1.04.2025, 10:00
Оқылды: 228

«Жүрек кешіккенді кешірмейді»

«Елдің ертеңі» – біздің жасөспірімдерге арналған жаңа жобамыз. Бұл арнайы бетте негізінен қатарының алды болып жүрген жеткіншектер өзінің құрбы-құрдастарына үлгі-өнеге ретінде насихатталады.

IMG_0051

Ғылым әлеміне қадам басқан әрбір өнертапқыштың артында терең ізденіс, үздіксіз еңбек пен жүрекке жақын бір себеп жатады. Біреуді жеке басындағы  оқиға жетелесе, енді біреуді қоғамдағы өзекті мәселе толғандырады. Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Әміржан Бауыржан осындай жауапкершілікті ерте сезінген жас дарындардың қатарынан.

«Біз үнемі бәріне үлгереміз деп ойлаймыз. Бірақ жүрек кешіккенді кешірмейді», – дейді ол. Шынында да, жүрек-қан тамырлары аурулары – әлемдегі ең көп таралған дерттердің бірі. Дер кезінде тексерілмесе, соңы қайғылы  жағдайға ұласуы мүмкін. Әміржанның айтуынша, жүрек ауруларына байланысты статистика таңғаларлық, қазірдің өзінде мыңдаған адамның өмірі осы аурулардың салдарынан қиылып жатыр. Жас ғалым осы мәселенің шешімін іздеп, портативті  ЭКГ (электрокардиография –  жүректің электрлік белсенділігін тіркеп, оны графикалық түрде көрсететін зерттеу әдісі) құрылғысын жасап шығарған. Ол дәстүрлі кардиографтар секілді үлкен емес, кез келген адам өзімен бірге алып жүре алатындай ықшам. Құрылғы Arduino платформасында (ашық бастапқы кодты электронды құрылғыларды жасауға арналған микроконтроллер негізіндегі платформа) жұмыс істейді. Ол жүректің электр белсенділігін тіркеп, деректерді экранда көрсетеді. Сонымен қатар құрылғыда дабыл беру жүйесі бар – егер жүрек ырғағында ауытқу байқалса, ескерту жібереді. Алдағы уақытта Әміржан оған жасанды интеллект қосып, құрылғыны диагноз қоя алатын деңгейге дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.

– Қазіргі кездегі ЭКГ құрылғылары әдетте өте үлкен және қолайсыз болып келеді. Ал менің құрылғым әлдеқайда ыңғайлы, жеңіл әрі портативті. Оны кез келген жерге алып жүріп, жүректің жағдайын қадағалап, кез келген уақытта қолдануға болады. Құрылғы негізінен Arduino платформасы арқылы жасалған. Бұл – микробақылаушы жүйе, онда көптеген датчик пен моторлар бар. Жұмыс істеу қағидасы да өте қарапайым әрі тиімді. Құрылғының ең маңызды бөлігі – микро­қадағалаушы (микроконтроллер). Ол ағзадан алынған мәліметтерді өңдеп, сараптап, біздің денсаулығымыз туралы көп ақпарат береді. Бұл үдеріс өте жылдам және дәл. Арнайы ЭКГ модулі денеге бекітіліп, жүректің электр белсенділігін өлшеп, ақпаратты микроқадағалаушыға жібереді. Құрылғының дисплей, зумер және басқару панелі сияқты қосымша элементтері бар. Зумер жүректің белсенділігін тексергенде дыбыс шығаруға мүмкіндік береді, бұл –  әдеттегі ауруханаларда да жиі кездесетін элемент. Мен осы құрылғыға жасанды интеллектіні қосу арқылы оның мүмкіндіктерін кеңейткім келеді. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізудемін. Жасанды түйсік (интеллект) арқылы біз құрылғыны әрі қарай дамытып, оның нәтижелерін тексеру үдерісін аутоматтандыра аламыз, – деп толықтырды Әміржан.

Жоба қазіргі таңда табысты іске асырылып, құрылғының жеке сайты жұмыс істеп тұр. Ал жақында оған мобильді қосымша да қосылмақ. Әміржанның айтуынша, бұл ой 2024 жылдың басында пайда болған. Ол ұзақ уақыт бойы өз бетінше зерттеу жасап, кәсіби мамандардан кеңес алып, нәтижесінде құрылғыны әзірлеуге кіріскен. Қазіргі таңда жас өнертапқыш «Infomatrix Asia» халықаралық байқауына  қатысуға  дайындалуда.

– Алғашында ойымда жай ғана концепция болатын. Бірақ мен оны жүзеге асыруға бел будым. Ойымды жетекшім Медет Есейұлына айтқанымда, ол бірден қолдау білдірді. Мен жобамды Назарбаев зияткерлік мектебінің «NIS Engineering» зертханасында жасадым. Бұл – нағыз шығармашылық кеңістік, ойыңды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін орын. Тәжірибе жасап, қателесіп, қайта түзетіп, ақыры құрылғымның алғашқы прототипін құрастырдым. Шынын айтсам, бұл жұмыс маған аса қиын болған жоқ. Өйткені ең бастысы – мақсат. Егер көздеген межең айқын болса, қандай қиындыққа да дайынсың. Мен бұған дейін де Arduino платформасында түрлі шағын жобалар жасағанмын. Соңғы жұмысым – көлікке жақындаған бөгетті анықтап, жүргізушіге белгі беретін құрылғы. Бірақ бұл жолғы жобам мүлде басқа деңгейде. Болашақта инженерлік салада жұмыс істегім келеді. Себебі маған техникалық шешімдер  ойлап тауып, сол әдістәсілдерді, теориялық технологияларды шынайы құрылғыға айналдыру қатты ұнайды. Бұл сала – менің қызығушылығым ғана емес, өмірлік бағытым, – деді жас ғалым.

Кім біледі, мүмкін бір күні бұл құрылғы мыңдаған адамның өмірін сақтап қалар. Өйткені ғылым тек зерттеу ғана емес, ол жүрекпен сезінуді де талап етеді. Жарық, заманауи және қажетті құралдармен толық жабдықталған зертханада байыпты дауыспен әңгімесін баяндаған 15 жастағы Әміржанның көзіндегі жалын мен даусындағы сенім – оның болашақта біраз жаңалық ашарына дәлел.

«NIS Engineering» деп аталатын зертхана 2023-2024 оқу жылында ашылғаннан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді екен. Қазіргі таңда мұнда ғылыми-техниканың түрлі бағыттары бойынша зерттеулер жүргізіліп, оқушылар өз жобаларын жүзеге асыруда. Біз мұнда зертхананың жетекшісі Медет Бисекеновті де (суретте) жолықтырып, ағаймен аз-кем тілдестік.

IMG_0053

– Өзім – физика және информатика пәндерінің мұғалімімін. Бұл жер – оқушылар үшін үлкен мүмкіндік алаңы. Сабақтан тыс уақытта олар осында келіп, өз идеяларын жүзеге асырады, түрлі құрылғылар құрастырып, техника мен ғылымның қыр-сырын меңгере түседі. Зертханада суды тазарту, ғарыштық технологиялар, баламалы қуат көзі (энергетика), әскери қорғаныс салалары, ауыл шаруашылығы өндірісі секілді маңызды бағыттарда зерттеу жүргізіледі. Оқушылар өздерінің стартап жобаларын әзірлеп, байқауларға қатысып, нәтижелерге қол жеткізуде. Қазіргі таңда зертханада ресми түрде тіркелген 40 оқушы бар. Бірақ қызығушылардың қатары күн санап артып келеді. Себебі бұл жерде оқушылар тек теориялық білімін тәжірибе жүзінде сынап қана қоймай, өз жобалары арқылы қаржылық қолдау алу мүмкіндігіне де ие. Жақында шәкірттерім «Шапағат» байқауына қатысып, 2 миллион теңге  ақшалай жүлде жеңіп алды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар  «Caspian Startup» халықаралық байқауында Ақтау университетінің оқу гранттарын иеленді. Қаржылай 125 000 теңге  көлеміндегі сыйақыға ие  болды. Бұған қоса, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқу грантын жеңіп алған оқушыларымыз да бар. Зертхана шәкірттерінің жетістіктері ерекше назар аударуға тұрарлық. 12-сынып оқушысы Махамбет жасанды түйсік (интеллект) көмегімен қоқысты өздігінен сұрыптайтын «Ақылды қоқыс тазалау қондырғысын» жасап шығарды. Бұл құрылғы оған республикалық және халықаралық байқауларда  жүлде әперді. Соның нәтижесінде ол Қытайдың Гонконг қаласындағы университетке оқуға мүм­кіндік алды. Сонымен қатар Айымжан суды тазалау технологиясын зерттеуде, ал Еламан суды үнемдеу технологиясын ұсынуда. Айша – республикалық «Ұлы өнертапқышқа алғашқы қадам» байқауының жеңімпазы. Ол ғарыш кеңістігінде ауа мен суды өндірудің балама жолын ұсынып, оның техникалық жобасын жасап шығарды. Тайыр мен Нұрымхан ауадан су алатын қондырғы жасап, бірнеше республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанды. Осындай жас таланттардың өсіп келе жатқаны – біз үшін үлкен қуаныш. Олар – еліміздің болашақ инженерлері, ғалымдары. Біздің басты міндетіміз – олардың ғылыми әлеуетін арттырып, дұрыс жол көрсету, – дейді Медет Бисекенов.

Зертханада оқушылардың емін-еркін жұмыстануына  барлық жағдай жасалған. Олардың жобаларын жүзеге асыру үшін лазерлік кескіш қондырғылар, 3D принтерлер, ноутбуктер, роботтық жинақтар (Arduino, Raspberry Pi) сияқты заманауи техникалармен жабдықталған. Raspberry Pi құрылғылары жобаларды жасанды түйсікпен байланыстыруға мүмкіндік береді. «Біз оқушылардың идеяларын қолдап, бағыт-бағдар береміз. «Бұлақ көрсең, көзін аш!» демекші, олар өз ойларымен келеді, біз сол ойды жетілдіруге көмектесеміз. Мақсатымыз – ғылымға қызығатын жастардың жаңа буынын қалыптастыру», – дейді зертхана жетекшісі. Бұл зертхана – тек білім ошағы емес, нағыз ғылыми жаңалықтардың дүниеге келетін орны. Мұнда оқушылар болашақ инженерлер мен өнертапқыштар ретінде қалыптасып, еліміздің технологиялық дамуына  үлес  қосып  келеді.

– Әміржан өз идеясын алғаш айтып келгенде, оның көзі жанып тұрды. Ол жай қызығып қана қойған жоқ, осы жобаны жүзеге асыруға бел буғаны көрініп тұрды. Жетекші ретінде менің міндетім – оның ізденісін қолдап, дұрыс бағыт-бағдар беру. Біз зертханада көп еңбектендік, тәжірибе жасадық, талай нәрсені қайта қарадық. Бірақ ең бастысы – ол ешқашан шаршап, мойыған емес. Нағыз инженер деген дәл осындай, яғни қажырлы болуы керек, – деп Медет Есейұлы шәкіртінің еңбегін ерекше атап өтті.

Оның сөзінен тек бір шәкіртіне ғана емес, жалпы жастарға деген сенімі анық сезілді. Қазіргі заманғы озық технология дәуірінде инженерлік жаңалықтар адам өмірін өзгертіп қана қоймай, оны жақсартуға, сақтауға ықпал етуде. Ғылым жолына түскен әрбір жеткіншек – болашақтың сәулетшісі. Олардың идеялары бүгінгі зертханаларда басталып, ертең бүкіл­әлемдік ауқымда жаппай қолданылуы әбден мүмкін.

Аружан Болатбекқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале