2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланып, бұл шешім техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға, қоғамда қарапайым еңбек адамының беделін арттыруға серпін берді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №1134 қаулысына сәйкес бекітілген іс-шаралар жоспары аясында облысымызда ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Саягүл Ғалиева айтып берді. Аталған жоспарды іске асыру үшін облыста арнайы комиссия құрылып, оның құрамына 7 салалық басқарманың Кәсіпкерлер палатасы және 40 мекеме-кәсіпорынның қызметкерлері енгізілген. Барлығы 136 іс-шара жоспарланып, бүгінде олардың 100 пайызы орындалды.
– Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында 2 қазан – Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні болып бекітіліп, кәсіби мерекелер тізіміне енгізілді. Бұл күн облысымызда алғаш рет кең көлемде аталып өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерге марапаттар табыстады. Сондай-ақ 18 қазанда «Еңбек. Адам. Құрмет» атты облыстық фестиваль ұйымдастырылды. Фестиваль аясында облыстағы барлық колледждің жәрмеңкесі, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алған кәсіпкерлер өнімдерінің көрмесі, ауыл шаруашылығы техникасы мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкелері өтті. «Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылған пленарлық отырыста түрлі салада еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандық иелері өз тәжірибелерімен бөлісті. Фестиваль аясында дәстүрлі «Еңбек жолы» конкурсы өткізіліп, онда сан түрлі салада еңбек етіп жүрген жандардың кәсіби жетістіктері мен ұрпақ сабақтастығы дәріптелді. Байқауға жас мамандармен қатар тәжірибелі ардагерлер қатысып, адал еңбектің шынайы құндылығын көрсетті. Нәтижесінде 222 жылдық жүргізушілік еңбек жолы бар Тасқалиевтер әулеті, 196 жылдық ұстаздық дәстүрді жалғаған Шапиковтар әулеті, 106 жылдық журналистік еңбек өтілімен танылған Кажиахметовтер «Үздік еңбек әулеті» аталымдарымен марапатталды. Сонымен қатар жас мамандарды тәрбиелеуге үлес қосқан тәжірибелі мамандар «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атанып, лайықты құрметке ие болды, – деп атап өтті Саягүл Ғалиева (суретте).
Спикердің айтуынша, жұмысшы мамандықтар жылы жастарды еңбекке баулып, техникалық және кәсіптік білімге қызығушылығын арттыруға бағытталды. Осы мақсатта облыста екі рет «Талпын» мүмкіндіктер алаңы ұйымдастырылып, 47 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 851 жұмыс беруші қатысып, 3112 бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 721 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Брифингте мәлім болғанындай, облыстағы 14 колледж «One School – One Skill» жобасы аясында 23 мектеппен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар «Мансап компасы» платформасы арқылы 260 мектепте кәсіптік бағдар беру шаралары жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 50 бейіндік сынып ашылып, онда аспаз ісі, тігін өндірісі, ақпараттық технологиялар, дәнекерлеу, электр жабдықтары және басқа да мамандықтар бойынша бағыт-бағдар берілуде.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Бірқатар колледждер Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Бельгияның білім беру ұйымдарымен меморандумдарға қол қойды.
Бүгінде облыста дуальды оқыту жүйесімен 2559 білім алушы 33 мамандық бойынша білім алуда. 156 кәсіпорынмен жасалған келісімшарттар аясында студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуда. «Бизнес стартап», «Бизнес-инкубатор» орталықтары арқылы мыңдаған студент кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп жатыр. Республикалық «Мен – кәсіпкермін» грандтурнирінде облыс студенттері жүлделі орындарды иеленді. Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған «Қазақстан колледждерінің үздік 100 студенті» байқауында батысқазақстандық жастардың жеңіске жетуі – өңірдегі білім сапасының айқын дәлелі.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»