25.06.2017, 18:12
Оқылды: 67

Журналистер бақ сынады

IMG-20170625-WA0018-1   Деркөл шағын ауданындағы «Орал» спорт кешенінде ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай  журналистер арасында спартакиада өтті.

         Спорттық шараның ашылу салтанатында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұхамбетов, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, «Қазақстан - Орал» телеарна директорының орынбасары Клара Қамбетова сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Спартакиада аясында шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, дойбы, арқан тарту, көңілді сөре секілді спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

      Жарысқа «Жайық  Пресс», «Қазақстан - Орал», «ТДК 42», облыстық радио, баспасөз хатшылары, «Мой город» құрамалары  мен  «КТК», «Хабар», «24 КZ» «Астана», «Пульс города», «Жайық үні», «Ел және мұғалім» телеарналары мен газеттерінің біріккен тобы бақ сынады. Спорттық байқаудың көркін ерлер арасында өткен шағын футбол сайысы қыздырды. Салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық ақпаратты ғана емес бұқаралық спортты да қатар алып жүргендерін анық аңғартқан журналистер теңбіл допты торға тоғытудан бір-бірінен кем түспеді. Десе де, бағы мен бабы қатар шапқан «Қазақстан- Орал» телеарнасының  құрамасы тұғыр биігінен көрінді. Ал волейболдан «Жайық Пресс» құрамасы ешкімге дес бермей, I орынды иеленді. Үстел теннисінен ұлдар арасында «Ел және мұғалім» газетінің бас редакторы Жанбол Ғалиев, ал қыздар арасында «Жайық Пресс»  медиахолдингінің қызметкері  Данагүл Шарапиева жеңіс тұғырынан көрінді. «Арқан тарту» бәсекесінде білегімен бес атанды сүйрейтіндей күш жиған «Қазақстан - Орал» телеарнасының құрамасы  үздік деп танылды.  Ал шаршы тақтадағы дойбы ойынының тартысты бәсекесінде қыздардан «Қазақстан -Орал» телеарнасының қызметкері Жамал Қадырова, ұлдардан «Ел және мұғалім» газетінің бас редакторы Жанбол Ғалиев екінші мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. «Көңілді сөре» жарысынан «Қазақстан - Орал» телеарна  құрамасының жастары алдына жан салмады. Жалпы командалық есепте I орынды «Қазақстан-Орал» телеарнасы жеңіп алса, «Жайық Пресс» құрамасы II орынды қанжығалады. III орынды баспасөз хатшылары місе тұтты.

   Жарыс жеңімпаздары қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің  диплом, медальдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

                                                                 Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале