8.04.2019, 18:29
Оқылды: 61

Жұмыстасын өлтірген полицей 13 жылға сотталды

Ақжайық ауданы Чапаев ауылындағы аудандық ішкі істер бөлімінің аумағында орын алған қанды оқиғаға байланысты сот үкімі шықты.

Sud serzhanta

Оқиға өткен жылдың қыркүйек айында орын алған еді. ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының Ақжайық аудандық 2-батальонының қызметкері, полиция сержанты Серік Ғариф табельдік қаруынан осы батальонның взвод командиріне бірнеше рет оқ атқан. Соның салдарынан взвод командирі Рүстем Рақышев оқиға орнында қаза тапқан болатын.

Судья Бақыт Ермахановтың мәлімдеуінше, Серік Ғариф ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды. Ол 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару мекемесінде өтеуге сотталды. Сонымен қатар айыпталушы сержант шенінен айырылып, жәбірленушілердің пайдасына 2,7 миллионнан астам теңге материалдық және төрт миллион теңге моральдық шығын өндіретін болады. Сот барысында белгілі болғандай, С.Ғариф қызмет бабында өзінің тарапына айтылған сын-ескертпелерді көтере алмай, ашу-ызаға берілгеннің кесірінен барған.

Сондай-ақ судья Б.Ермаханов Ақжайық аудандық полиция бөлімінде орын алған кемшіліктерді атап көрсетіп, оны тексеру жөнінде БҚО прокуратурасы атына жеке қаулы шығарды. Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале