30.01.2025, 10:00
Оқылды: 144

«Жұмысшы мамандықтар – ел экономикасын дамытудың негізі»

Осындай атаумен БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Amanat» партиясының  облыстық  филиалында  дөңгелек  үстел  өтті.  Бұл іс-шараның  мақсаты  –  еңбек  нарығында  сұранысқа  ие  мамандарды  даярлайтын  оқу  орындарына  жастарды  тарту.  Сондай-ақ  оларға  сапалы  білім  беріп,  тұрақты  жұмысқа  орналастыру  мәселелері  қаралды.

DSC00984

Іс-шараны өңірлік коммуникациялар қызметінің бөлім басшысы Ұлжан Қисметова жүргізді. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Артур Батыров, БҚО әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі» КММ директоры Саян Баймұханов қатысып, баяндама жасады. Өңірдегі жоғары оқу орындары мен арнаулы орта білім беретін ұйым қызметкерлері  қатысты.

Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – ҚР Құқық қорғау саласындағы маңызды міндет. Осы орайда  еңбек инспекциясы комитеті ҚР Еңбек заңнамасын, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. «Еңбек қатынасының негізгі субьектілері – жұмыс беруші мен қызметкер. Кей жағдайларда  аталмыш екі тарапта түсініспеушіліктер орын алып жатады. Олар мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін құзырлы құрылымдардың қызметіне жүгінеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Еңбек заңнамасының бұзылуы жөнінде облыстық еңбек инспекциясы басқармасына 1248 өтініш келіп түскен. «Арыз-шағымдардың басым бөлігі жалақы мен қызметтік қауіпсіздіктің сақталмауы мәселесі бойынша түседі», – деді Артур Батыров. Сондай-ақ ол болашақ маман болатын студенттерге еңбек құқығы жөнінде ақпарат беру мақсатында өңірдегі оқу орындарына кездесу ұйымдастыратынын  жеткізді.

Өткен жылы 25 мың азамат жұмыс беруге арналған іс-шараларға қатысқан. 410 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуға мүмкіндік алып, оның 402-сі тұрақты жұмыс орнына орналасқан. Сонымен қатар «Skills Enbek» онлайн оқу платформасы арқылы курстардан өтіп, әр азамат өз білімін жетілдіре алады. Саян Баймұханов Жұмысшы мамандықтар жылындағы жұмыс жоспары жөнінде тарқатып  айтып  берді.

– Күні бүгінге дейін қаламызда «Talpyn» – мүмкіндер алаңы» іс-шарасы бірнеше мәрте өткенін білесіздер. Аталмыш іс-шара осы жылдың мамыр және қыркүйек айында кең көлемде ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ 100-ге жуық жұмыс берушінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жүзеге асады. «Бір ауыл – бір өнім», «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржылық қолдауға ие болып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтармен кездесу ұйымдастыру жоспарда бар. Олар кәсіп жолындағы қиындықтарды қалай еңсергенін айтып, жастарға шеберлік сағаттарын өткізеді. «Еңбек жолы» шарасы негізінде «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің ең жас жұмысшысы», «Жұмыс істейтін жастардың ең үздік көшбасшысы» деген аталым бойынша байқау ұйымдастырылады. Бұл Жұмысшы мамандықтары жылында еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге айрықша үлес қосады. Елімізде және өңірімізде «Жастар тәжірибесі» қарқынды дамып келе жатыр. Яғни оқу бітірген жас маман бес жыл ішінде аталмыш бағдарлама бойынша өтініш жазып, онда 12 айға дейін жұмыс істей алады. «Жастар тәжірибесінде» жалақы төленеді. Бір жыл ішінде өзінің білімі мен қабілетін жетілдіреді, әрі қызмет орнында тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

2024 жылы «Жастар тәжірибесіне» 1677 азамат қатысып,  жылдық жоспардың 84,7%-ы орындалды. Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында жұмыс берушілердің сұранысы негізінде еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарды қысқа мерзімді оқыту жоспарлануда. Жұмысшы санатындағы оқылатын мамандықтардың ішінде электр жабдықтарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі электромонтер, тракторшы, тігінші, мал өсіруші, дәнекерлеушілер бар. Сұранысқа ие мамандықтар тізімі Enbek.kz платформасында толық жарияланған. Бүгінде білім саласына 502 мұғалім қажет, – деді Саян  Баймұханов.

2025 жылдың жылдық жоспарына сәйкес, 2075 азаматты Жастар тәжірибесіне орналастыру көзделіп отыр. Бұл – түлектердің өзі оқып бітірген сала бойынша тәжірибе жинауға бірден-бір мүмкіндік. Техникалық және кәсіптік бағытта бес жыл ішінде оқу бітірген, жасы 35- тен аспаған әр азамат қатыса алады. Оларға төленетін жалақы мөлшері 30 айлық есептік  көрсеткішті  құрайды.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале