ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі жұмысшыларға арналған жаңа марапаттар енгізу жөнінде түсіндірме берді, деп жазды ҚазАқпарат.
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі / ҚазАқпарат
Еңбек министрлігінің хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Жұмысшы мамандықтар жылын» жариялап, жұмысшы кәсіптері мен түрлі сала мамандарының беделін дәйекті түрде арттыруды тапсырған.
Жолдауда мемлекеттік наградалар жүйесіне инженерлер, геологтар, кен орындарын әзірлеушілер, көлік, аграрлық және су салаларының қызметкерлері, сондай-ақ ғалымдар мен өнертапқыштар үшін құрметті атақтар енгізу жөнінде жазылған.
«Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау үшін тиісті салалық мемлекеттік органдар жоғарыда аталған кәсіптер бойынша жаңа құрметті атақтар енгізу жөнінде ұсыныстар қалыптастырып, енгізеді. Сонымен қатар, Жолдауды іске асыру үшін жыл сайын жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қалыптастырылады. Жоспар және тиісті бекітулер бекітілген соң, мемлекеттік органдар тиісті жұмыстарды жүргізеді», - деп түсіндірді министрлік.
Сондай-ақ, қазақстандықтар экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі және мемлекеттік қызметтегі еңбек жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
Ал еңбек адамының беделін арттыру мақсатында «Еңбек ардагері» медалі мен «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары ерекшелік белгісі бекітілген. «Еңбек Ері» - Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі. Ал «Еңбек ардагері» медалімен зейнет жасына толған (салаға байланысты емес), жалпы жұмыс өтілі 40 жылдан асатын, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер марапатталады.
Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың басқа да ведомстволық наградалары – медальдар мен төсбелгілер көзделген. Денсаулық сақтау саласында «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері, сондай-ақ халықтың денсаулығын қорғау ісіне ерекше үлес қосқан өзге де адамдар марапатталады.
Мұнай-газ саласында мұнай-газ өндірісінің тиімділігін, шығарылатын өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оны әлемдік нарықта дамытуға және өнімнің жаңа түрлерін жасауға үлкен үлес қосқан жоғары кәсіби қызметкерлер «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталады.