әдістемелік баяндамалар әзірлеп, аудандық, облыстық деңгейдегі кәсіби іс-шараларға қатыстым.
Қазіргі таңда жастарға жол сілтеп, қолдау көрсету өте маңызды. Оқуын бітіріп, ауылға келген жастарға үстемақы тағайындап, үй алуға жәрдем берген аудан әкімдігіне, аудандық білім беру бөліміне ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да жастарға арналған тиімді жаңа бағдарламалар қолға алынып, жалғасын таба берсін.
Сұхбаттасқан:
Бауыржан Салықұлы
zhaikpress.kz