6.05.2022, 13:00
Оқылды: 120

Журналистерден сұрақ жауған күн

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиев БАҚ өкілдерімен кездесті. Емін-еркін сұрақ-жауап алмасу түрінде өткен кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары мен қала басшысы қатысты.

WhatsApp Image 2022-05-05 at 16.54.14

Өңір басшысына «Ақжайық» телеарнасының редакторы Динара Есентаева сайын далада киік санының көбейіп кеткеніне байланысты шаруалар наразылығы толастамай отырғанын айта келіп, ақбөкендерді сақтап қалу үшін табиғи резерват құру мәселесі қашан шешілетінін сұрады.

«Киік саны жылдан-жылға 1,5 есе көбейіп келеді. Шаруалардың киіктің көбеюіне не себепті табанды түрде қарсылық білдіріп келе жатқанын түсінемін. Екі апта бұрын өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың алдында табиғи резерват құру мәселесін көтердік. Үкімет басшысы сол кезде Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасарына бір ай мерзім ішінде ақбөкендерді қорғауға байланысты нақты іс-шаралар жобасын ұсынуды тапсырды. Меніңше, арнайы жұмыс тобы құрылып, жан-жақты зерттеу жұмысы жүргізілгесін ғана Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі нақты шешім қабылдайды. Табиғи резерват құру арқылы да түйткілдің шешімін түбегейлі түрде табу мүмкін емес. Былтыр резерват құру жоспарланған жерден ұңғымалар қазып, жануарларға арналған су көзін таба алмадық. Әрине, Үкімет қаулысы шыққасын, тиісті қаражат бөлініп, резерват құрылатыны анық. Ондай жағдайда киіктерді қорғайтын инспекторлар саны көбейеді, арнайы техникалар да сатып алынады», –  деді Ғали Есқалиев.

08

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы тілшісі Ғайсағали Сейтақ Бөкей ордасы хандығының 225 жылдығына байланысты өтетін дайындық іс-шаралары жөнінде сұрады.

14

Журналист сұрағына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жауап берді. «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік жобасы аясында Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этно­гра­фиялық музей-қорығында визит-орталық пен әкімшілік ғимарат құрылысы басталады. Әкімшілік ғимарат күнделікті  тұрмыстық-шаруашылық және ұйымдастыру іс-шараларын қолға алу мақсатында салынады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жоспарына облыс әкімдігі Хан ордасы ауылындағы тарихи нысандарды қайта қалпына келтіру және жаңғырту жұмысын енгізуді ұсынды. Қаламыздағы көне ғимараттарды қоса алғанда, осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін 1 миллиард теңгеден астам қаражат қажет. Хан ордасы ауылы жанындағы қорымда жерленген тарихи тұлғалардың кесенесін де қалпына келтіру жоспарда бар. Бөкей хандығының 225 жылдығына байланысты халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі», – деді Бақытжан Нарымбетов.

Үш сағат уақыт ішінде облыс әкіміне түрлі сала бойынша журналистер 70-ке жуық сұрақ қойды. Ғали Есқалиев олардың сұрағына тәптіштей жауап беріп, кейбір ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті құрылымдарға тапсырма беретінін айтты. БАҚ өкілдері кейінгі уақытта өңір басшысына көпшілік жиі сын айтатынын тілге тиек етіп, соған байланысты өз имиджін сақтау мақсатында қандай амалдарға барып жатқаны туралы да ашық сұрады. Облыс әкімі әлеуметтік желілерде белсенділікті арттыруға мүдделі екенін, WhatsApp желісі арқылы келіп түскен өзекті сауалдарға өзі жауап беріп отыратынын, аудан-ауылдарды аралап, тұрғындармен ашық кездесу өткізіп жүргенін әңгімеледі. Кездесу соңында БАҚ өкілдері облыс әкімімен бірге ағаш отырғызу шарасына қатысты.

Нұрлыбек Рахман, «SARAPSHY.INFO» порталы:

09

–Орал бұрын жасыл желекті қала болды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары Зашаған кентінің Мұрат Мөңкеұлы көшесі  мен «Бірлік» шағынауданы түгел тоғай орнына салынды. Трасса бойындағы ағаштар оталып, үйлер салынуда. Бірақ оның орнына отырғызылған тал-терек өсе қоймады. Қазіргі уақытта Басқақ тоғайдың тағдыры алаңдатады. Осы тоғай орман қорына алына ма, жекеменшікке беріле ме, әлде ол жерге үйлер салына ма? Тағы бір сұрағым, қала маңынан «Ақжайық» шағынауданы салынатынын естіген көпшілік ауқымды жобадан көп үміт күтті. Бірақ шағынаудан құрылысы тоқырап, ол жердегі инфрақұрылым нысандары тоналып жатыр. Осы жоба туралы нақты ақпарат берсеңіз.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

– Басқақ тоғайына қатысты әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Бірақ бұл тоғай мемлекет меншігі болып қалады. Ол жерге көпшілік демалатын нысандар салуға ғана рұқсат етілуі мүмкін. Ну жыныс, жасыл желек жайқалған жерге ешкім қол сұқпайды. Бірақ тоғайдың ішіндегі терек өспеген тұстарына саябақ салған дұрыс. Өз басым, теректі отап, үй салуға қарсымын. Ал «Ақжайық» шағынауданына биыл инвестор үй салуға кіріседі. Оған қоса бюджет есебінен тағы екі үйдің құрылысы жүргізіледі.

Айдос Әжікенов, «ТДК-42» телеарнасы:

Айдос

– Мамыр-маусым айларында мектеп түлектеріне арналған ҰБТ Орал қаласында өтеді. Оған Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарының тұрғындары наразы. Ата-аналар баласының жолақысына және тамақтануына едәуір шығынданады екен. Сол себепті тестілеуді бұрынғыдай аудан орталықтарында өткізуді сұрайды. Тұрғындардың осы талабы неге орындалмай келеді?

Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің орынбасары:

10

– Кейінгі жылдары ҰБТ-ны ұйымдастыру аутсорсинг жолымен «Юстади» компаниясына жүктелген. Сондықтан түлектер Орал және Ақсай қалаларында талапқа сай құрылғылармен жабдықталған орталықтарда тестілеуден өтуі тиіс. Түлектердің жол шығынын өтеу, негізінен, әр ата-ананың міндеті. Бірақ әкімдік тарапынан ата-аналарға қандай да бір көмек қажет болса, бұл бағытта ұйымдастыруды қолға аламыз.

Наталья Портнягина, «Казахстанская правда» газеті:

– Оңтүстік аудандарды қамту үшін Ресей Федерациясынан су сатып алу мәселесі уақтылы шешіле ме? Былтыр құрғақшылық болуына байланысты екі ауданда қиын жағдай қалыптасқаны белгілі.

 Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

– Казталов пен Жаңақала аудандарындағы су тапшылығы мәселесін шештік. Кеңестік кезеңдегі архив құжаттарын зерттей отырып, кем дегенде, 181 миллион текше метр су Ресей аумағынан жіберіліп отырғанын анықтадық. Сондықтан салалық министрліктен қосымша қаражат сұратуға құжат бойынша нақты негіздеме табылды. Биыл су тасқыны кезеңінде жауын-шашын мен қар суының мол болуы арқасында сай-сала мен өзендер арнасы толықты. Қараөзен мен Сарыөзенге алдағы уақытта қосымша су жіберілетін болады. Сондықтан оңтүстік аудандардың су тапшылығына алаңдауына негіз жоқ.

Оксана Накумова, «Надежда» газеті:

– Қазіргі уақытта жекешелендірудің екінші толқыны басталды. Биыл жыл соңына дейін «Жайықжылуқуат» АҚ сенімгерлік басқаруға өтеді. Келесі жылы «Батыс Су Арнасы» мен «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС-лары кезекте тұр. Соңғы екі кәсіпорынды сенімгерлік басқаруға беру нәтижелі бола қоймағаны белгілі. Екеуі де қордаланған қарыз портфелімен коммуналдық меншікке өтті және оларды бюджет есебінен оңалтуға тура келді. Бұл қарекет оларды қайтадан құрдымға жіберу болып есептелмей  ме?

 Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

– 2025 жылға дейін монополия субъектілерін жекешелендіру жоспарына сай, тіпті, аудандардағы коммуналдық кәсіпорындарды да сенімгерлік басқаруға беру қарастырылған еді. Еліміздегі жекешелендіру жоспарын Президент қайта қарастыруды тапсырған соң, аудандардағы коммуналдық-шаруашылық кәсіпорындар бұрынғысынша қызмет ете береді деп шештік. Ал қаладағы  монополия субъектілерін сенімгерлік басқаруға беру мәселесін мәслихат депутаттары, сала мамандары және бизнес иелерімен тағы талқылаймыз. Менің ойымша, мемлекет әрдайым мықты басқарушы бола бермейді. Кәсіпорындарды жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру әлдеқайда  пайда алып келуі мүмкін. «Батыссуарнасы» мен «Батыс Қазақстан АЭЖК» кәсіпорындарына қатысты бұрынғы келісімшарттардағы талаптардың тиімсіз екеніне көз жеткізгесін, мемлекет меншігіне қайтаруды ұйғардық. Сенімгерлік басқаруға алған компанияларға ешқандай жауапкершілік жүктелмеген, құжат жүзінде міндеттемелері айқын көрсетілмеген. Сондықтан шығынға батқан кәсіпорындарды өрге сүйреу үшін жақсы инвесторлар табуға тиіспіз. Әрине, келісімшарттар аясында оларға жұмысшылар құрамын сақтау, тариф бағасын өсірмеу секілді қатаң талаптар қойылады.

Ардақ Мұратқызы, «Qazaqstan» телеарнасы:

Ардақ

– Бірнеше ай бұрын «Азық-түлік бағасы төмендейді, оның ішінде жергілікті жылыжай комбинаттарының арқасында қияр мен қызанақ келісіне 350-400 теңгеден сатылады» деген едіңіздер. Бірақ осы комбинаттардың маусымаралық кезде бағаны ұстап тұруға ешқандай ықпалы болмады. Жуырда ауылшаруашылық басқармасының өкілі де жергілікті кәсіпорындар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерімен облысты толық қамтып отырғанын, оның ішінде қызанақ бар екенін айтты. Менің білуімше, облыс бойынша ірілі-ұсақты 95 жылыжай бар. Бірақ аталған көкөністер бағасының төмендегенін көре алмай отырмыз.

Арман Өтеғұлов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Әр сенбі сайын жергілікті өндірушілердің өздері қияр мен қызанақты 350-400 теңгеден сатады. Бірақ жылыжай өнімдерін алдыртатын ірі сауда дүкендері көкөністерді 650-700 теңгеден саттыққа қояды. Олардан сатып алған делдалдар қияр мен қызанақ келісіне 900 теңге төңірегінде баға қоюы мүмкін. Нарық заңдылығына байланысты алыпсатарларға шара қолдана алмаймыз.

Арайлым Бекқалиева, «Приуралье» газеті:

– Жергілікті журналистер Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында салынып жатқан республикалық жол туралы бірнеше мәрте мәселе көтерді. Әлеуметтік желілерде де сын-ескертпелер сан мәрте жазылып жатыр. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде бұл мәселе көтерілгеннен кейін ғана сең қозғалды. Құзырлы құрылымдар бұл мәселеге дер кезінде неге назар аудармады?

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

– Бұған дейін де орталық мемлекеттік құрылымдарға бұл мәселені қал-қадерімізше жеткіздік. Былтырғы жылдың аяғында республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Биыл бюджетке нақтылау жүргізіліп, қосымша қаражат қарастырылды. Аутожолдағы бір учаске бойынша әлі мердігер анықталмады. Төрт басты мердігердің бірі – жергілікті компанияның жұмыс қарқынына көңіліміз толады. Ал сырттан келген мердігерлерге сын-ескертпе айтып жүрміз. Биыл күре жолдың тағы 74 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале