М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде ұзақ жыл бойы осы оқу ордасының тарих факультетінде абыройлы қызмет атқарған білікті басшы, оқу үдерісінің майталманы, тарихшы-ұстаз Амантұрлы Сүлейменовке арналған «Жүректе қалған жарқын бейне» атты естелік жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақтың құрастырушысы – тарихшының сүйген жары, философия ғылымдарының кандидаты Айжан Есентаева.

Таяуда М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде ұзақ жыл бойы осы оқу ордасының тарих факультетінде абыройлы қызмет атқарған білікті басшы, оқу үдерісінің майталманы, тарихшы-ұстаз Амантұрлы Сүлейменовке арналған «Жүректе қалған жарқын бейне» атты естелік жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақтың құрастырушысы – тарихшының сүйген жары, философия ғылымдарының кандидаты Айжан Есентаева.
Тағылымды іс-шараға университет ректоратының өкілдері, марқұмның ұстаздары мен әріптестері, замандас достары, басқарма басшылары мен орынбасарлары, аудан әкімдері, туған ауылынан арнайы келген жерлестері, группаластары, облыстың түкпір-түкпірінен жиналған шәкірттері мен жақын-жуықтары қатысты. Естелік жинақтың лентасын профессор, академик Тұяқбай Рысбеков пен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Хамида Қожабергенова қиды.

Амантұрлы Аманқосұлы 1958 жылы Қаратөбе ауданының Саралжын ауылында дүниеге келген. 1975 жылы орта мектепті бітіріп, 1977 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тарих және педагогика факультетіне оқуға түседі. 1982 жылы оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, еңбек жолын мектеп мұғалімі ретінде бастайды. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ол мектеп директоры қызметіне дейін көтеріліп, кейін «Білім» қоғамдық басқару ұйымында жұмыс істеді. 1992 жылдан бастап жоғары оқу орнында жаңа және қазіргі заман тарихынан дәріс оқып, білікті оқытушы, тәжірибелі ұйымдастырушы ретінде танылды.
Оқу үдерісіндегі нәтижелі еңбегі үшін тарих факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл қызметте ол талапшыл да әділ басшы ретінде құрметке ие болды. Студенттермен етене жақын қарым-қатынас орнатып, тәрбиелік мәні зор іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті. 2000 жылдары тарих және құқық факультетінің дамуына, материалдық-техникалық әлеуетті нығайтуға, жаңа мамандықтардың ашылуына сүбелі үлес қосты. 2005-2007 жылдары университет жанындағы колледжді басқарды. 2023 жылы мәңгілік мекеніне аттанды.
– Естелік жинақ – қаламыздағы «Шұғыла принт» баспасынан жарық көрген, 351 беттен тұратын сүбелі еңбек. Кітап «Ғалымның хаты қалады», «Жақсының аты қалады», «Ұстаз шәкіртімен көркем», «Орнында бар оңалар» атты төрт мазмұнды бөлімге топтастырылған. Жинақта марқұмның
әріптестері мен замандастарының, ауылдастарының, жақын достары мен шәкірттерінің, ел ағалары мен отбасы мүшелерінің жүрекжарды естеліктері қамтылған. Ұзын саны 45 естелік бір арнаға тоғысып, бір тұлғаның ғибратты ғұмырын жан-жақты ашады. Айта кетерлігі, еңбек қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көріп отыр. Бұл – ұстаз мұрасын тек жергілікті оқырманға емес, кең ауқымды халықаралық аудиторияға танытуды мақсат еткен маңызды қадам, – деді іс-шараны ұйымдастырушы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.

Айта кету керек, жиынға Қаратөбе ауданының атқамінер азаматтары да арнайы қатысып, ел үшін еңбек еткен арда тұлғаға деген құрметтің жоғары екенін көрсетті. Бұл – Амантұрлы Аманқосұлының туған жермен байланысы үзілмегенін, ел жадындағы орны айрықша екенін аңғартты.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»