Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ашылған жүн өңдеу цехына жаңа жабдықтар сатып алынды. Тайпақ ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен басыбайлы ғимарат та бөлінген. Онда жүн өңдеушілердің алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасалған. Енді цехтағылар ұлттық қолөнерді жаңғыртып, жүннен киіз басуға қам жасауда.

«Айту-Ай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің цехында сапалы жамылғы және қонақ көрпелер жасалады, ескі көрпе жаңартылады, киіз бұйымдары шығарылады. Өнім өндірушілер жүн өңдеуде заманға сай жабдықтар мен технологияларға иек артуда. Бұл да өз кезегінде өнім түрлерінің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мұнда алдымен қой жүні арнайы жабдықтардың көмегімен қоқыстан, ошағаннан тазартылады. Содан кейін кір жуғыш дезинфекциялық сұйықтықтар құйылып, жуылады. Бұл күндері облыс орталығының өзінде жүн жуу қызметін көрсететін кәсіпорын атымен жоқ. Осындай тазалық үрдістерінен кейін жүннен шуаш иісі шықпайды. Әрі қалпына келтірілген ескі жамылғыңыздың өзі жұп-жұмсақ, жеп-жеңіл болып қолыңызға тиеді.

– Негізгі өнімдеріміз – тұтынушылардың тапсырыстарына қарай түрлі пішін, өлшемдегі көрпелер. Одан басқа киізден жасалған аяқ киімдерді (үйде киілетін сүйретпе, тәпішке, байпақ, ұлтарақ), түрлі пішіндегі сөмкелерді, ұлттық кәдесыйларды және моншаға арналған бас киімдер жасаймыз, – дейді аталған жеке кәсіпкерліктің қызметкері Жанна Бақаева.

Өндіріс цехында болғанымызда, шеберлердің жүннен тәпішке қалай жасайтынын көрдік. «Алдымен қой жүнін жабдықтардың көмегімен тазартып, жуамыз. Содан кейін кептіріп алып, түтеміз. Көбіне меринос жүнін қолданамыз. Оның жүні жақсы нығыздалады», – деді жүн өңдеуші қызметкер Әлия Жексенғалиқызы. Оның айтуынша, жүн келешек аяқ киімнің пішініне қарай қабаттап төселеді. Дайындалған жүнді жылы, сабынды сумен сулай отырып, қолмен ысқылап, нығыздап басады. Осылайша жүн талшықтары бір-бірімен бірігіп, домалақтанып, киізденеді. Киіздене бастаған кезде қажетті қалыпқа кигізіп, қолмен әрі қарай өңдеп, аяқ киім пішініне келтіреді. Дайын болған аяқ киімді жуып, кептіреді. Сүйретпенің, байпақтың төзімділігін арттыру үшін табанына экотеріден жасалған табан тігіледі.

– Халқымыз «Тоғыз қабат торқадан тоқтының терісі артық» деген нақылды тегін айтпаса керек. Жеңіл әрі жұмсақ және ағзаңыз тыныстай алатын, жылуды жақсы сақтайтын теріден және жүннен жасалған бұйымдардың жөні бөлек. Солардан дайындалған сүйретпе, байпақтың денсаулыққа пайдасы көп. Қой жүні буын ауруларына ем дейді ғой білетіндер. Біздің аяқ киімдер Италия, Германия, Англия сынды өркениетті елдерде үлкен сұранысқа ие. Сол елдердегі таныстарымыз сатып алып, қайыра сұрап жатады. Екі-үш жыл бұрын Жапониядан мамандар келіп, жүн өңдеу ісіне оң бағаларын берді. Былтыр Қытайдың Хоргос қаласында өткен бизнес-форумға облыс атынан Ақжайық аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, осы кәсіпорынның құрылтайшысы Ләззат Сейіткереева қатысты. Сондағы көрмеде біздің, Тайпақ қыз-келіншектерінің қолынан шыққан өнімдер жоғары бағасын алыпты. Қытайлар, жапондар табиғи өнімдерімізге қызығады. Өнімдеріміз Орал қаласындағы «Орал парк» сауда үйінде, «Дәстүр» қолөнер шеберханасы дүкенінде сатылады, – дейді Жанна Бақаева.
Жанна соңғы кезде жеңіл киізге сұраныс барын айтады. Әсіресе құдалыққа баратындар және қыз ұзататындар сұрап жатады. Киізді заманауи стильде, жұқа кілем тәріздес етіп жасап, әдемі өрнектермен бедерлеп баспақ. Бұрынғының қалың әрі ауыр киізі келмеске кеткелі қашан?.. Бала кезімізде әр үйден табылатын киізді шаң жинайды, тазалау қиын деп күресінге лақтырдық. Әйтеуір, қағынан жеріген құландай болдық қой. Оның орнына жылуы жоқ синтетикалық кілемдерге бауыр бастық. Бірақ та соңғы жылдары денсаулық сақтау мамандары киіздің зиянынан көрі пайдасы мол екенін айта бастады. Сөйтсек, киіз ауадағы шаң-тозаңды өзіне сіңіріп алып, астына жинайды екен. Ал синтетикалық төсеніштер бөлмедегі шаңды бойына сіңірмейді. Содан жиналған шаңмен тыныстап, аллергиялық ауруларды асқындырамыз.

«Айту-Ай» өндірістік кооперативінің иесі Ләззат Сейіткереева «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5%-бен 20 млн теңге несие алды. Ол қаржыға Ресейдің Новотроицк қаласынан қажетті құрал-жабдық сатып әкелді. Оның ішінде жүн тазартатын құрылғы, екі дана жартылай аутоматты өнеркәсіптік жүн жуу машинасы бар. Сондай-ақ жабысып қалған жүн талшықтарын жіпсітетін кескіш қондырғы, жүн түтетін және киіз басу жабдықтары алынған. Жүннен жасалған кей өнімдерге сәндік өрнектер кестелейтін арнайы компьютері бар станок пен цех тұр. Бұл жабдықтарды басқаратын мамандарды оқыту жоспарлануда. Алдағы уақытта осы құралдардың көмегімен өнімдердің жаңа түрлерін ұсынуға, киіз басып, тігісі жоқ кәжекей, кеудешелер шығаруға асық.
– Бұрын қыздар жүнді қолмен жуатын. Енді жүн жартылай аутоматты жуғыш машинада жуылады. Жуатын суға кір ағартқыш сұйықтық пен кір жуғыш ұнтақ қосамыз. Бірақ жуылған жүнді әлі де қолмен сығамыз. Дегенмен жаңа жабдықтар жұмысшылардың жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетті, – дейді Жанна Бақаева.
Өндірістік цехта жеті адам жұмыс істейді. Олардың бесеуі «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналасқан. Ауылдағы тұрақты жұмысы жоқ әйелдерге жүн өңдеу кәсібі табыс көзіне айналған. Олар цех жұмысын алға бастыруға ынталы. Ауылда қой мен қозының жүні, күзем, жабағы да табылады. Жабдықтар толықтай іске қосылып, шағын цехтың іші тынымсыз еңбек әуеніне бөленетін кез алыс емес.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»,
Ақжайық ауданы