2.11.2022, 17:15
Оқылды: 105

Жұмыс іздеп жүрсеңіз.....

Егер сіз жұмыс іздеп жүрсеңіз https://www.enbek.kz/ru сайтынан онлайн түрде еліміздегі жұмыс берушілер ұсынған хабарландырулардан бос жұмыс орындары туралы ақпаратты ала аласыз. Сонымен қатар өз түйіндемеңізді де орналастыруға болады. Қазіргі таңда республика бойынша сайтта 708 514 жұмыс беруші, 1 955 975 жұмыс іздеуші тіркелген, 418 889 адам жұмысқа орналасқан. Ал әлі де бос 108 452  жұмыс орны, 145 919 түйіндеме бар.

2022_02_28_1628594678_qldymm54tqcorczy-lg

Фото дереккөзі: egemen.kz

Бүгін Қазақстан бойынша барлық облыстарда 108 449 бос орынға 34 733 хабарландыру жарияланған. Ал Батыс Қазақстан облысында 7 434 бос орынға 2 006 хабарландыру жарияланған.

Түйіндемелерге келетін болсақ Enbek.kz ресурсында Батыс Қазақстан облысы бойынша 8103 түйіндеме тіркеліп, жарияланған.

snapshot-1667378654583

Бос жұмыс орындарын мамандық бойынша талдасақ. Өңірде білім саласында математика, тарих, биология, химия, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, психологтар, бастауыш сынып мұғалімдері, мұғалімнің көмекшісі, кәсіби бағдарлаушы, тәрбиеші, әдіскер, аккомпаниатор, вокал оқытушысы, хореограф мамандықтарына сұраныс көп екен. Сонымен қатар осы салада кіші қызметкерлерге де бос жұмыс орындары жетерлік, олар - аула сыпырушы, қосалқы жұмысшы, қазандық операторы, гардеробшы, үй-жайларды тазалаушы, аумақты жинаушы, қолмен кір жуушы, біліктілігі жоқ жұмысшы, әртүрлі жұмысты атқарушы және инженер-электрик мамандықтары.

Айта кетерлік жайдың бірі денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрету саласында да мамандар қат. Бұл салада дәрігерлердің жетіспейтіні бәрімізге аян. Enbek.kz ресурсында бүгін дәрігер-терапевт, дәрігер-диетолог, дәрігер-психиатр, дәрігер-невролог, мейіргерлер, еңбекпен емдеу жөніндегі нұсқаушы, медициналық массажистке байқау жарияланған.

Өндірістік салада өңірімізде бос жұмыс орындарына Орал қаласы және барлық аудандар бойынша «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС электрик мамандарды іздейді. Аудандардағы қажеттіліктерді қосқанда барлық саны – 12 электрик қажет. «Қазақтелеком» АҚ-да электрик мамандарға мұқтаж.

Ресурста жарияланған мамандықтар тізімінде ең жоғары жалақы алатын:

  • Техникалық директор - «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы»ЖШС – 250-ден 300 мың теңгеге дейін;
  • Дәрігер-невролог - Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының «Аймақтық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру» КММ – 232 348 теңгеден бастап;
  • Мейіргер - Батыс Қазақстан облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Жаңақала аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК – 184 078 теңгеден бастап.

Бұл тізімге қарап денсаулық сақтау саласында жалақы деңгейі облыс бойынша жоғары екенін көруге болады.

Ең төмен жалақы деңгейі қандай саланы алсақ та, аула сыпырушы, аумақтарды жинаушы, үй-жайларды тазалаушы, қосалқы жұмысшы, гардеробшы, қолмен кір жуушы, қазандық операторы, пеш жағушы, тракторшы-машинист, хореограф, әртүрлі жұмысты атқарушы, біліктілігі жоқ жұмысшыларға тиесілі. Олардың жалақысы 60 мың теңге мен 70 мың теңгенің аралығында.

Техникалық директоры ең жоғарғы жалақы алатын «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы»ЖШС-дағы таратушы желілерді пайдалану және жөндеу электр монтерлері де 60 мың теңге жалақы алады.

Сайттағы электриктерге жарияланған бос жұмыс орындарының көптігі де жалақының төмендігі себебінен болуы әбден мүмкін.

Егер тұрғын үймен қамтамасыз етілетін бос жұмыс орындарын іздесеңіз тек екі жұмыс беруші қосымша шарт ретінде тұрғын үй беруді мойнына алады. Олардың біреуі «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Казталов ауданы білім беру бөлімінің «Балдәурен» бөбекжайы» МКҚК қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміне, екіншісі «БатысСервисПлюс» ЖШС бақташыға тұрғын үй ұсынады.

Батыс Қазақстанда мүгедектігі бар не ерекше қажеттіліктері бар жұмыссыздар үшін 2022 жылғы 20 қазаннан бері бос жұмыс орындары ұсынылмаған. Яғни, осы жарты айдың көлемінде мүгедектігі бар адам Enbek.kz ресурсында жұмыс іздесе бос жұмыс орындарын таба алмайды.

Ал "жастарға" деген фильтрмен іздейтін болсаңыз облыс көлемінде мүлдем бос жұмыс орны жоқ. Бұл ресурстың кемшіліктері ме әлде жұмыс берушілер бос жұмыс орындары тізімін ұсынған кезде «жастарға» деген белгі қоймайды ма, ол жағы белгісіз.

Альфия Шамаева, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале